Сараптама

Жаңа партия «Назарбаевтың құлағын» жасыра ала ма?

Өткен ғасырда 70 жыл коммунистік партияға табынып, жаңа ғасырда 30 жылға жуық «Нұр Отанды» жырлағандар енді «Әділет» деп «ән салатын» сияқты. Өйткені 7 жыл – «Отан», 16 жыл – «Нұр Отан», 3 жыл – «Аманат» болған алпауыт партия саясат сахнасынан шегінді.

Әділет пен Аманат

«Нұр Отанды» 30 жыл жырладық дегенді бекер айтып отырған жоқпыз. Партия атауы 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін «Аманат» болып өзгергенімен, бұл ұйым экс-президенттің есімімен тікелей байланысты болатын. Мұны «аманаттықтардың» өзі мойындайды. 12 маусым күні өткен партия съезінде төраға Ерлан Қошанов «қоғам санасында партияның өткеніне қатысты тұжырымдар мен бағалаулар әлі сақтаулы» деп, «Аманаттың» бетін тырнасаң, артынан «Нұр Отан» көрінетінін аңғартқандай болып еді, депутат Ерлан Сайыров тіпті «Аманаттың» артында Нұрсұлтан Назарбаевтың құлағы көрініп тұратынын» ашық айтты. Мәжілісмен екі партияның арасындағы жағдай сөз жүзінде бірігу болғанымен, шын мәнінде біріншісі екіншісінің құрамына кіріп жатқанын растады. «Саяси тұрғыда екі партияның бірігуі болғанымен, заң тұрғысынан «Аманат» партиясы «Әділетке» қосылып жатыр. Сондықтан болашақ партияның атауы «Әділет» болып қалады», – дейді депутат.

Көпшілік «КСРО Коммунистік партиясы мен «Нұр Отан» партиясының жұмыс тәсілі ұқсас болды» деп санайды. Екеуі де елдегі саяси жүйені ашса –алақанында, жұмса – жұдырығында ұстады, екеуі де қарапайым партия емес, мемлекет аппаратының бір бөлшегі болды, екеуі де елде өзінен басқа саяси күш болғанын қаламады, шынайы оппозициялық топтарды қудалады. Тіпті КСРО кезінде тәуір қызмет істегісі келген адам Коммунистік партияға кіруге міндетті болғаны сияқты, тәуелсіз Қазақстанда мансапқа жету үшін «Нұр Отанға» қосылу қажет болды.

Ал «Әділеттің» қалай жұмыс істейтіні әзірше белгісіз. Бірақ ресми тіркелгеніне екі апта болмай жатып, билік партиясын «жұтып қойғанын», партия төрағасы Президент әкімшілігінен келгенін, «Аманаттың» барлық ресурсын өз меншігіне алуға дайындалып жатқанын ескерсек, билікті бір өзі шеңгелдеуге кет әрі емес сияқты. Айтпақшы, әлеуметтік желідегі ағайын «Аманаттың» Астанадағы орталық кеңсесі мен Шымкенттегі филиалының маңдайшасына «Әділет» деген жазу пайда болғанын жазды. Демек, «Әділет» әр облыстан филиал ашып қиналмай, «Аманаттың» кеңселеріне жайғаса салады деген болжам расқа айналмақ.

Мұны аз десеңіз, «Әділет» құрыла салып, мемлекеттің қолдауына ие болды. Азаматтарға арналған үкімет порталы (Еgov.kz) мен кейбір екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшасында «Әділетке» қосылуға өтініш беруге болатын қызмет түрі пайда болған. Ал өзге партияларда мұндай мүмкіндік жоқ. Көпшілік «Әділетке» мұнша артықшылық берілгеніне наразы. Мысалы, елдегі тіркелген 7 саяси партияның бірі – «Байтақтың» төрағасы Азаматхан Әміртай цифрлы платформа арқылы жақтас жинау дұрыс емес деп есептейді.

«Әділет» партиясы
Фото: «Әділет» партиясы

Қос съезд қалай өтті?

«Аманат» пен «Әділет» қосылатыны жайлы әңгіме маусым айының басында шыққан. 12 маусымға дейін қос партия бұл ақпаратты ресми растай қойған жоқ. Бірақ БАҚ-та тараған «пропрезиденттік саяси күштер бірігуі керек», «президентті қолдайтын электоратты бөліп-жармау керек» деген ұрандар жұрт күткен «саяси некенің» болмай қоймайтынын аңғартқан. Сондай-ақ Мәжіліс депутаты, «Аманат» мүшесі Ерлан Сайыров «Жас Алашқа» қос партия бірігуі мүмкін екенін жеткізген-ді.

Демек, көпшілік «Аманаттың» 12 маусымдағы XXVI съезінде қандай мәселе сөз болатынын алдын ала біліп отырды. Жалпы 1 500-ден аса делегат қатысқан жиналыс көңілді өтті дей алмаймыз. Көбінің көзінен «енді не болады» деген алаң көңіл анық көрініп тұрды. Бірақ Мәжіліс спикері, «Aманаттың» қазіргі төрағасы Ерлан Қошанов партияның «Әділетке» қосылатынын хабарлаған тұста залда отырған адамдар ду қол шапалақ соққанын байқады. Біразы күліп отырды. Бірақ оларды қуанғанынан қол соғып, шаттанғанынан күліп отыр деу қиын. Өйткені алда не болатынын партия басшылары болмаса, делегаттар анық түсінбегені белгілі еді.

Сонымен, жиналыста сөз алған Қошанов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ел дамуының жаңа кезеңінде прогрессивті қоғамдық-саяси күштерді жалпыұлттық құндылық пен мақсат төңірегінде топтастыру жөніндегі үндеуін» қолдайтынын айта келіп, «Әділет» партиясына қосылуды ұсынды.

«Қазір біз уақыт талабына, мемлекет мүддесіне және қоғам сұранысына сай келетін қадам жасауымыз керек. Еліміз бөлінуге емес, бірігуге ұмтылуы қажет. Сондықтан осы жауапты кезеңде өз ресурстарымызды жаңа саяси күш – «Әділет» партиясына қосуымыз керек. Осылайша, біртұтас президенттік бағыттағы саяси күш құрамында әділетті әрі прогрессивті Қазақстанды бірге құруды жалғастырамыз. Біз өз қағидатымыздан, ұстанымымыздан және идеямыздан бас тартпаймыз. Керісінше, оларды одан әрі күшейтіп, мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа даму деңгейіне көтереміз», – деді Е.Қошанов.

Ең қызығы, бұл ұсынысты 1 500 делегаттың бәрі бірауыздан қолдады. Ешкім «Айдың-күннің аманында басқа партияға қосылып кеткеніміз қалай? 800 мың мүшеміз бен сайлаушыларымызға не айтамыз?» дей алған жоқ. Бәрі әдеттегідей, жоғарыдан түскен ұсынысты қос қолдап қолдап шықты. Осылайша, «Аманат» өзі бастамашы болып, «Әділеттің» «құшағына құлады»...

Соңғы съезде партияның атқарған жұмыстары айтылды. Депутат Айдос Сарым Мәжілістің қазіргі шақырылымындағы 118 заң жобасының 104-ін «Аманат» фракциясы әзірлегенін айтты. Ал Үнзила Шапақ, Гүлмира Сағидуллина, Нұрсұлтан Байтілесов қатарлы партия мүшелері «Аманаттың» әртүрлі бағдарламаларын айтып, мақтанды.

Араға 2 күн салып, 14 маусымда «Әділет» партиясы II съезін өткізді. Ұйымның алғашқы съезі 7 мамырда өткенін ескерсек, жаңа партия айналасы бір айдың ішінде 2 съезд өткізіп отыр. Демек, «Әділеттің» жұмысы «күнде жиын, күнде той» форматында басталды. Ең қызығы, «Әділеттің» жиыны анау-мынау жерде емес, Астанадағы Президенттік орталықта өтті. Ал «Аманат» өз кеңсесінде жиналған. Мұның өзі жаңа партияның саяси салмағы үлкен екенін аңғартса керек.

Жиналысқа қатысқандар алдымен партияны одан әрі дамыту, өңірлік филиалдар құру, ұйымдық құрылымды нығайту сияқты мәселелерді талқылады. Ал көпшілік күткен «Аманатты» қосып алу жөніндегі әңгіме жиналыстың қорытынды бөлімінде ғана сөз болды. Партия төрағасы Айбек Дәдебай «Аманатпен» қосылу қазіргі заманның талабы екенін алға тартты.

«Aманат партиясының «Әділет» партиясына қосылуы – тар партиялық мүддеден жоғары тұрған, ұлттық жауапкершілікке негізделген парасатты шешім. Бұл – Қазақстан қоғамының ел мүддесі үшін біріге алатынының нақты дәлелі. Қоғам мен мемлекет алдындағы және келер ұрпақ алдындағы жауапкершіліктен туындаған, елдік берекеге бастайтын байлам», – деді А.Дәдебай.

Мұнда да делегаттар Amanat партиясының «Әділетке» қосылуы туралы шешімді бірауыздан қолдап, дауыс берді. Осылайша, елде 30 жылға жуық үстемдік құрған партия ресми тіркелгеніне екі апта ғана болған жас ұйымның «етегінен ұстап» кете барды. Алда қос партияның біріккен съезі өтіп, қосылу процесі толық аяқталады. Ал бұл қадам «Аманаттың» атынан көрініп тұратын экс-президенттің құлағын көлегейлей ала ма, жоқ па, әзірше белгісіз.

1
Фото: ашық дереккөз

«Аманаттың» үйіндегі «Әділет»

Осылайша, «Аманат» партиясы («Нұр Отан») тарих қойнауына кетті. Ел президенті партияның бұрынғы төрағасы Ерлан Қошановқа аталған лауазымдағы абыройлы, нәтижелі әрі елге пайдалы еңбегі үшін алғыс айтты. Сондай-ақ партия мүшелерінің жаңадан құрылған «Әділет» партиясына қосылу жөніндегі шешіміне ризашылық білдірді. Ол отаншыл партия мүшелерінің «Әділет» партиясының қатарында да ел игілігі жолында белсенді еңбек ететініне сенім білдірді.

Сарапшылар бұл қадамның астарында «Аманаттың» репутациясын тазалап, ел алдындағы жағымсыз имиджінен арылу айласы жатқанын айтады. «Жас Алашқа» берген сұхбатында саясаттанушы Дос Көшім «екі партияны қосудағы басты мақсат – «Аманаттың» жаман атынан құтылу әрі сол адамдарды пайдаланып, жұмысты бұрынғыдай жалғастыра беру» екенін айтқан. Демек, «Аманаттың» адамдарынан құралған «Әділеттің» атымен жұмыс істейтін жаңа билік партиясы пайда болуы мүмкін.

Осы жерде «Кімді кім қосып алды?» деген сұрақ туындайды. 1999 жылдан бастап есептесек, «Аманат» кемі 5-6 саяси партияны «жұтып» қойған. Соңғы «құрбан» – «Адал» партиясы. Енді «Аманаттың» өзі басқаға қосылып жатыр. Бірақ бұл қосылудың мәні өзгеше. Әдетте «бір елі балықты екі елі балық жұтады». Бірақ бұл жолы 800 мың мүшесі бар, барлық аймақта филиалы орналасқан «Аманат» жаңа құрылған, басшылары мен саяси кеңес мүшелері ғана бар партияға қосылды. «Аманаттың» бас кеңсесін, филиалдарын «Әділет» пайдаланады. Демек, «Әділет» «Аманаттың үйіне» кірмек. Мұндайда «отағасы» кім болады?

Жұмыс екі сценарий бойынша өрбуі мүмкін. Біріншісі, «Аманаттың» көп мүшесі «Әділетке» қосылып, партияны іштен жұтып қояды. Сөйтіп, жаңа партияның барлық жұмысын бұрынғы «аманаттықтар» атқарады. Құрылтайға да бұрынғы «Аманат» мүшелері барады. Бұл сценарий жүзеге асса, экс-президенттің «құлағы» жаңа партияның артынан да көрініп тұрмақ.

«Әділет» партиясы саяси кеңесінің мүшесі Марат Шибұтов «Аманатпен» біріккен соң жаңа партия Құрылтайдан 100-120 мандат алуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Демек, «Әділет» 145 депутаттан тұратын жаңа Парламенттің 80 пайыз орнын иемденбек. Қазір Мәжілісте «Аманаттың» 63 адамы отыр. Оның қаншасы Құрылтайға өтеді? «Әділет» бұған дейін «Аманатта» болмаған, Құрылтайға өтуге лайық 100 жаңа адам таба ала ма? Егер Шибұтов айтқандай, «Әділет» 100-120 мандат ұтып, оның басым көбі бұрынғы «Аманат» мүшелері болса, оны саяси өзгеріс, ескі жүйенің елесінен құтылу деп атауға келмесі анық.

Екінші сценарий бойынша, «Әділет» партиясы «Аманаттың» дайын ғимараттары мен ресурстарын пайдаланғанымен, мүшелерінің бәрін қабылдамайды. Өтініш бергендерді қатаң іріктеуден өткізеді. Сөйтіп, шынайы жаңа партия ретінде жұмыс істейді. «Әділет» партиясы саяси кеңес бюросының мүшесі Рауан Кенжеханұлы «Аманаттың» барлық мүшесі партиямен бірге «Әділет» құрамына кірмейтінін, әркім өз еркімен өтініш беретінін, әр өтінішті комиссия қарап, іріктейтінін айтты.

Аталған екі сценарийдің қайсысы өтетіні алдағы уақытта белгілі болады. Оны ең алдымен Құрылтайға өткен «Әділет» өкілдеріне қарап білеміз. Тізімде «аманаттықтар» көп болса, жаңа партияның ұтылғаны, ал жаңа есімдер көп болса, шынымен тың саяси күш қалыптасқаны деп бағалаймыз.

Қуаныш Қаппас

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз