Жартыжылдық қорытындысы: 95%-дан астам қазақстандық этносаралық қатынастарды тұрақты деп бағалайды

Мәдениет және ақпарат министрлігі азаматтық келісімді нығайту және этносаралық қатынастарды дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 95%-дан астам респондент елдегі этносаралық қатынастарды тұрақты әрі қолайлы деп сипаттаған.
Этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру аясында жыл басынан бері республика өңірлерінде ақпараттық-түсіндіру топтары белсенді жұмыс істеуде. Олардың қатысуымен азаматтардың құқықтық және этносаяси сауаттылығын арттыруға бағытталған 2000-нан астам оқыту және алдын алу іс-шарасы өткізілді.
Этномедиация институтын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Елімізде кәсіби медиаторлар, заңгерлер, педагогтар, психологтар, дінтанушылар, журналистер мен қоғам белсенділері кіретін 20-дан астам орталықтар мен кеңестер жұмыс істейді. 2025 жылдың алғашқы жартысында олар 500-ге жуық іс-шара өткізіп, оған 22 мыңнан астам адам қатысқан.
Биылдан бастап елдегі 14 жоғары оқу орнында журналистика мамандығы бойынша оқитын студенттерге арналған «Этносаяси сауаттылық» атты жаңа пән енгізілді. Бұл журналистердің медиа кеңістікте этностық тақырыптарға жауапкершілікпен қарауға, тұрақты мәдениетті қалыптастыруға сеп ықпал етеді.
Этносаралық қақтығыстардың алдын алу бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі белсенді рөл атқаруда. Бүгінде 1700-ден астам осындай ұйым жұмыс істейді. Олар адамгершілік құндылықтарды насихаттауға және отбасылық тәрбиені нығайтуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруда. Сонымен қатар, жарты жыл ішінде 300-ден астам мәселені қарастырып, 200-ден астам ұсыныс жасаған Ақсақалдар кеңесі де тиімді жұмыс жасауда.
«Жомарт жан» орталықтарында 340-тан астам меценат, волонтер мен қоғам қайраткері бірігіп, қайырымдылық бағыт бойынша жұмыс жасап келеді. Олар жыл басынан бері 500-ден астам іс-шара ұйымдастырып, жалпы сомасы 304 миллион теңгеден астам көмек көрсеткен.
Азаматтық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға экологиялық акцияларға қатысушылар да айтарлықтай үлес қосып келеді. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында 300 мыңнан астам этномәдени бірлестік өкілдері, жастар мен волонтерлер қатысқан түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.