"Жас Алаш" тарихындағы жарқын тұлға
"Жас Алаш" тарихындағы жарқын тұлға
Кезінде Ғани Мұратбаевтың тікелей бастамасымен негізі қаланып, "Жастарға жансерік болар бір үн керек" деген ұранды ту еткен "Лениншіл жас" – бүгінгі "Жас Алаш" газетінің ғасырдан астам тарихына көз жүгіртсек, оның редакциясында қызмет атқарған талай тұлғаның ел игілігі жолындағы ерен еңбегіне тәнті боламыз. Алайда солардың арасында қоғамдық қызметі мен шығармашылық мұрасы әлі де лайықты бағасын алмай, есімі ел жадында көмескілене бастаған қайраткерлер де аз емес. Солардың бірі – қоғам қайраткері, журналист Зарап Мұсаұлы Темірбеков.
Осы есімі мен еңбегі қайта жаңғыртуды қажет ететін тұлғаның туғанына 120 жыл толуына орай Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің "Ғылым ордасы" РМК-де "Зарап Темірбеков: дәуір шындығы және тұлға тағдыры" атты дөңгелек үстел өтті.
Тағылымды жиынға "Ғылым ордасы" РМК Орталық ғылыми кітапханасының қорындағы Зарап Темірбековтің өмірі мен қоғамдық қызметіне, шығармашылық мұрасына қатысты кітаптар мен баспасөз материалдарынан жасақталған арнайы көрме көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге қойылған әрбір дерек қысқа ғұмырында ел ісіне белсене араласқан қайраткердің күрделі тағдырынан сыр шертті.
Алқалы басқосуды жүргізген "Ғылым ордасы" РМК бас директоры, тарихы ғылымдарының кандидаты Нұрлан Сейдін қайраткердің өмір жолы арқылы тұтас бір дәуірдің шындығын тануға болатынын атап өтті.
– Бұл жиынның мәні өткенге құрмет білдірумен ғана шектелмейді. Қайраткердің баспасөз беттерінде жарияланған еңбектерін жинақтау, әдеби туындыларын зерделеу және шығармашылығын жас ұрпаққа таныстыру – жүйелі ізденісті қажет ететін міндеттер. Бүгінгі басқосу осы бағыттағы зерттеулерге серпін беріп, оның есімін ұлықтауға қатысты келелі мәселелердің шешілуіне ықпал етеді деп сенемін. Атап айтқанда, Зарап Темірбековтің 100 жылдығы қарсаңында көтерілген көшеге оның есімін беру мәселесін қайта қарастыру, қайраткер атындағы жас тілшілер байқауын ұйымдастыру және мұрасын кеңінен насихаттау – алдағы уақытта жүзеге асырылуға тиіс игі бастамалар, – деді ол.
"Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып қоғам өміріндегі баспасөздің маңызына тоқталып, сол бір зұлмат кезеңде қыршын кеткен журналистер мен Зарап Темірбековтің күрделі тағдыры туралы ой бөлісті. Әсіресе, сол жылдары жазылған жоқтау өлеңінің жолдарын оқуы жиынның мазмұнын тереңдетіп, тыңдарманға айрықша әсер қалдырды.
1935-1937 жылдары "Лениншіл жас" газетінің (қазіргі "Жас Алаш") бас редакторы болып, "Қазақстан большевигі" журналының (қазіргі "Ақиқат") жұмысына да араласқан Зарап Темірбеков қазақ баспасөзінің дамуына елеулі үлес қосты. Сондықтан жиынға қайраткердің еңбек жолымен сабақтас басылымдардың бүгінгі өкілдерінің қатысуы айрықша мәнге ие болды. "Ақиқат" журналының бас редакторы Дәуіржан Төлебаев пен "Жас Алаш" газеті бас редакторының орынбасары Жақсылық Қазымұратұлы тұлға рухына тағзым білдірді. Жақсылық Қазымұратұлы бас редактор Ерік Рахымның атынан құттықтау сөз сөйлеп, Зарап Темірбековтің жастар баспасөзінің қалыптасуына қосқан үлесіне тоқталды. Бұл – кезінде жастар басылымын басқарған қаламгерге кейінгі буын журналистерінің көрсеткен құрметі еді.
Басқосуға тарихшылар, әдебиеттанушылар, музыкатанушылар, өнер қайраткерлері, жас зерттеушілер және Темірбековтер әулетінің өкілдері қатысты. Баяндамаларда қайраткердің қоғамдық қызметі мен шығармашылық мұрасы, ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы саяси қуғын-сүргіннің зардаптары, сондай-ақ оның отбасы мүшелері мен замандастарының тағдыры кеңінен сөз болды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD Еркін Стамшалов "ХХ ғасырдың 20-50-жылдарындағы Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін: механизмі, ерекшеліктері, салдары" атты баяндамасында ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы кеңестік қайта құрулармен қатар жүрген әлеуметтік күйзелістер мен жаппай саяси қуғын-сүргін мәселелеріне тоқталып, жаңадан құпиясыздандырылған архив құжаттары негізінде сталиндік жазалау науқандарының алғышарттары, жүзеге асырылу тетіктері мен аймақтық ерекшеліктердің нақты деректерін келтіреді.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, өнертану ғылымдарының кандидаты Ақлима Омарова "А. З. Темірбекова: "Ардақтап өтем атыңды"" тақырыбындағы баяндамасында Зарап Темірбеков пен оның қызы Алма Темірбекованың тағдырындағы рухани сабақтастықты сөз етті. Ол күрделі де қайшылықты кезеңде өмір сүрген әке мен қыздың өмірлік ұстанымдары мен қоғамдық қызметіндегі үндестікке тоқталып, Алма Темірбекованың әке есімін ақтау және мұрасын жаңғырту жолындағы еңбегін жан-жақты баяндады.. Ал Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, өнертану ғылымдарының кандидаты Жайдаргүл Қазыбекова "Алма Темирбекова: судьба в служении музыке и исторической памяти" тақырыбындағы баяндамасында саналы ғұмырын қазақ музыкасының этнографиясын, тарихы мен теориясын зерттеуге арнаған Алма Темірбекованың отандық музыкатану ғылымын дамытуға қосқан елеулі үлесін жан-жақты саралады.
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты "Музыкатану" бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Айнұр Қазтуғанова "Замандас зердесі: Ахмет Жұбанов естелігіндегі Зарап Темірбековтің тұлғасы" тақырыбында баяндама жасады. Зерттеуші Ахмет Жұбанов, Арап Темірбеков, Шахмет Құсайынов, Жайық Бектұров, Н.Мағзұмов, Е.Оспанов, Б.Хасенова, М.Дінішев, М.Жүнісов, Ш.Өтепов, А.Кияница, А.Қадыбай қалдырған естеліктерге, сондай-ақ журналистер Қажымұрат Әбішев, Сарбас Ақтаев, Қасым Әзімхан, Тілеу Көлбаев және басқа да қаламгерлердің баспасөз беттерінде жарияланған материалдарына назар аударды. Ол өткеннің көмескі іздерін жаңғырту үшін замандастар естеліктері мен кейінгі зерттеушілердің еңбектеріндегі әрбір дерекке мән беріп, үзік мәліметтерді өзара сабақтастыра қарастыру қажеттігін айтты. Осындай ізденістер арқылы тұлға бейнесі біртіндеп тұтасып, тарихтың ақтаңдақ беттерінің сырын ашуға мүмкіндік туатынын атап өтті.
Жиында жас зерттеушілер де тың ізденістерін ортаға салды. М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Гаухар Мукашева ашық дереккөздердегі мәліметтер мен қолжетімді құжаттарды саралай отырып, Сақып-Қамал Назарованың күрделі тағдырына тоқталды. Осы жиынға Талдықорғаннан арнайы ат терлетіп келген жас қаламгер, "Алаштың Ақ жолы" жалпыұлттық байқауының, "Еңбек адамы" және "Заман біздікі" республикалық проза байқауларының жеңімпазы Ерден Нұрахмет те қатысты. Ол Көкшетау қаласындағы Зарап Темірбеков атындағы көшеде орналасқан университетте білім алып жүрген кезінде қайраткердің тағдырына қызығушылық танытып, оның 115 жылдығына орай "Ақиқат" журналына арнайы мақала жариялағанын айта келе, "Жалындап өткен жас ғұмыр" атты баяндамасында Зарап Темірбековтің қысқа ғұмырына қарамастан, елдің қоғамдық-саяси және рухани өмірінде айрықша із қалдырғанын баяндады.
Ғылыми баяндамалар мазмұнды музыкалық бағдарламамен жалғасты. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ІІ дәрежелі "Барыс" орденінің иегері, композитор, күйші-домбырашы Шәміл Әбілтаев Мағжан Жұмабаевтың "Тұран" өлеңінің идеясы негізінде дүниеге келген "Тұран" күйін орындады. Күйші туындыны бастамас бұрын ұлы ақынның:
"Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе?
Түрікке адамзатта ер жеткен бе?
Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял,
Тұранның ерлеріне ер жеткен бе?!
Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,
Түріктен басқа от болып жан туып па?
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?" –
деген өлең жолдарын эпиграф ретінде оқып, күйдің идеялық өзегіне тоқталды. Мағжан жырында Тұран түркі өркениетінің алтын бесігі, ал түркі жұрты асқақ рух пен қайсарлықтың нышаны ретінде бейнеленсе, осы идея күйдің көркемдік мазмұнынан да айқын аңғарылды. Шәміл Әбілтаевтың домбырасынан төгілген екпінді әуен көне Тұранның айбынды рухын сезіндіріп, тыңдарманға ерекше әсер сыйлады.
Одан кейін Шәміл Әбілтаев дәстүр сабақтастығының белгісі ретінде домбырасын "Ақиқат" журналының бас редакторы Дәуіржан Төлебаевқа ұсынды. Қалам мен домбыраны қатар ұстаған Дәуіржан Төлебаев өзінің төл туындысы – "Қобыландының Тайбұрылы" күйін күмбірлетіп, батырлық рухқа толы шығарма арқылы жиынға айрықша серпін берді.
Дөңгелек үстелде Зарап Темірбековтің журналистік және қоғамдық қызметімен қатар, өнерге жақындығы, актерлік және әншілік қыры туралы да құнды деректер айтылды. Белгілі этнограф Александр Затаевичтің Ақан серінің "Құлагер" әнін Зарап Темірбековтің орындауынан нотаға түсіріп алуы – соның бір дәлелі.
Осы тарихи-рухани сабақтастықты жалғаған Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы "Дәстүрлі музыкалық өнер" кафедрасының студенті Ернұр Лес Арқа әншілік мектебінің көрнекті өкілі Ақан серінің әйгілі "Құлагер" әнін асқақтата шырқады. Ал академия магистранты Жасұлан Өтемұратов Сүйінбай мен Жамбыл қалыптастырған жыршылық дәстүрді жалғастырушысы Кенен Әзірбаевтың "Гигигай" әнін әуелетіп, қазақтың дәстүрлі ән өнерінің тереңдігі мен көркемдік қуатын танытты.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұстазы Динара Нұрбаеваның шәкірттері Өтесін Пазылбеков, Алмат Балтабеков және Расул Әміржан қазақ күй өнерінің заңғар тұлғалары – Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина мен Нұрғисаның шығармаларын күмбірлете орындап, көпшілікке күй шашуын арнады. Ұлы дала рухын домбыра үнімен жеткізген жас күйшілердің өнері жиынның мазмұнын байытып, тыңдарманға айрықша әсер сыйлады.
Жиынның тағы бір мәнді тұсы – Зарап Темірбеков ұрпақтарының арнайы қатысуы болды. Қайраткердің Жаңарт (Орақ) есімді ұлынан тараған ұл-қыздары мен немере-шөберелері Талғат, Шайгүл, Жаңыл, Зейнеб (Фатима), Жұмақыз, Зүлфия, Қайраттың ұлы, мерейтой иесінің шөбересі Зарап, сондай-ақ жақын туысы Алмат Жанәбілұлы Темірбеков пен күйеу баласы Қанат Ескелдіұлы Есмұратов басқосудың құрметті қонақтары болды.
Әулет атынан сөз сөйлеген Жаңыл Темірбекова қайраткердің есімін жаңғыртып, рухани мұрасын зерттеу мен насихаттауға үлес қосып жүрген ғалымдарға және іс-шараны ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығын білдірді.
Зарап Темірбековтің ғұмыры қысқа болғанымен, қоғамдық қызметі мен шығармашылық мұрасы ұлт тарихында айрықша із қалдырды. Алайда бір тұлғаның есімін жаңғырту мерейтойлық жиын өткізумен ғана шектелмеуге тиіс. Оның мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген еңбектерін жинақтау, әдеби мұрасын жүйелі зерттеу, өмірі мен қызметіне қатысты архив деректерін ғылыми айналымға енгізу – алдағы уақыттың маңызды міндеті. Қайраткердің шығармашылық мұрасы жеке жинақ болып жарық көріп, есімі көшеге берілсе, бұл тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы игі қадам болар еді. Ал "Ғылым ордасында" өткен тағылымды басқосу жалындап өткен жас ғұмырдың ел жадынан өшпегенін тағы бір мәрте аңғартты.
Айнұр Қазтуғанова, М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының
"Музыкатану" бөлімінің меңгерушісі,
өнертану ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор