Жол азабы: Қызылордада оқушылар мектепке мүгедектер арбасымен қатынап жүр
Ақпараттық технологиялар дамыған тұста шалғай ауылдан хабар алу қиындық туғызбайды.
Соның дәлелі болса керек, Қызылорда облысы Сырдария ауданына қарасты Шіркейлі ауылындағы жол мәселесі туралы түсірілген видео әп - сәтте әлеуметтік желілерде таралып, қоғамдық резонанс тудырды. Әуесқой түсірілімде жол азабынан әбден шаршаған ана балаларын мектепке мүгедектер арбасына отырғызып тасып жүр. Бұл жағдай Zhasalash.kz -ты да бей-жай қалдырмады.
Шіркейлі Сырдария ауданына қарасты ауыл, облыс орталығынан шамамен 60 шақырым қашықтықта орналасқан.
2700 халық тұратын елді мекенде 525 үй түтінін түтетіп отыр. Негізгі кәсіп - егін және шаруашылығы. Жалпы ауылдың әлеуметтік жағдайы салыстырмалы түрде осал емес, алайда өзекті мәселелер де аз емес. Соның бірі – жол машақаты болып тұр. Әлеуметтік желілерде таралған видеоның негізгі кейіпкері – Айгерім Нұрланова.
Есімі елге етене таныс, өлеңдерін таяқшаны аузына салып жазатын мүмкіндігі шектеулі ақын Нұрмұхамед Әбілқасымовтың жары.
"Біздің егіз балаларымыз бар, қазір мектепке даярлық тобында білім алады. Жауынды күндері әбден әбіржіп кетеміз. Мектепке төте жолмен қатынаймыз, айналма жол өте алыс. Жолдың түрін көріп тұрсыздар, ми батпақ, аяқ алып жүру мүмкін емес. Амал жоқ балаларымды асфальт жолға дейін әкелерінің мүгедектер арбасына отырғызып апарамын. Сосын сол жерден күтіп аламын", - дейді Айгерім Нұрланова.
Бұл жағдай ақын азаматты да алаңдатып отыр. Нұрмұхамед Әбілқасымов осы уақытқа дейін де бірнеше мәрте ауыл әкімдігіне жүгініп, мәселені шешіп беруді өтініпті. Алайда шенеуніктер көңіл бөлмегеннен кейін видео түсіріп, әлеуметтік желілерге жүктеген. Айта кету керек, бейнежазбаны балалардың өзі түсіріпті.
"Мен ешкімді даттағым да, қаралағым да келмейді. Бес күн сынақ өмірде,сыйласып өткенге не жетсін? Бірақ олар да менің жағдайымды көздерімен көріп, жүректерімен түсінсе екен деймін. Азаңнан кешке дейін үйде қамалып отырғым келмейді. Сыртқа шығып, ауыл аралайын десем жол азабы қажытып тұр", - деп ашынады азамат.
Шіркейлі ауылын біз де аралап көрдік. Асфальт төселгендерден бөлек, әбден тозығы жеткен жолдарды байқадық. Одан бөлек қаңғыбас иттердің де ауыл ішінде қараусыз азық іздеп жүргенін аңғару қиын емес. Дегенмен ауыл әкімі мәселе назарда екенін айтуда.
"Қазір ауылымызда 17 көше болатын болса, оның он екісіне асфальт төселген. Төрт көше орташа жөндеуді қажет етіп тұр. Видеода көрсетілген көше төте жол, яғни ауылдың сызбасында орталық көше ретінде көрсетілмеген. Яғни асфальт төсеу үшін мемлекеттен қаражат бөлінбейді. Дегенмен біз демеушілерге өтініш айтып, шаруашылық техникасымен құм төсеп жатырмыз. Жағдай әкімдіктің бақылауында", - деп мәлімдеді ауыл әкімі Талғат Құламқадіров.
Өткен аптада Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингіде аймақта атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеген еді. Оның ішінде аймақтағы жолдардың 92 пайыздан астамының жағдайы жақсы деген болатын.