Жауынгерлік даярлыққа жаңа талап: командирдің рөлі күшейеді
Қазақстан Қарулы күштерінде әскери қызметшілерді даярлау жүйесі жаңа талапқа сай жетілдіріліп келеді.
ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаев «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерге жасаған жұмыс сапары барысында осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Сапардың негізгі мақсаты жауынгерлік даярлықтың жаңа стандартын бағалап, әскери бөлімдердегі оқу-жаттығу процесін тексеру болды. Қазір әскери қызметшілерді даярлау бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылады. Алдымен жас сарбаздар арнайы курстан өтіп, Әскери ант қабылдайды. Одан кейін атыс, тактикалық, инженерлік, әскери-медициналық дайындық, байланыс және әскери топография бағыттары бойынша базалық білім алады. Келесі кезеңде әрбір сарбаз өз бөлімшесінің ерекшелігіне сай әскери мамандықты меңгеруге кіріседі.
Командирлермен кездесуде генерал-майор Мереке Көшекбаев жаңа жауынгерлік даярлық бағдарламасының табысты болуы тек оқу жоспарына ғана емес, офицерлердің жеке құраммен жұмыс істеу мәдениетіне де тікелей байланысты екенін айтты.
Оның айтуынша, қазіргі заманғы командир әскери дайындықты ұйымдастырушы ғана емес, әскери қызметшілердің кәсіби және жеке қасиетін дамытуға ықпал ететін тәлімгер болуы қажет. Мұндай тәсіл бөлімшелердегі тәртіпті нығайтып, өзара құрмет пен жауапкершілікке негізделген әскери ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жұмыс сапары барысында бас қолбасшы механикаландырылған бригадада болып, сабақтардың өткізілу барысымен танысты және мерзімді әскери қызметшілермен әңгімелесті.
Сапар қорытындысында генерал-майор Мереке Көшекбаев әскери даярлық жүйесін жетілдіруде тәлімгерлік институтын дамытуға ерекше көңіл бөлінуі керектігін атап өтті. Оның пікірінше, кәсіби білікті, тәртіпті әрі жауапкершілігі жоғары әскери қызметшіні қалыптастыруда командирдің жеке үлгісі мен тәлімгерлік қызметі шешуші рөл атқарады.
Қуан Өмірхан