Саясат

Журналист Лұқпан Ахмедьяровтан Астана әуежайында полиция түсініктеме алған

Қазақстандық журналист, «Просто журналистика» YouTube-арнасының авторы Лұқпан Ахмедьяров 25 тамызда Астана әуежайында полиция қызметкерлері өзін тоқтатып, Ресейде қозғалған қылмыстық іске байланысты түсініктеме алғанын мәлімдеді.

Лұқпан Ахмедияров

Журналистің айтуынша, полиция қызметкерлері оны әуежайдың жүк алу аймағында күтіп тұрған. Олар прокуратураның тапсырмасы бойынша Ресейде Ахмедьяровқа іздеу жариялауына байланысты түсініктеме алу керегін айтқан.

«Бұл жүк алатын аймақта болды. Біз шығатын есікке қарай бара жатқанбыз, сол жерде полиция қызметкерлері тұрды. Олар мені көріп, маған қарай қозғалғанда, мен үшін келгенін түсіндім. Біреуі өзін таныстырып, прокуратура Ресейдің мені іздеуге жариялауына байланысты менен түсініктеме алуды тапсырғанын айтты. Мен мұндай түсініктемені Оралда да бергенімді және айтатыным өзгермейтінін жеткіздім. Бұл қылмыстық іс туралы ештеңе білмеймін. Ресей мені не үшін айыптап отырғанынан хабарым жоқ. Біз желілік полиция бөліміне бардық, сол жерде осы сөздерімді қайталадым. Олар бәрін жазып алды, содан кейін қоштастық», – деді Ахмедьяров.

Әзірге полиция журналистің бұл мәлімдемесін ресми түрде растаған жоқ.

Ахмедьяровтың өзі Ресейде қылмыстық іс қозғалуына Орал қаласының тумасы Шәкір Суханбердиннің арызы себеп болуы мүмкін деп есептейді. Оның айтуынша, Суханбердин Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталғаннан кейін Мәскеуге көшіп кеткен. Алайда журналист Ресей билігінің өзіне нақты қандай айып тағып отырғанын білмейтінін айтады.

Бұған дейін Ахмедьяровтың «Просто журналистика» жобасының түсірілім тобы Украинада жұмыс істеген. Журналистер Ресей жағында соғысып жүрген Орталық Азия елдері азаматтары туралы материалдар жинап, қазақстандықтарды соғысқа тарту тақырыбында зерттеулер жариялаған.

Ахмедьяров Қазақстанда да қысымға тап болып жүргенін бірнеше рет мәлімдеген. Шамамен бір ай бұрын белгісіз адамдар Астанада оның көлігіне бояу шашып кеткен. Журналистің сөзінше, оқиға бейнебақылау камераларына түскеніне қарамастан, тергеу баяу жүріп жатыр.

Сонымен қатар Қазақстанда Лұқпан Ахмедьяровқа қатысты Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Астана полициясы бұған дейін журналистке қатысты «көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша» іс тергеліп жатқанын хабарлаған.

Осы айда қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдары, оның ішінде Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Қазақстан билігіне бірлескен мәлімдеме жасап, елдегі тәуелсіз журналистердің жағдайына алаңдаушылық білдірді. Мәлімдемеде Лұқпан Ахмедьяровтың да аты аталған.

Бұған дейін Ахмедьяров Facebook, Instagram және WhatsApp-тағы аккаунттарының бұғатталғанын да хабарлаған. Журналист мұны өзінің қоғамдық-саяси қызметімен байланыстырады.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз