Жамбыл облысында су тасқыны басталды
Жамбыл облысында Бектөбе тұрғын алқабында тұрғын үйлерді су басты.
Оқиға Әулиеата ауданына қарасты Бектөбе тұрғын алқабында болды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев оқиға орнына барып, су басқан тұрғын үйлерді аралап көрді.
“Су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою жұмыстарына 109 адам және 40-тан астам техника жұмылдырылды. Су басу қаупін азайту мақсатында құм толтырылған қаптар төселіп, шамамен 4-5 тонна инертті материал пайдаланылды. Ұзындығы 250-300 метр қорғаныс бөгеті жасалды. Сонымен қатар аулалар судан тазартылып, арық-дренаж жүйелері механикалық тәсілмен аршылды. Жұмыстар жалғасуда”, – делінген әкімдік хабарламасында.
Әкімдік мәліметінше, қалың қардың еруі мен жауын-шашын салдарынан облыс орталығындағы бірнеше жеке тұрғын үйдің ауласын су басқан.