Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:10, 10 Қыркүйек 2024

Жетісудағы «Таза аула» мен «Таза көше»

Таза Қазақстан

Қазір еліміз бойынша «Таза Қазақстан» жобасы жүзеге асуда. Осы үрдіске сай Жетісу облысында аталмыш жоба аясында тазалық шаралары тұрақты үрдіске айналып, жалғасып жатыр.

Бүгінде өңір бойынша бұл шара тұрғындар тарапынан зор қолдауға ие болып отыр. Шараға 180 мыңға жуық адам атсалысып, облыста түрлі тазалық жұмыстары жүргізілген.

Талдықорған қаласының тұрғыны Рәмил Серіковтің айтуынша, мұндай шаралар жиі-жиі ұйымдастырылып тұруы керек. Аталмыш шараның экологиялық мәдениетті көтеруде үлесі зор. Мысалы, таяуда Панфилов ауданындағы жеке кәсіпкерлердің бастамасымен «Таза кәсіп-Таза аймақ» атты экологиялық шара өтті. Осы шараға қатысқан талдықорғандық тұрғын, шараның үлгі алар тұстары көп екенін айтады.

«Мұндай шараларға жекелеген кәсіпкерлердің қатыса бастағаны көңіл қуантады. Кәсіпкерлер өз ғимараттарының алдын тазартып, дүкендердің, кәсіпорындардың айналасына тазалық жұмыстары жүргізілді. Ауданда «Жасыл ел» еңбек жасақшылары құрылған. Олар көше бойындағы, қоғамдық орындардағы тазалықты қадағалайды. Кәсіпкерлерге ғимараттарының іші-сыртын тазартуды ескертіп, осы жұмыстардың атқарылуын бақылайды. Өз басым, мұндай ұйымдар бізге қажет деп ойлаймын. Облыс орталығы Талдықорған қаласында да біршама жұмыстар атқарылып жатыр. «Таза Қазақстан» жобасы халықтың экологиялық мәдениетін арттырып, өзіміз тұрып жатқан қаланың өркендеуіне үлес қосады», – дейді Рәмил Серіков.

Оның ойынша, жоба аясында өткізіліп жүрген «Таза аула» және «Таза көше» байқаулары да қарапайым халыққа серпін беретін шаралар.

«Таза Қазақстан» жобасы экологиялық ластанудың алдын алып, тәртіп пен тазалықтың жаңа үлгісіне айналып келеді.

Жалпы, қазірде қоршаған ортаның ластануы әлем бойынша өзекті мәселеге айналып жатқан тұста мұндай шаралардың болуы экологтардың жанайқайына үн қосқандай.

Эколог-маман Елдос Абақановтың айтуынша, біз болашақта қалдықтарды қалдық ретінде емес, тауар ретінде қарастыруды үйренуіміз керек. Адамдарға қоқысты қалай пайдалану керектігін түсіндіріп, экологиялық мәдениетті бойларына сіңіргеніміз жөн. «Жетісу өңірі, міне, осы шараларды үйлестіруде озық тәжірибе көрсетіп отыр».

Болашақта Жетісу өңіріне қарасты Ақсу ауданында «Таза аула» және «Таза көше» байқауларының қорытындысы өткізілмек. Байқау аталмыш ауданның барлық 17 ауылдық округінде ұйымдастырылған болатын. Байқау қорытындысы бойынша ең таза көшелер мен таза аулалар анықталып, оларға арнайы тақтайшалар ілініп, аула тұрғындары бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Ақсу ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Айтбаев: «Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылында мектеп оқушыларының арасында ЭКОtime атты экологиялық-тәрбие сағаттары өтті. «Киелі мекен» атты экологиялық шара Қаратал ауданында да ұйымдастырылды. Айту би, Ескелді би, Жолбарыс батыр кесенелерінің аумағына тазалық жұмыстары жүргізіліп, өңір тазалығын мақсат еткен қараталдықтар бұл шараға жаппай атсалысты».

Қаратал ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Рахымғали Өтегенов: «Бүгінгі күнде елімізде өтіп жатқан ауқымды тазалық акциясы аса маңызды науқан. Жастар ғана емес, аға буын ардагерлердің, орта буын ел ағаларының қатысуымен атқарылып жатқан тазалық шаралары туған елге деген шынайы сүйіспеншіліктің дәлелі іспеттес».

Айта кету керек, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Жетісу облысында жалпы саны 1 411 техника жұмылдырылды, соның нәтижесінде 7 408 тонна қоқыс шығарылып, 2 255 км арық желісі тазаланған.

Қ.САЙЛАУ

Жетісу облысы