17-ші өңірдің 17-ші әкімі

        Әйтенов елге берген уәдесін орындай ала ма?

М.СӘУЛЕБЕК

18.02.2021, 18:42

1153

Шымкентте аудан әкімдері онлайн есептерін аяқтады. Мегаполис басшысы Мұрат Әйтеновтің онлайн «емтиханы»  ендігі аптаға белгіленіп отыр. Қызметіне былтыр 21 қаңтарда тағайындалған Әйтеновтің бұл екінші есеп беруі. Былтыр ақпандағы есеп 2019 жылдың қорытындысы, дәлірегі  Ғабидолла Әбдірахымов пен Ерлан Айтахановтың атқарған жұмысы бойынша тапсырылған еді. Бұл жолы Әйтенов есепті толығымен өзінің жұмысы үшін береді.

Әйтеуір, онлайн есептің алдында Шымкент әкімінің тірлігі қауырт болып кетті. Құрылысы жүріп жатқан білім нысандарын аралау,  шалғайдағы елді мекенде жүргізіліп жатқан ауызсу құрылысымен танысу, инвесторларды, одан бөлек, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау… Атқамінерлердің алдағы шараға қызу дайындық жасап жатқаны байқалады.

Жалпы, республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғанына екі жарым жылдан асқан Шымкентте жасалып жатқан өзгерістер аз емес. Содан бергі үш әкім мегаполисті өзінше дамытқысы келді. Әркімнің өз жоспары болды.  Бірақ көпшілігінің орындала қоймағанын мойындау керек. Ал алға қойған жоба-жоспарлар қай уақытта да орындалғанымен құнды емес пе?! Әрине, Әйтеновтің бар-жоғы бір жылда тау қопарып тастамағаны айдан анық. Дегенмен былтыр Шымкентте ауыз толтырып айтарлық біраз тірлік жасалды. Солардың негізгілеріне тоқталсақ.

Алдымен мегаполисте былтыр атқарылған жұмыстарды үкіметтің жақсы бағалағанын атап өтейік. Жуырда жыл қорытындысы бойынша өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Шымкент бірнеше сала бойынша көш басынан көрінді. Мәселен, тұрғын үй құрылысы, ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту бойынша.

Шымкентте бүгінгі күні 350 мыңнан астам көлік тіркелсе, қалаға келіп кететін көліктердің саны 200 мыңнан асады. Осы себепті Бәйдібек би, Қонаев даңғылдары, Арғынбеков, Т.Рысқұлов және Жібек жолы көшелеріне түсетін салмақ екі есе көбейіп отыр. Көлік кептелісін азайту үшін  былтыр Қонаев даңғылын Ташкент тас жолымен қосу жұмыстары қолға алынды Ташкент, Түркістан және Алматы бағыттарына шығатын жолдарда құрылыс жұмыстары жүргізіліп, көлік  өткізу қабілеті жоғары автомобиль жолдары салынбақ.

Қазан айында Рысқұлов–Қонаев көшелерінің қиылысында жолайрық құрылысы басталды. Ол биыл жыл соңына дейін толық аяқталуы тиіс. Биыл сондай-ақ  Бәйдібек би–Арғынбеков–А.Назарбеков–Н.Назарбаев даңғылдарындағы жолайрықтың 1-кезеңінің құрылысын бастау көзделуде.

Былтырдан бастап  қаладағы қоғамдық көліктерде «Төлем» электрондық билеттендіру жүйесі іске қосылды. 9 қарашадан бастап сараланған тариф енгізіліп, қолма-қол төлем – 100, электронды төлем 70 теңге болып бекітілді. Жүйе  көлік картасымен, қолма-қол, СМС, QR-код арқылы төлемдерді қабылдауға мүмкіндік береді.

Шымкентте «Жұлдыз» индустриалды аймағын құру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 260 гектар жер учаскелері мемлекеттік мұқтажға алынып, олардың мемлекеттік актісі әзірленді. Индустриалды аймақта, негізінен, құрылыс, металлургия және жиһаз өнеркәсібін дамыту көзделген. Мегаполисте 427 гектар аумақта «Шымкент Сити» аймағы құрылуда. «Шымкент Сити» жобасын жүзеге асыру барысында қала экономикасына 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде жеке инвестициялар тартылады деген жоспар бар. Жоба аясында 50 мың отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.

Шаһарда екі агроиндустриалды аймақты іске қосу жұмыстары жүруде.  Біріншісі –  көліктік-логистикалық орталық маңындағы 136 гектар аумаққа заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешендерін салуға арнайы жер бөлінді. Екіншісі – «Қайнар бұлақ» тұрғын алабы аумағында ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы құрылмақ.

 Шымкентте туризмді дамыту бағытындағы жұмыстардың ең негізгісі «Шымкент қалашығы» (Цитадель) аймағында жүргізілуде. Аталған орын  жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген ерекше археологиялық нысан саналады. Былтыр Цитадельдің барлық бөлігінде ғылыми-реставрациялық, мұражайландыру, бекіту және археологиялық жұмыстар аяқталып, қазір нысанды музей ретінде пайдалануға беру жұмыстары атқарылуда. Музей тарихи-мәдени кешен ретінде жұмыс істейді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасы, сондай-ақ Қазақстан ратификациялаған халықаралық конвенциялар негізінде ЮНЕСКО сарапшыларын тарта отырып, нысанды Әлемдік мұралар тізіміне енгізу жұмыстары басталды.

Әкімдік жүйе қолданысқа енгізілгелі бері Әйтенов Шымкентті басқарған 17-ші әкім екен. Он жетінші өңірдің 17-ші әкімінің алғашқы жылы жоба-жоспарларды құрумен, соларды бастаумен өтті. Ал бұл жобалардың қаншалықты жемісті болары әкімнің биылғы тірлігінен белгілі болмақ.

Тегтер: әкім тағайындау кадр маман мәселесі

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 12:20
Бөкейде дүбірлеген той өтті
Миуа БАЙНАЗАРОВА 09:44
Сапалы білім – болашаққа құйылған инвестиция
Жарас КЕМЕЛЖАН 09:10
Сейітқазы Матаев: Төртінші билік? Биліктің көзіне шыққан сүйелміз
Еркежан АРЫН 25.10.2021, 08:48
Қазақстандағы гендерлік саясат үнемі сабақтастық пен тепе-теңдік принциптеріне негізделген
Сайт әкімшілігі 22.10.2021, 19:13
Ы.Жақаевтың 130 жылдық мерейтойына орай ауыр атлетикадан жасөспірімдер турнирі өтті
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.10.2021, 14:40
Тас жолдарды тоздырған жүк көліктері жүгенсіз кетті

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01