Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:31, 10 Наурыз 2024

Жезқазған-Қызылорда тас жолында 75 көлік жүргізушілеріне көмек көрсетілді

ТЖМ
Фото: ТЖМ

Биыл елімізде ауа-райы күр құбылмалы болып, жолда жүретін жолаушыларға қолаусыздық тудырып тұр.

 Кеше, 9 наурыз күні күннің күрт жылынуы салдарынан Жезқазған-Қызылорда тас жолында көлік қозғалысы қиындаған. Сол себепті жолдағы бірнеше көлік жүре алмай, тоқтап қалған.

Ұлытау облысының автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы басқармасының мәліметінше, 10 наурыз күні сағат 12-ге дейін жода қалып кеткен 75 көлік пен жолаушыларға көмек көрсетілген. Оның ішінде 1 автобус, 10 жүк көлігі, 36 шағын автобус және 28 жеңіл көлік лай-батпақтан сүйреп шығарылған. Бұл көліктерде жалпы 350 адам, оның ішінде 22 бала болған.

Облыс әкімдігі хабарланғандай, жолдың аталмыш учаскесінде апатты-құтқару жұмыстарына Төтенше жағдай Министрлігінің 4 қызметкері мен арнайы техникасы, «Қазавтожол» ұлттық компаниясы» филиалының екі қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылған.

«9 наурыз күні сағат 23:45-те 112-ші желіге Жезқазған-Қызылорда тас жолында Жезқазған қаласынан 180 шақырым жерде 20-ға жуық жеңіл көлік пен ересектер мен балалар мінген автобус балшыққа батып кқалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына Ұлытау және Қазавтожол өңірлерінен 6 адам мен 2 жедел-құтқару техникасы шықты», - деп хабарлады ТЖМ.

Қазіргі күнде Қызылорда, Ұлытау тас жолында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Аталмыш жолдың құрылысы 2022 жылдың ортасында басталды. Оның жалпы ұзындығы 424 шақырырымды құрайды. Құрылысты аяқтау 2025 жылға жоспарланып отыр.

Ал Ұлытау өңіріндегі тас жолдың құрылысы биыл басталып, 2026–2027 жылдарға толық аяқталуы жоспарланған.

Айта кетейік, Биыл ауа райы қолайсыз болғандықтан жолда қалған жолаушылар саны да көп болып тұр. Мысалы, кеше ТЖМ қызметкерлері Ақтөбе облысындағы тас жолда Өзбекстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасының он жеті азаматын құтқарған болатын. Белгілі болғандай Қарабұтақ – Комсомол Қостанай тас жолының сексенінші шақырымында жолаушылар автобусы істен шығып қалған. ТЖМ қызметкерлері дер кезінде әркет етіп, оларды жақын маңдағы Темірбек Жүргенов ауылына эвакуацияланып, мешітке орналастырып қажетті көмек шараларын көрсеткен болатын. Жолаушылар арасында кішкентай балалар да болған.

Жолаушылар автобусында Өзбекстан мен Тәжікстан елдерінің он жеті азаматы болғаны хабарланды. Олар медициналық көмекті қажет етпеген.

Тегтер: