Оқиғалар

Жолдаудағы стратегиялық міндеттер Қазақстанға қандай мүмкіндіктер ашады?

Жолдаудағы стратегиялық міндеттер Қазақстанға қандай мүмкіндіктер ашады?

Риззат Тасым

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауы елдің жаңа тарихи кезеңдегі даму басымдықтарын айқындап, ұзақмерзімді стратегиялық бағдарын белгіледі. Құжатта саяси реформаларды іске асыру, инфрақұрылымды жаңғырту, экономиканы әртараптандыру, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту, адами капиталды нығайту мәселелеріне басымдық берілген. Бұл міндеттер Қазақстанның ішкі әлеуетін арттырып қана қоймай, халықаралық аренадағы бәсекеге қабілетін нығайтуға бағытталған.

Жолдауда ұсынылған бастамалардың ел экономикасына, өңірлердің дамуына және азаматтардың әл-ауқатына ықпалы қандай? "Халықтық құрылыс" жобасы инфрақұрылымды жаңғыртуға қалай серпін береді? Қазақстанның Еуразиядағы көлік-транзиттік хаб ретіндегі әлеуетін арттыру және технологиялық экономиканы қалыптастыру үшін қандай мүмкіндіктер бар?

Осы және өзге де мәселелер жөнінде Қазақстандық қоғамдық даму институты Институционалды талдау және реформалар орталығының директоры, саясаттанушы Риззат Тасыммен сұхбаттастық.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі стратегиялық міндеттерін айқындап, елдің ұзақмерзімді даму бағдарын белгіледі. Сіздің ойыңызша, бұл міндеттердің ел болашағы үшін маңызы қандай және олардың жүзеге асуы Қазақстанның халықаралық аренадағы орнына қалай әсер етеді?

–  Менің ойымша, биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі – жаңа конституциялық және саяси архитектура жағдайында ел дамуының практикалық кезеңін бастауы. Жаңа Құрылтай құрылды, Үкімет қайта жасақталды, Вице-президент институты енгізілді. Ендігі негізгі міндет – жаңарған институттардың өзара іс-қимылын жолға қойып, қабылданған реформаларды халық сезінетін нақты әлеуметтік-экономикалық нәтижелерге айналдыру.

Осы тұрғыдан Жолдауда елдің инфрақұрылымын жаңартуға және қоғамдық дамуына серпін беретін бағдар ұсынылды. Ол көлік пен энергетиканы, әлеуметтік нысандар мен өңірлерді дамытуды, сондай-ақ қоғамдағы әділдік пен жауапкершілік құндылықтарын орнықтыруды қамтиды.

Жолдау қоғам үшін маңызды "Біз қай бағытта дамып келеміз?" деген сұраққа да жауап береді. Бүгінде көптеген мемлекет өз дамуын ұзақ мерзімге жоспарлап отыр. Мәселен, Оңтүстік Корея 2030 жылға қарай жасанды интеллект саласындағы жетекші елдердің қатарына қосылуды көздейді. Польша 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірледі. Үндістан мен Пәкістан тәуелсіздіктерінің жүз жылдығына орай 2047 жылға бағдар ұстаса, Бразилия 2050 жылды, Біріккен Араб Әмірліктері 2071 жылды меже етіп отыр. Мемлекет басшысы да Ұлттық құрылтайдың бұған дейінгі отырысында "Тәуелсіздігіміздің 40 жылдығына қандай ел болып жетеміз?" деген сауал қойған еді. Ол меже – 2031 жыл. Жаңа инфрақұрылым салып, мамандар даярлап, экономиканың бәсекеге қабілетін арттыру үшін бес жыл аса ұзақ мерзім емес.

Президент бұған дейін ел дамуының бес стратегиялық тірегін атап көрсетті. Цифрландыру мен жасанды интеллект мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, бизнестің бәсекеге қабілетін күшейтуге мүмкіндік береді. Логистика Қазақстанның Еуразиядағы ірі көлік торабы ретіндегі орнын нығайтады. Агроөнеркәсіп азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өңірлердің экономикасын дамытуға тірек болады. Ал энергетикада дәстүрлі және жаңартылатын қуат көздерін дамыту экономиканың ұзақ мерзімді тұрақтылығы үшін маңызды.

Аталған бағыттарды біріктіретін ортақ міндет – адами капиталды дамыту. Жаңарған инфрақұрылым, жаңа технологиялар мен инвестициялар азаматтарға сапалы білім алуға, өнімді еңбектенуге және табысын арттыруға мүмкіндік бергенде ғана реформалардың нәтижесі сезіледі. Президенттің биылғы Жолдауда стратегиялық бағдардың өзегіне әділдік идеясын қоюы осыған саяды. Ел дамуының басты өлшемі – азаматтардың өмір сапасы және олардың жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуі.

Осы мақсатта Президент Әкімшілігі мен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне бір жыл ішінде елдің ұзақ мерзімді дамуын айқындайтын кешенді құжат әзірлеу міндеті жүктелді. Бұл жұмысқа ғылыми-зерттеу орталықтары мен сарапшыларды, соның ішінде өңірлердегі мамандарды тарту маңызды. Олардың қатысуы әр өңірдің мүмкіндігі мен қажеттілігін ескеруге, ұсынылған шаралардың ықпалын алдын ала бағалауға және нәтижені қандай көрсеткіштермен өлшейтінімізді айқындауға көмектеседі.

– Мемлекет басшысы "Халықтық құрылыс" бастамасын ұсынып, 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлуді тапсырды. Бұл бастама өңірлердің дамуына, халықтың тұрмыс сапасына және ел экономикасының өсуіне қандай серпін бере алады?

– "Халықтық құрылыс" бастамасының мәні – Ұлттық қордағы ортақ байлықты азаматтардың күнделікті өміріне қажет инфрақұрылымға айналдыру. Бір отбасы үшін бұл – үйіне жақын мектеп, екіншісі үшін – медициналық көмекті өз ауданында алу мүмкіндігі, үшіншісі үшін – қыста үйінің жылы болуы. Иә, 2029 жылдың соңына дейін осы мақсаттарға шамамен 6,5 триллион теңге бағыттау көзделіп отыр. Қаражаттың қайтарымын осы өзгерістер арқылы бағалаған жөн.

Бастапқы кезеңнің өзінде денсаулық сақтау саласында 70 нысан, білім беру, спорт және мәдениет салаларында жиынтығы 50 нысан салу жоспарланған. Мұның өңірлер үшін маңызы зор. Аудан орталығында қажетті медициналық қызмет көрсетілсе, тұрғындар әр тексеріс үшін облыс орталығына баруға мәжбүр болмайды. Жаңа мектеп пен спорт нысаны балалардың білім алуына, бос уақытын қауіпсіз әрі пайдалы өткізуіне жағдай жасайды. Келер ұрпаққа қамқорлық балалардың бүгін қандай жағдайда өсіп жатқанынан басталады. Сондықтан жаңа нысандарды жоспарлағанда оларды маманмен қамтамасыз ету мен күтіп ұстау шығындарын да алдын ала есептеу маңызды.

Бастаманың екінші қыры – инфрақұрылымды экономиканың өсу қарқынына сай дамыту. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 400 млрд долларға жуықтап, жан басына шаққандағы көрсеткіш 19 мың доллардан асады. Осы өсімді сақтап қалу үшін жолдардың, электр желілерінің, су мен газ жүйелерінің қуаты да сұранысқа сай артуы қажет. ЭЫДҰ бағалауынша, сауда көлемінің өсуіне ілесу үшін автожолдардың өткізу қабілетін қазіргі деңгеймен салыстырғанда 2030 жылға қарай 1,5 есе, 2050 жылға қарай 3,5 есе арттыру керек. Теміржолдың қазіргі өткізу қабілеті 2030 жылға дейін жеткілікті болғанымен, 2050 жылға қарай оны 38 пайызға ұлғайту қажет.

Осы тұрғыдан біртұтас транзиттік жүйе қалыптастыру, логистикалық инфрақұрылымды дамыту, жол құрылысының сапасын бақылауды күшейту және Астанада жаңа әуежай салу елдің көлік әлеуетін арттыра алады. Оның өңірлік кәсіпорындарға да тікелей пайдасы бар. Өнімді нарыққа жеткізу уақыты қысқарып, тасымал шығыны азайса, олардың бәсекеге қабілеті артады. Ал қалаларда тұрғын үй құрылысын көлік жүйесімен және жылу, су, газ желілерінің қуатымен үйлестіре жоспарлау жаңа аудандардың тұрмысқа қолайлы болуына мүмкіндік береді.

Оған қоса Президент "Халықтық құрылыс" аясындағы жобаларды қаржыландыруда цифрлық теңгені қолдануды ұсынды. Меніңше, бұл бастама цифрлық теңгенің елде кеңінен қолданысқа енуін жеделдете алады. Оны толыққанды пайдалану үшін мемлекеттік органдар да, бизнес те төлем және есепке алу жүйелерін бейімдеуі қажет. "Халықтық құрылыс" осы жүйелерді нақты жобаларда сынап, жетілдіруге жол ашады. Бұл қаражаттың қай мердігерге, қандай жұмыс үшін және құрылыстың қай кезеңінде төленгенін қадағалауға жағдай жасайды. Осы деректерді орындалған жұмыстың көлемі мен сапасы туралы мәліметпен ұштастырса, Ұлттық қор қаражатының жұмсалуын бақылау күшейеді.

– Президент Қазақстанды Еуразияның негізгі көлік-транзиттік хабына айналдыру, жаңа әуежайлар салу және халықаралық бағыттарды цифрландыру міндеттеріне ерекше назар аударды. Геосаяси жағдай күрделенген қазіргі кезеңде бұл бастамалардың стратегиялық маңызын қалай бағалайсыз?

– Меніңше, геосаяси жағдай күрделенген тұста Қазақстан үшін ең маңыздысы – сыртқы нарықтарға шығатын бірнеше сенімді бағыттың болуы. Бір дәлізде кідіріс туындаса немесе тасымал құны күрт өссе, кәсіпкер жүгін басқа бағытпен жөнелте алуы керек. Сондықтан Қытаймен және Ресеймен қалыптасқан көлік байланыстарын дамыта отырып, Транскаспий бағыты мен Орталық Азия арқылы оңтүстікке шығатын жолдардың әлеуетін арттырудың стратегиялық маңызы бар.

Мысалы, Дүниежүзілік банктің бағалауынша, қажетті инвестициялар салынып, шекара мен порттардағы рәсімдер оңтайландырылса, 2030 жылға қарай Орта дәлізбен тасымалданатын жүк көлемі үш есе артып, жеткізу уақыты екі есе қысқаруы мүмкін. Банк моделіне сәйкес, осы мерзімге қарай Қазақстан, Әзербайжан және Грузия арасындағы сауда көлемі 37 пайызға, ал осы үш елдің Еуропалық одақпен саудасы 28 пайызға өсуі ықтимал. Бұл Қазақстан үшін дәліздің транзиттік табыспен қатар, өз өнімін сыртқы нарыққа шығаруға да мүмкіндік беретінін көрсетеді.

Сонымен қатар Орталық Азияның өзінде де көлік қызметіне сұраныс артады. БҰҰ болжамына сәйкес, аймақтың бес еліндегі халық саны 2035 жылы 95,8 миллионға, ал 2050 жылы 113,6 миллионға жетуі мүмкін. Яғни ширек ғасырда өңір халқы шамамен 30 миллион адамға көбейеді. Бұл жолаушылар тасымалы, өңірішілік сауда және тауар жеткізуге сұранысты арттыратын фактор. Осы тұрғыдан жаңа әуежайлардың қайтарымы тұрақты әуе бағыттарының ашылуына, жолаушы мен жүк ағынына және олардың автожолдармен, теміржолмен, логистикалық орталықтармен байланысына тәуелді.

Түптеп келгенде, көлік саясатының стратегиялық нәтижесі Қазақстанның өз тауарын көбірек нарыққа тұрақты әрі тиімді жеткізе алуы. Осы ретте цифрландырудың пайдасы да нақты болуы керек. Кәсіпкер жүктің шекарадан қашан өтетінін, межелі жерге қанша күнде жететінін және тасымалдың қаншаға түсетінін алдын ала білуі қажет. Ол үшін электронды құжаттарды көрші елдер өзара танып, кеден органдары мен тасымалдаушылар дерек алмасуы керек. Қазақстанның Еуразиядағы көлік хабы ретіндегі орны жүк көлемімен де, оны уақытында әрі болжамды шығынмен жеткізе алуымен де айқындалады. Осындай сенімділік отандық экспорттаушылардың мүмкіндігін кеңейтіп, Қазақстанның көпвекторлы саясатына экономикалық тірек береді.

– Жолдауда цифрлық экономиканы қалыптастыру, жасанды интеллектіні ауыл шаруашылығына енгізу және жоғары технологиялық өндірісті дамыту мәселелері кеңінен қозғалды. Президенттің осы бағыттарға басымдық беруі Қазақстанның дәстүрлі шикізаттық экономикадан технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекетке айналуына қандай мүмкіндіктер ашады?

– Әрине, еліміздің толыққанды технологиялық экономикаға өту жолы өзіміз жақсы білетін салалардан басталғаны қисынды. Мысалы, диқанға егістіктің қай бөлігіне су жетпей жатқанын көрсететін, ал кеншіге жабдықтың қашан істен шығуы мүмкін екенін ескертетін бағдарлама қажет. Осындай шешімдерді өзіміз әзірлей алсақ, ауыл мен өндірістің шығынын азайтамыз әрі экспортқа шығара алатын жаңа өнім жасаймыз.

Неге бұл маңызды? Өткен жылы IT-қызмет экспорты 1,14 млрд долларға жетті. Бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 33,5 млн доллар еді. Бұл өсім қазақстандық компаниялардың технологиялық қызметті сыртқы нарыққа сата алатынын көрсетеді. Ендігі мүмкіндік сол тәжірибені ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпке пайдалану.

Ауыл шаруашылығында да мұның пайдасын су шығынымен өлшеуге болады. Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, Қытайдағы бидай алқаптары бойынша зерттеулерді жинақтаған метаталдау суару режимін оңтайландыру арқылы өнімділікті сақтай отырып, су шығынын 35 пайызға дейін қысқартуға болатынын көрсетті. Қазақстанда жасанды интеллект жерсерік суреттерін, ауа райы болжамын және топырақ ылғалы туралы деректерді біріктіріп, шаруаға қай алқапты, қашан және қанша суару керегін анықтауға көмектесе алады.

Өнеркәсіпте де мүмкіндік мол. Мысалы, кен өндіретін кәсіпорын жабдықтың қашан істен шығуы мүмкін екенін алдын ала анықтайтын жүйеге тапсырыс берсе, отандық компания оны нақты өндіріс жағдайында әзірлеп, сынай алады. Осындай тапсырыстар көбейген сайын елде өнеркәсіптік бағдарламалар әзірлейтін, датчиктер мен автоматтандыру жүйелерін өндіретін кәсіпорындар қалыптасады. Ал шикізатты терең өңдеу осы инженерлік әлеуетті күрделі дайын өнім шығаруға жұмылдыруға жол ашады. Яғни бүгін қазақстандық кенішке немесе шаруашылыққа арнап жасалған технология ертең басқа елге сатылатын өнімге айналса, Жолдауда айтылған басымдықтар экспорт құрылымын өзгерте бастайды.

– Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті дамыту, орта кәсіпорындарды ұзақмерзімді қаржыландыру және әлеуметтік саясатты жетілдіру жөнінде нақты міндеттер қойды. Осы бастамалар экономиканың тұрақтылығын арттырып, азаматтардың әл-ауқатын көтеруге және Әділетті Қазақстан қағидаттарын нығайтуға қалай ықпал етеді?

–  Президент бұл сұраққа Жолдауда нақты жауап берді. Мемлекеттің дамуын азаматтардың тұрмысымен өлшеу керек, реформаның игілігін де солар көруі тиіс. Әділдік идеясының мәні де осында. Кәсіпкер үшін бұл қаржыға ашық әрі тең шартпен қол жеткізу болса, отбасы үшін тұрақты табыс пен қажет кезде дер кезінде көрсетілетін әлеуметтік қолдау.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылдың бірінші жартысында шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40,4 пайызға жетті. Ендігі маңызды міндет шағын кәсіпорындардың орта бизнеске айналуына, ал орта кәсіпорындардың өндірісін кеңейтуіне жағдай жасау. Мысалы, өңірдегі сүт өңдейтін кәсіпорын жаңа желі орнатқысы келсе, оған бірнеше жылға есептелген қаржы қажет. Сонда ол жергілікті шаруалардан көбірек сүт сатып алып, жаңа жұмыс орындарын ашып, өнімін басқа өңірлерге шығара алады. Осындай кәсіпорындар көбейген сайын өңірдің жұмыспен қамтылуы мен табысы бір-екі ірі жұмыс берушіге азырақ тәуелді болады.

Әлеуметтік саясат та осы міндетпен ұштасуы керек. Мысалы, жұмысынан айырылған адамға уақытша табыс қолдауы қажет. Ал қайта даярлау бағдарламасы өңірде маман іздеп отырған кәсіпорындармен байланыстырылса, сол адамның тұрақты жұмысқа оралу мүмкіндігі артады. Мұнда нәтиже адамның қандай жұмысқа орналасқанынан және табысының қаншалықты тұрақты болғанынан көрінеді.

Меніңше, Әділетті Қазақстан қағидаты осы екі шешімнің іс жүзінде қалай қабылданатынынан байқалады. Кәсіпкер қаржының қандай талаппен берілетінін алдын ала білуі керек. Азамат өзіне тиесілі көмекті түсінікті тәртіппен, уақтылы алуы тиіс. Сонда экономикалық өсімнің игілігі өңірдегі жаңа жұмыс орнынан да, отбасының тұрақты табысынан да көрінеді.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Тегтер: Риззат Тасым
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз