Жанабыловтар ісі: блогерлер үйқамаққа жіберілді
Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты заңсыз кәсіпкерлік қызмет және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру фактілері бойынша тергеуді аяқтады.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Instagram желісінде жалпы саны 15 миллионнан асатын жазылушылары бар ерлі-зайыптылар өз аудиториясының сенімін пайдаланып, заңсыз табыс тапқан. 2025 жылы олар онлайн-курстарды сату деген желеумен заңсыз схема ұйымдастырған. Алайда бұл «курстарды» сатып алудың негізгі себебі — қымбат сыйлықтар ойнатылатын ұтысқа қатысу болған.
Ұсынылған бейнематериалдардың білім беру құндылығы болмаған, олардың едәуір бөлігі ашық дереккөздерден, соның ішінде YouTube платформасынан алынған. Бұл материалдар лицензиясыз лотереяны бүркемелеу мақсатында ғана пайдаланылған.
Жүлде қоры көпшілікке жарияланғандай блогерлердің жеке қаражаты есебінен емес, керісінше қатысушылардан онлайн-курстарға төлем ретінде жиналған ақшадан қалыптастырылған.
Сондай-ақ электронды «сәттілік барабанының» параметрлері өзгертілгені анықталды: 5 000 теңгелік жүлдені ұтып алу ықтималдығы жасанды түрде арттырылған, ал қымбат сыйлықтарды ұту мүмкіндігі айтарлықтай төмендетілген.
Күдіктілер акцияның қамтылуын арттыру мақсатында ең көп репост жасаған қатысушыға 11-ші автокөлік табысталатынын жария түрде мәлімдеген. Алайда іс жүзінде жеңімпаз анықталмаған және жүлде берілмеген.
Азаматтардан жиналған қаражаттың жалпы сомасы блогерлерге тиесілі «Zhana Business» ЖШС-нің есепшотына 247,5 млн теңгені құраған. Оның 60 млн теңгесі депозиттік шоттарға орналастырылған.
Сот санкциясымен Lamborghini Urus пен Lexus LX 600 маркалы автокөліктерін қоса алғанда, 10 автокөлікке және 17 iPhone ұялы телефонына тыйым салынды.
Күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ таңдалды. Қазіргі уақытта олар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді.