Жамбыл Артықбаев, этнограф: Наурыз неге халықтық мерекеге айналмай тұр?
Наурыз – тек мереке ғана емес, ұлттың рухани болмысын айшықтайтын ерекше күн. Ол татулық пен бірлікті нығайтып, адамдар арасындағы сыйластық пен мейірімділікті арттырады.
Әсіресе жас ұрпақ үшін бұл мейрамның тәрбиелік мәні зор. Олар осы күні ата-баба дәстүрімен танысып, ұлттық мәдениеттің қадір-қасиетін тереңірек түсіне бастайды.
Көктеммен бірге келетін жаңару мен жаңғырудың символына айналған Наурыз соңғы жылдары жаңа форматта – он күндік «Наурызнама» аясында кеңінен аталып өтіп жүр. Әр күннің өзіндік мазмұны мен мәні бар, ол ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Бұл бастама мерекені тек думан деңгейінде қалдырмай, қоғамның рухани жаңғыруына ықпал етуі тиіс.
Алайда ата-бабамыз асыға күткен Ұлыстың ұлы күні бүгінде өз деңгейінде тойланып жүр ме? Бұл тарапта қандай кемшіліктер бар? Нені өзгерту қажет? Осы сауалдар төңірегінде тарихшы, этнограф Жамбыл Артықбайдың өз пайымы бар.
Орыстілді биліктің қазақ дәстүріне негилистік көзқарасы басым
Қалай десек те, Наурыз мейрамы өз деңгейінде тойланып жатқан жоқ. Неге десеңіз, қазақ қоғамы ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткізді. Бұл Қазан көтерілісі, ашаршылық жылдары, қуғын-сүргін, екінші дүниежүзілік соғыс, тың игеру, тағысын тағы. Осы ауыр жылдарда қазақтың көрген бейнеті бес ғасырға татиды. Сол аралықта біз салт-дәстүрдің көбін жоғалтып алдық. Этнографиялық дәстүрлі орта қалыптаспады. Сондықтан көп мейрамды, соның ішінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін өз деңгейінде тойлай алмай келеміз. Қоғамның беткеұстар азаматтары Наурыз мейрамын қайта жаңғырту жөнінде әртүрлі сценарий ұсынып келеді. Бұл сонау 1988 жылдан бастау алады. Сол жылы Алматыда наурыз тойы алғаш рет ресми түрде тойланды. Міне, содан бері Наурыз мейрамын күллі қазақ елі атап өтеді. Бірақ қай мейрамды да өз деңгейінде тойлау үшін халық соған алдын ала дайындалуы керек. Еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін асыға күтуі тиіс. Жалпы, Наурыз мейрамы қайдан шықты? Қыс аяқталып, күн мен түннің теңескен күні жыл басы саналады. Ерте уақытта қыстан шығу оңай болмаған. Қазір қала халқы қысты сезінбейді. Оның үстіне қыс та жылынып кеткен бүгінде. Жылы үйден шығып, жылы жұмыс орнына келе қояды. Наурыз мейрамын дұрыс тойлай алмай жүргенімізге бір себеп осы. Ең бірінші, Наурызға деген ыстық сағыныш жоқ.
Бұрын апа-әжелеріміз Наурыз мейрамына дайындықты қыс кезінен бастайтын. Еттің сүрін, тары-талқанын сақтап қоятын. Сондай көңіл күй қазір жоқ. Екіншіден, нарық заманында өмір сүретін халық алдымен күнкөріс мәселесіне қатты көңіл бөледі. Біз аштықты көрген халық ретінде әлі тойына алмай жатырмыз. Сондықтан бәрінен бұрын дастарқан мәзіретіне мән береді. Содан ба екен, қарапайым халық тарапынан бастама көп емес.
Қоғамның жағдайы осындай болса, биліктің жағдайы да көңіл көншітпейді. Орыстілді биліктің қазақ дәстүріне деген негилистік көзқарасы басым. Сондықтан билік те ештеңе жасағысы келмейді. Ал қоғам тарапынан билікке айтар базына жоқ. Алайда мемлекет жаңа үрдіс енгізіп, 14-22 наурыз аралығында тұтас халыққа болмаса да, балаларға сый-сияпат берсе, қандай ғанибет?! Қарызды кешіріп, тұрмысы жұтаң, қолы қысқа адамдарға жеңілдік жасаса жақсы болар еді. Осының салдарынан билік те, қоғам да Наурыз мейрамын өз деңгейінде қабылдамай отыр. Ол үшін ең алдымен сана өзгеруі керек. Мәселен, орталығы, дүкені бар жұрт Наурыз мейрамы қарсаңында әсемдеп, безендіріп қойса не кедергі? Қалалық, аудандық әкімдік бірдеңе істемесе, өз бетімізбен ештеңе жасамаймыз.
Бүгінгі жағдайға көз жүгіртсек, Наурыз кейде әкімшілік деңгейде ұйымдастырылатын науқандық шараға ұқсап кететіні жасырын емес. Белгіленген күні ғана өткізілетін концерттер мен көріністер мерекенің шынайы рухын толық аша алмайды. Оның үстіне, түрлі өңірлерде Наурыздың мазмұны әрқалай түсіндіріліп, этнографиялық элементтер ретсіз қолданылып жүр. Соның салдарынан мейрамның тұтастығы мен мәні әлсіреп бара жатқандай әсер қалдырады. Бұл мейрамға деген шынайы халықтық ықылас әлі де толық қалыптаспай отыр. Наурызды қарсы алуға дайындық көбіне мереке қарсаңында ғана басталып, терең мазмұннан гөрі сыртқы формамен шектеліп қалатын жағдайлар кездеседі.
Наурыз: мазмұн мен дәстүр арасындағы алшақтық
Наурыз мейрамына қатысты көптеген салт-дәстүрлер бүгінде толық орындалмай келеді. Бұл – тек мамандардың ғана емес, тұтас қоғамның ортақ мәселесі. Наурыздың мәнін ашатын көптеген көне дәстүрлер уақыт өте келе ұмыт қалып барады. Соның бірі – Көрісу күні. Бұл дәстүр тек қол алысып, құшақтасумен шектелмеген. Бұрын адамдар бір-бірімен арнайы өлеңдетіп амандасып, «Қыстан аман шықтың ба? Мал-жаның түгел ме?» деген мазмұнда тілдескен. Яғни бұл – жай амандасу емес, адамдар арасындағы шынайы жанашырлық пен бауырмалдықтың көрінісі болған.
Сондай-ақ Наурыз мерекесінің маңызды бөлігі – айтыс өнері. Қазіргі таңда телевизиялық айтыстар ұйымдастырылғанымен, олардың мазмұны бұрынғы дәстүрлі үлгілерден алшақтап кеткені байқалады. Ертеректе ақындар тек адаммен ғана емес, табиғат құбылыстарымен, жыл мезгілдерімен, тіпті төрт түлікпен де айтысқан. «Қыс пен жаздың айтысы», «өлі мен тірінің айтысы», «қыз бен жігіттің айтысы» сияқты үлгілер халықтың дүниетанымы мен философиясын терең бейнелеген. Бұл дәстүрлерді қайта жаңғырту – Наурыздың мазмұнын байыта түсудің бір жолы.
Бірнеше жылдан бері қыс пен көктемнің, жаз бен күздің айтысын ұйымдастыру туралы айтып келемін. Былайғы жұрт өз ішінде неге айтыс ұйымдастырмайды? Табалдырықтан аттаған Жылқы жылы мен тарих қойнауына еніп бара жатқан Жылан жылы болып сахнада көрініс қойса, кейінгі ұрпақ үшін қандай ғанибет?! Қазақ жыланның басына ақ құйып шығарып салған. Бұл жоралғы да ұмытылып барады.
Сонымен қатар қазақ халқының уақыт пен табиғатқа деген көзқарасы мүшелдік жүйемен тығыз байланысты болған. Жыл айналымы он екі жануармен белгіленіп, әрқайсысы белгілі бір кезеңнің символы ретінде қабылданған. Осы ұғымдарды мерекелік мәдениетте кеңінен қолдану – Наурыздың шынайы болмысын ашуға мүмкіндік береді. Мәселен, он екі мүшелдің бейнесін сахналық көріністерде, ұлттық киімдер мен маскалар арқылы көрсету – мазмұнды әрі танымдық элементтердің бірі болар еді.
Жақында Астанадағы қалалық архивтің наурыз мерекесіне қатыстым. Жыл мүшелері боп киінген жастар әдемі көрініс сыйлады. Қыс пен көктемнің айтысын көрсетті. Біреуі Жылқы жылы, енді бірі Жылан жылы болды. Өкінішке қарай, бұл жалпыхалықтық мейрамға айналмай тұр.
Наурыздың тамыры неолит дәуірінен бастау ала ма?
Наурыз мейрамының пайда болуы тым тереңде жатыр деп жиі айтып келемін. Тарихта неолит дәуірі – жаңа тас ғасыры деп аталады, ол біздің заманымызға дейінгі 7-6 мыңжылдықтарды қамтиды. Меніңше, Наурыз мейрамы дәл осы кезеңде қалыптасқан. Себебі неолит дәуірінде адамзат өмірінде түбегейлі өзгерістер орын алды: мал қолға үйретіліп, егіншілік дами бастады. Бұл – адамзат өркениетін жаңа деңгейге көтерген, табиғатты тануға жол ашқан үлкен бетбұрыс еді. Әрине, мұндай жетістіктер ұзаққа созылған палеолит дәуіріндегі дамудың заңды жалғасы екенін ескеру қажет.
Сонымен қатар діни аңыздарда Наурыз мейрамы Нұқ пайғамбармен байланыстырылады. Тарихшылар «топан су заманы» деп атайтын кезең біздің заманымызға дейінгі 12-11 мыңжылдықтарға сәйкес келеді. Бұл уақыт та неолит дәуірімен үйлесіп жатыр. Қазақтың ғұламасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Нұқ пайғамбар туралы әңгімесінде кеменің Қазығұрт тауына тоқтаған күнін ерекше атап өтеді. Ол бұл күнді қасиетті Мұхаррам айының онымен, ал жұлдыз есебі бойынша Күннің Хамал шоқжұлдызына (қазіргі Тоқты) кірген кезімен байланыстырады. Бұл кезең қазіргі күнтізбе бойынша наурыз айына сәйкес келеді.
Осыған байланысты қазақтың батыс өңірлерінде Наурыз «Амал мерекесі» деп те аталады. «Амал» атауы да сол «хамал» сөзінен шыққан. Жалпы, григориан күнтізбесі енгізілгенге дейін Еуразия халықтарының басым бөлігінде жыл басы ретінде Наурыз тойланғаны белгілі.
Қалай болғанда да, Наурыздың тамыры тым тереңде жатыр. Оны тек кейінгі кезеңдермен шектеу – адамзаттың көне тарихын, оның табиғатпен үндесіп өмір сүрген дәуірін толық мойындамаумен тең. Наурыз – бұл тек мереке ғана емес, ол адамзат өркениетінің бастауымен сабақтас рухани құндылық.
Ұлттық мереке неге «діни» деп танылды?
Кеңес дәуірінде Наурыз мерекесіне тыйым салынғаны белгілі. Кейін бұл тыйымның себебі әртүрлі түсіндіріліп келді. Наурызды діни мейрам деп көрсету – сол кезеңдегі саяси ұстанымның бір көрінісі ғана. Шын мәнінде, бұл Кеңес өкіметінің ұлттық салт-дәстүрлермен күресінің нәтижесі еді. Этнографиялық зерттеулер барысында қариялардан «1926 жылдан бастап ұлттық дәстүрлерге тыйым салынды» деген деректерді жиі еститінбіз. Соның ішінде Наурыз мерекесін атап өтуге де шектеу қойылды. Өйткені қазақтың жаңа жылын өзге жүйеге бейімдеу көзделді. Осылайша, халық ғасырлар бойы Наурызды жыл басы ретінде тойлап келсе, 1926 жылдан кейін бұл дәстүр күрт тоқтатылды. Бұл тек бір мерекенің шектелуі ғана емес, үлкенді құрметтеу, бата беру, дастарқан мәдениеті сияқты ұлттық құндылықтарға да кері әсерін тигізді.
Шын мәнінде, Наурыздың ешбір дінге қатысы жоқ. Ол – табиғат заңдылықтарына негізделген мереке. Наурыз – күн мен түн теңелетін шақ, яғни табиғаттың үйлесімі мен жаңару кезеңін білдіреді. Мұны көне заманның білімдар адамдары дәл есептеп, ерекше мән берген. Сондықтан Наурызды діни мереке ретінде емес, адамзаттың табиғатты тануынан туған рухани әрі мәдени құндылық ретінде қарастырған жөн. Тіпті ең көне діндердің бірі саналатын зороастризмнің өзі кейін пайда болғанын ескерсек, Наурыздың тарихы одан да тереңде жатқанын аңғаруға болады.
Наурызды жаңғырту – тек мерекелік шараларды көбейту емес, оның мазмұнын терең түсініп, халықтық деңгейде қабылдауға қол жеткізу. Ұмыт қалған салт-дәстүрлерді қайта тірілтіп, әрбір отбасының өміріне енгізу – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Бүгінде ұлттық бірегейлік мәселесі жиі қозғалып жүрген тұста, Наурыздың маңызы арта түседі. Себебі бұл мейрам – халықты біріктіретін, ортақ құндылықтарды жаңғыртатын қуатты құрал. Сондықтан Ұлыстың ұлы күні шынайы жалпыхалықтық сипат алып, ұлттық рухтың айқын көрінісіне айналуы тиіс.
Жазып алған
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ