Оқиғалар

Жылыту маусымындағы қауіптің алдын алу жолдары

Жылыту маусымындағы қауіптің алдын алу жолдары

жылу

Жылыту маусымында құтқарушылар Астана тұрғындарына улы және табиғи газ датчиктерін, сондай-ақ түтін хабарлағыштарды орнату мен дұрыс пайдаланудың маңыздылығын еске салады. Бұл құрылғылар газдың шығуын, улы газдың қауіпті шоғырлануын және өрт кезінде түтіннің пайда болуын уақытылы анықтауға көмектеседі деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Мамандар құрылғылардың жұмыс істеу қабілетін үнемі тексеріп отыруды, батареяларының жай-күйін бақылап, оларды уақытылы ауыстыруды ұсынады. Сондай-ақ өрт және газ қауіпсіздігі ережелерін сақтау, желдету жүйесі мен газ жабдықтарының жарамдылығын қадағалау маңызды.

Газ датчигі іске қосылған жағдайда бөлмеден дереу шығып, электр құрылғыларын қоспау және ашық отты пайдаланбау қажет. Оқиға туралы қауіпсіз жерден 104 немесе 112 нөміріне хабарлау керек. Өрт байқалған жағдайда ғимараттан эвакуацияланып, 101 немесе 112 нөмірлеріне қоңырау шалу қажет. Құтқарушылар жарамды датчиктер мен түтін хабарлағыштар адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың маңызды шарасы екенін баса ескертеді.

Жалпы,Қазақстанның солтүстігі мен елордада күн суытып, жылыту маусымы басталған сәттен-ақ төтенше жағдайлар қызметінің жұмысы қыза түседі. Әсіресе Астананың жеке тұрғын үй секторы мен автономды жылыту жүйелерін пайдаланатын нысандарда өрт пен газдан улану қаупі күрт артады. Мамандардың жыл сайынғы ескертулеріне қарамастан, тұрмыстық қауіпсіздік ережелеріне салғырт қарау қайғылы жағдайларға әкеліп жатады. Осы орайда қарапайым ғана газ және түтін датчиктері адам өмірін сақтап қалудың ең тиімді тетігіне айналып отыр.

Жылыту маусымындағы ең үлкен қауіптердің бірі – улы газ (көміртек тотығы). Оның басты ерекшелігі мен қауіптілігі сол, бұл газдың түсі де, иісі де, дәмі де жоқ. Адам ағзасына тараған улы газды сезу мүмкін емес: алдымен бас айналып, әлсіздік пайда болады, ал ұйқыда жатқан адам ештеңе сезбестен уланып қалуы ықтимал. Көбіне мұндай жағдайлар пеш мұржасының бітелуінен, желдету жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуінен немесе жылыту қазандықтарының ақауынан туындайды.

Ал табиғи газдың шығуына одорант (арнайы иіс) қосылатындықтан, оны иісінен білуге болады. Алайда түнде немесе үйде ешкім болмаған кезде газ жиналып қалса, кез келген ұшқын тіпті жарықты қосу немесе телефон қоңырауы жойқын жарылысқа алып келуі мүмкін.

Бүгінде елорда әкімдігі мен құтқарушылар тұрғындарды үш түрлі құрылғыны орнатуға шақырып отыр: табиғи газ датчигі, улы газ датчигі және түтін хабарлағыш. Бұл құрылғылардың жұмыс істеу принципі қарапайым, бірақ тиімділігі жоғары. Олар ауа құрамындағы газдың немесе түтіннің ең төменгі қауіпті деңгейін бірден тіркеп, қатты дыбыстық белгі береді. Бұл дабыл қатты ұйықтап жатқан адамды да оятуға қауқарлы.

Төтенше жағдайлар департаменті жыл сайын әлеуметтік осал топтардың үйлеріне тегін датчиктер орнату акцияларын өткізеді. Дегенмен қауіпсіздік тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі болуы тиіс. Құны бірнеше мың теңге тұратын шағын құрылғы тұтас бір отбасының өмірі мен мүлкін аман алып қалуы мүмкін.

Төтенше жағдай орын алған сәттегі әрекет ету алгоритмін білу де аса маңызды. Газ датчигі іске қосылса, үрейге бой алдырмай, ең алдымен электр құрылғыларын қоспау, сіріңке жақпау, терезелерді ашып, дереу сыртқа шығу қажет. Тек қауіпсіз жерге шыққан соң ғана 104 немесе 112 нөмірлеріне қоңырау шалу керек. Ал түтін немесе өрт байқалса, кідірместен эвакуацияланып, 101 немесе 112 қызметіне хабарласқан жөн.

Қорыта айтқанда, жылыту маусымындағы қауіпсіздік – кездейсоқтыққа сенуге болмайтын мәселе. Мұржаны уақытылы тазалау, желдету жүйесін тексеру және сапалы қауіпсіздік датчиктерін орнату арқылы ғана қысты аман-есен, тыныш өткізуге болады.

Әнуар ҚАЙЫРБЕК 

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз