Жаңа Қазақстанның мәтелі: Құлыбаевтан түк тартсаң да – олжа

Жақында Blomberg басылымы олигарх Тимур Құлыбаевтың Назарбаев билігі кезінде жинаған байлығын қазіргі үкімет тексергенін, тергеуге байланысты мемлекетке 1 млрд доллар төлеу туралы келіссөздер жүргізіп жатқанын жазды. Агенттіктің жазуынша, Құлыбаевтың өкілі бұл мәселеге қатысты тікелей түсініктеме беруден бас тартқан. Бірақ үкіметке берілетін ақшаны «активтерді қайтару» деп атауға қарсы болып, Құлыбаевтың төлемі өз кінәсін мойындауын білдірмейді дегенді айтқан.
Бұдан бөлек, Құлыбаевтың өкілі олигархтың Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосып жүргенін, алдағы уақытта да осыны жалғастыру үшін үкіметпен байланыс орнатып жатқанын мәлімдеген. Хабарларға қарағанда, Құлыбаев 1 млрд доллардың бір бөлігін ақшалай, қалғанын инвестиция түрінде төлейді. Ал келіссөз туралы Қазақстанның Бас прокуратурасы да процестің құпиялылығын алға тартып, бұған қатысты пікір білдіруден бас тартқан. Blomberg хабарымен қатар еліміздің бас көлік прокуратурасы Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Кипрос» ЖШС мен Joint Technologies ЖШС арқылы бақылап отырған «ТЭК-Қазақстан» компаниясынан мемлекет 54 нысанды қайтарып алғанын жариялады. Оның ішінде отын қоймалары, ғимараттар мен құрылымдар, «Қорғас» ХШЫО мүлкі, багаж терминалы және жер учаскесі бар.

Құлыбаевтың Жаңа Қазақстанмен келісімге келіп жатқаны былтыр қараша айынан бері БАҚ беттерінде жазылып жатыр. 2024 жылы кейбір Telegram-арналар Тимур Құлыбаевтың билікпен сотқа дейінгі келісім жасасқаны туралы ақпарат жариялады. Ол келісім бойынша билікке 1 млрд доллар беретін болған. Бұл ақпаратқа қатысты кейін мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов «экс-президенттің күйеу баласы мемлекетке екі есе көп, яғни екі миллиард доллар берді» деп мәлімдеді. Бірақ бұл ақпаратты да ешкім ресми түрде растаған жоқ. Бірақ Құлыбаевтың 1 млрд доллар келісіміне шетелдік БАҚ назар аударып жатқанға қарағанда бұл айтылған хабарлар расқа айналатынға ұқсайды. Себебі Қаңтар оқиғасынан кейін жаңа билік елімізде саяси һәм экономикалық ықпалы бар бірнеше адамның дүниесін тәркіледі. Оның ішінде экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды да бар. Бәлкім, өзіне де тықыр таянғанын сезген Құлыбаев Боранбаевтардың күйін кешпеу үшін байлығының бір бөлігін беруге келісімге келген де болуы мүмкін.
Олай дейтініміз – 2022 жылдан бері билік Құлыбаевтың бірнеше мүлкін алып қойды, кейбіріне миллиондаған айыппұл салды. Мысалы, былтыр қараша айында Құлыбаевтың Қазақстанның Бас прокуратурасымен соттасып жатқаны белгілі болды. Бірақ миллиардердің не үшін соттасқаны нақты айтылған жоқ. Оған дейін Тимур Құлыбаевтың компаниясына тиесілі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға қарайтын жерін мемлекет қайтарып алған болатын. Кейіннен миллиардердің компаниясы бұл іс бойынша Алматы әкімдігіне 34 миллиард теңге талап қоюды жоспарлап отырғаны мәлім болды. Бұдан бөлек, мемлекет Құлыбаевтың бірнеше мұнай компаниялары мен кәсіпорынның акцияларын мемлекет меншігіне қайтарды. Бәлкім, Құлыбаевтың Бас прокуратурамен соттасуы осы істерге байланысты болуы мүмкін.
Жаңа Қазақстан Құлыбаев арқылы имидж қалыптастырғысы келеді
Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхаммед 1 млрд долларды Құлыбаев байлығы тұрғысынан қарағанда онша көп қаржы деп есептемейді. Саясаттанушының айтуынша, 20 жылдан аса Қазақстан қазба байлығын пайдаланған Құлыбаевтың байлығының қасында 1 млрд доллар теңізден алынған тамшыдай ғана сома.

«Құлыбаевтың мүлкін тәркілеп жатқанымен оның әлі Halyk Bank сияқты қалтасын қампайтқан компаниялары жетіп жатыр. Қазір мемлекет сырттағы заңсыз активтерді қайтару мәселесін көтеріп жатыр ғой. Құлыбаевтан қаржы алу осы саясат негізінде істеліп жатқан жұмыстар деп ойлаймын. Ал енді оның қандай форматта алынатыны белгісіз. Бәлкім, соттың шешімі арқылы немесе қаржылай түрде бере ме, ол жағы алдағы уақытта белгілі бола жатар. Алайда Құлыбаевтан 1 млрд алу Ескі мен Жаңа Қазақстан арасындағы келісім болуы да мүмкін. Осындай жолмен ол тергеуден, қудаланудан сақтанғысы келеді. Құлыбаев байлығын тәркілеудің тағы да бір себебі болуы мүмкін. Мысалы, еліміз сырттан инвестиция тарту саясатын жүргізіп жатыр. Осындай кезде билік инвесторларды қорқытып, шошытып алмайық деп Қазақстанда да заң бар екенін көрсеткісі келеді, яғни Жаңа Қазақстан «заң бұзғандарды аямаймыз, Назарбаевтың күйеу баласы болса да соттаймыз» деген сынды жақсы имидж қалыптастырғысы келеді. Тоқаевтың өзі инвестор тартудың маңыздылығын айтты. Демек, жаңа имидж бастамасы Құлыбаев болуы мүмкін», – дейді саясаттанушы.

Мемлекет Құлыбаевтың қандай байлықтарын тартып алды?
Ресми дерек бойынша еліміздегі ең бай миллиардерлер тізімінде екінші орында тұратын Құлыбаев кейінгі екі жыл ішінде бірнеше компаниясы мен мүлкінен айырылды. Қаңтар оқиғасынан кейін алдымен ол «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы төрағалығынан кетті. Содан кейін Құлыбаевқа қарайтын PetroSun компаниясының 49 пайыз акциясы «ҚазМұнайГазға» өтті. 2023 жылдың мамыр айында сот шешімімен «Сұйытылған мұнай газды сақтау паркі» ЖШС-ның 50 пайызы алынды. 2023 жылдың шілдесінде Жоғарғы сот Құлыбаевқа тиесілі тағы бір мүлікті ҚТЖ-ға қайтарды. Құлыбаев ұлттық теміржол тасымалы операторының жанармай қоймаларын аукцион арқылы арзандатылған бағамен сатып алған. Ал ҚТЖ отын қоймаларын 2011 жылдың шілдесінен 2022 жылдың желтоқсанына дейін пайдалану кезінде 149 млрд теңге төлеген. 2023 жылдың аяғында сот ұлттық парктің Медеу филиалына қарасты Үлкен-Алматы орман шаруашылығындағы «Кипрос» серіктестігінің қонақүйін бұзып, жерін мемлекет меншігіне өткізу туралы шешім шығарған. Ал былтыр Құлыбаевтың бірнеше компаниясына айыппұл салынды. 2024 жылдың басында Құлыбаевтың Joint Technologies компаниясына мұнай-газ саласындағы заңбұзушылықтар үшін 2 миллиард теңге айыппұл салынды. Былтыр тамыз айында Құлыбаевқа тиесілі тағы «Каспий нефть» АҚ-ға 13,6 млрд теңге айыппұл салынды. Құлыбаевтың тағы бір компаниясы Silk Way Petroleum 1,5 миллион тоннадан астам мұнай өнімдерін заңсыз сатқаны үшін 1,1 миллион теңге айыппұл арқалады. Сонымен қатар сот компаниядан заңсыз сатылған жанармай үшін 382 миллиард 144 миллион теңге қайтаруды міндеттеді. Компания бұл шешіммен дауласуға тырысты, бірақ апелляциялық сот кезінде ұтылып қалды. Ал қыркүйек айында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Петросун» ЖШС-ға заңсыз әрекеттері үшін 875 млн теңге айыппұл салған еді.

Бұдан бөлек, Құлыбаев компаниясынан ҚазҰУ аумағындағы жер телімдері алынды. Учаске 2007 жылы «Кипрос» құрылымына кіретін «Омирекс» ЖШС-ға заңсыз берілген. Кейбір деректер бойынша активтерді қайтару комитеті ҚБТУ университетінің ғимаратын да заңсыз шартпен алынған деп қайтарып алмақшы болған. Бірақ кейіннен сот тоқтап қалыпты. Не үшін тоқтағаны белгісіз. Бұған біз жоғарыда жазып кеткен 1 млрд долларлық келісім себеп болуы да мүмкін.
Айтпақшы, билік Құлыбаевтың әкесіне тиесілі мүлікті де тәркіледі. Былтыр маусым айында Асқар Құлыбаевқа тиесілі құны 66 млн долларлық Ақтаудағы теңіз сауда портында орналасқан 134 гектар мұнай терминалы мемлекет меншігіне қайтарылды. Құлыбаев оны 2011 жылы жекешелендіріп алған.
Құлыбаевтың қандай байлықтары бар?
Құлыбаевтың байлығын ресми түрде тексеру қиын. Себебі әділет министрлігі Тимур Құлыбаевқа қатысты мәліметтерді жасырған. Бұл туралы Jas Alash былтыр мамыр айында «Назарбаевтардың байлығы – жария, мәліметі – құпия» атты мақаласында Азамат Есқараев басқаратын министрлік бұрынғы президенттің әулетін қызғыштай қорып отырғанын жазған болатын. Былтырдан бері Назарбаевқа қатысты адамдар Қазақстанның салық төлеушілер базасынан жоғалып кетті. Енді қолда бар ашық мәліметтерді пайдаланып, Құлыбаевтың байлықтарын түгендеп көрейік.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: НАЗАРБАЕВТАРДЫҢ БАЙЛЫҒЫ – ЖАРИЯ, МӘЛІМЕТІ – ҚҰПИЯ

Триллиондарға ие Halyk Bank
Сонымен былтыр Forbes басылымы ең бай қазақстандықтардың тізімін Тимур мен Динара Құлыбаевтар көш бастап тұрғанын жазды. Бірақ еліміздегі рейтинг бойынша 2024 жылы олар екінші орын алған. Былтыр Құлыбаевтардың байлығы 4,6 миллиард долларға (әрқайсысы) бағаланған. Екеуінің дәулеті бір жыл ішінде 700 млн долларға артқан. Тимур Құлыбаев әйелі Динара Құлыбаева екеуі Almex Holding Group АҚ арқылы «Халық банкінің» 69,52% акциясына иелік етеді. 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша «Халық банктің» активтері 15,09 трлн теңге, меншікті капиталы – 2,5 трлн теңге болған. Өткен жылы банк жай акциялар бойынша 276,5 млрд теңге дивиденд төлеген. 2024 жылғы алғашқы тоқсанындағы пайдасы 178 млрд теңге. «Халық банктің» былтырғы ақша айналымы 9,3 трлн теңге, төлеген салығы 180 млрд теңгеге жуық. Жалпы салығы – 850 млрд теңгеден асады. Мемлекеттен 2016 жылдан бері 9432 келісімшарт алып орындаған, оның 3 602-сін тікелей бір көзден алған. Құлыбаевтар иелік ететін Қазақстан Халық банкі АҚ-ның 14 компанияға қатысы бар. Оның ішінде АҚ Altyn Bank-тің 40% үлесін иеленген.
Қаржысы 1,5 трлн теңгеге азайған PetroSun компаниясы
Былтыр Құлыбаевқа қарасты «Петросун» компаниясына заңсыз әрекеттері үшін 875 млн теңге айыппұл салғанын жоғарыда жаздық. Бұл компанияның алғашқы айыппұл арқалауы емес. 2023 жылы да жанармай саудасымен айналысатын PetroSun компаниясына монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін 542,9 млн теңге айыппұл салынған. 2022 жылдың көктемінде Алматы прокуратурасы PetroSun-ға қатысты монополиялық қызметті асыра пайдалану бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Алайда сотқа дейінгі тергеу аясында компания мемлекет бюджетіне 2,2 млрд теңгені өз еркімен өтеген еді.
Жалпы 2012 жылдың қаңтарында құрылған PetroSun «ҚазМұнайГаз» ҰК және Қазақстандағы CNPC International компаниясына қарайтын кәсіпорын. Қызметі шикі мұнайды сатып алудан Атырау мұнай өңдеу зауытында, Павлодар мұнай-химия зауытында, «ПетроҚазақстанОйл Продактс» ЖШС өңдеуге дейінгі бір циклды құрайды. Сонымен қатар компания мұнай өнімдерін Қазақстанның ішкі және сыртқы нарығында сатады. Сонымен бұл компанияның қаржысы 2023 жылы 3 трлн 173 млрд теңгеден асқан, алайда былтыр 1 трлн 495 млрд теңгеге дейін азайып кеткен. Демек, компания бір жыл ішінде 1,5 трлн-нан аса қаржысын жоғалтып отыр.

АЛМЭКС-тің 680 млрд қаржысы қайда кетті?
«Холдинговая группа АЛМЭКС» акционерлік қоғамы да Құлыбаевтарға қарайды. Құрылтайшылары да Тимур мен Динара Құлыбаевтар. Компания алғаш рет 2005 жылы тіркелген. Директоры – Жомарт Нұрабаев. Қаржы саласында қызмет көрсетеді. Бір қызығы, АҚ-ның 2023 жылы 518 млрд 255 млн теңгесі болған, ал былтыр қаржысы күрт құлап, 13,2 млрд теңгеге дейін азайған. Сонда бір жыл ішінде кәсіпорын бірден 500 млрд теңгесін, долларға шақсақ, 1 млрд доллардай ақшасын жоғалтқан. АҚ-ның табысы жаман болмаған, 2022-2023 жылдары компания 15 млрд теңгеден аса салық төлеген. Бәлкім, «жаңа билік 1 млрд доллар алды, Құлыбаев келісімге келді» деп жазып жатқан осы АЛМЭКС-тің ақшалары шығар. Құлыбаевтардың АЛМЭКС плюс, АЛМЭКС проект дейтін де компаниялары бар. Біріншісінің 2022 жылғы қаржысы 188,9 млрд теңгеден былтыр бірден 7 млрд теңгеге дейін азайып қалған. Бұл компания да бір жыл ішінде 180 млрд теңгеден аса қаржысын жоғалтқан. Ал екінші компанияның қаржысы анау айтқандай өзгермеген. 2022 жылғы және 2023 жылғы қаржысы – 3,9 млрд теңге.
«Шұбаркөл Премиум» акционерлік қоғамы
«Шұбаркөл Премиум» АҚ-ның 67 пайызы Құлыбаевқа тиесілі еді. Кәсіпорын көмір бизнесімен айналысады. Шұбаркөл көмірі елімізде бренд көмірлердің бірі саналады. Кәсіпорынның қаржысы 2023 жылы 1 трлн 171 млрд теңгеден асқан. 2024 жылғы қаржысы 321 млрд теңгеге дейін азайып қалған. Бір жылда АҚ 700 млрд теңгеден аса қаржысын жоғалтқан. Бірақ былтыр Құлыбаев кәсіпорынды еліміздің миллионерлері Рақышев пен Ибрагимовке сатып жіберді.
P.S. Жалпы, Құлыбаевтың бизнестерін бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес және оның кейінгі уақытта қанша ақшасынан айырылғанын да есептеп шығу қиын. Мысалы, «мұнай королі» атанып кеткен оған қатер төнген 2022 жылдары Құлыбаевқа тиесілі делінетін «Каспий нефть» мұнай акционерлік қоғамының қаржысы 5,6 трлн теңге болған. Ал келер жылы ақшасы бірден 3,8 трлн теңгеге азайған. Бір жыл ішінде Назарбаевтың күйеу баласына тиесілі компания 1,8 трлн ақшасынан айырылған. Соған қарамай Құлыбаевтың байлығы секунд санап өсіп жатыр. Былтырғы пайдасы 350 млн доллар екенін жаздық. Мұнайдан бөлек, Құлыбаевқа 1 миллион шаршы метрден асатын коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқарумен айналысатын Mercury Properties компаниясы қарайды. Бұл компанияға тиесілі ірі сауда орындары мен компаниялардың саны – 37. Динара Құлыбаева және ұлы Алтай Құлыбаев үшеуінің бір Алматының өзінде — Sputnik сауда орталығы, Green Bazaar сауда үйі, «Москва» сауда үйі, «Абылай хан» бизнес орталығы, «Назарбаев» бизнес орталығы, «Форум Алматы» сауда үйі, Globus сауда үйі, «Пассаж» сауда үйі, Car City сауда орталығы, «Байқоңыр» бизнес орталығы, Almaty Towers бизнес орталығы сияқты нысандары бар. Қазақ әдебиетінде мың жылқы су ішсе де ортаймайтын шыңырау құдықтар болушы еді ғой. Сол сияқты Құлыбаевтың байлығы да есептесең таусылмайтын дүние. Иә, Жаңа Қазақстан өкілдері қанша ышқынса да шыңыраудың түбіне жете алмайтын сияқты. «Жаудан түк тартсаң да – олжа» деген мәтелді малданбаса...
Тұрсынбек БАШАР