Шомылу маусымы аяқталды, статистика не дейді?
Жаз мезгілі басталған сайын су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі күн тәртібіне шығады.
Аптап ыстықта өзен-көлдер мен демалыс орындарына ағылатын жұрттың саны көбейген сайын төтенше жағдай қаупі де арта түсетіні белгілі. Әсіресе шомылуға арналмаған аумақтарға түсу, қауіпсіздік талаптарын елемеу, балаларды қараусыз қалдыру, жүзу құралдарын талапқа сай пайдаланбау секілді қарапайым көрінген әрекеттердің соңы қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін. Сондықтан шомылу маусымындағы қауіпсіздік тек құтқарушылардың дайындығына әрі алдын алу жұмыстарының қаншалықты жүйелі ұйымдастырылғанына және тұрғындардың белгіленген талаптарды сақтауына да тікелей байланысты. Шымкентте биылғы шомылу маусымының қорытындысы осы бағыттағы профилактикалық шаралардың маңызын тағы бір көрсетті.
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар алаңында 2026 жылғы шомылу маусымының қорытындысына арналған брифинг өтіп, қаладағы су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар баяндалды. Жиында профилактикалық шаралардың нәтижесі, рейдтер барысында анықталған заң бұзушылықтар және алдағы кезеңдегі міндеттер сөз болды. Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Р.Орынбековтің айтуынша, биыл судағы қауіпсіздік мәселесіне айрықша назар аударылып, негізгі жұмыс маусым басталмай тұрып қолға алынған.
Шомылу маусымындағы қауіпсіздік дегеніміз, төтенше жағдай орын алғаннан кейін адам құтқарумен ғана шектелмесі анық. Керісінше, ең тиімді тәсіл – оқиғаның алдын алу. Осы мақсатта маусым басталғанға дейін қала аумағындағы су айдындары зерделеніп, тұрғындардың демалуына қолайлы және қауіпсіз аумақтар анықталған. Қалада бес ресми демалыс орны белгіленсе, соның үшеуінде шомылуға рұқсат берілген. Су астындағы шұңқырлар, ағыс, жағалаудың ерекшелігі, тереңдіктің күрт өзгеруі және құтқару инфрақұрылымының болмауы адам өміріне қауіп төндіруі ықтимал. Қала аумағында шомылуға тыйым салынған 13 учаске белгіленіп, мұндай жерлерге барлығы 267 ескерту тақтайшасы орнатылған. Тыйым салынған аумақтарды белгілеудің негізгі мақсаты – азаматқа қауіп барын алдын ала ескерту. Дегенмен қауіпсіздік инфрақұрылымын қалыптастырумен мәселе толық шешілмейді. Тұрғынның өзі қауіптің сипатын түсініп, қарапайым ережелерді күнделікті дағдыға айналдырғанда ғана профилактика нәтижелі болады. Осыған байланысты маусым барысында халық арасында кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Қала аумағында 189 рейд ұйымдастырылып, тұрғындарға бес мыңнан астам үгіт-насихат материалы таратылды.
Профилактикалық жұмыстың елеулі бөлігі балалар мен жасөспірімдерге бағытталған. Білім беру ұйымдарында судағы қауіпсіздік тақырыбында 225 интерактивті сабақ өткізіліп, оған 52 мыңнан астам оқушы қамтылған. Сонымен бірге 151 мектепте арнайы ақпараттық стендтер орналастырылды.
Атқарылған жұмыстың ең басты нәтижесі – 2026 жылғы шомылу маусымы кезінде Шымкент аумағындағы су айдындарында қайғылы оқиғалардың тіркелмеуі. Мұндай көрсеткіштің артында бірнеше бағыттағы жұмыстың қатар жүргенін көруге болады. Қауіпті аумақтарды алдын ала анықтау, тыйым салынған жерлерге ескерту белгілерін орнату, рейдтер ұйымдастыру, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу және балаларды қауіпсіздік талаптарына үйрету.
Сонымен бірге маусым бойы барлық тұрғын қауіпсіздік талаптарын бірдей сақтады деуге келмейді. Рейдтік іс-шаралар барысында бірқатар заң бұзушылық анықталып, азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабы бойынша 20 адамға, 440-бабы бойынша 11 адамға, 127-бабы бойынша 15 адамға әкімшілік шара қолданылған. Бұдан бөлек, ортақ су пайдалану қағидаларын бұзған жеті азаматқа ескерту жасалып, екі жүзу құралының иесіне қатысты әкімшілік шара қабылданған. Бұл деректер қауіпсіздік ережелерін түсіндірумен қатар, олардың орындалуын бақылаудың да қажет екенін көрсетеді. Судағы қауіпсіздік мәселесінде балаларға қатысты жауапкершілік ерекше. Ересек адам қауіптің белгілі бір деңгейін бағалап, шешім қабылдай алады, ал кішкентай баланың мұндай мүмкіндігі шектеулі. Бірнеше минуттық қараусыздықтың өзі жеткілікті болуы мүмкін. Сондықтан ата-ананың немесе баланы ертіп келген ересек адамның назары телефонға, әңгімеге не басқа іске ауып кетпеуі қажет. Баланың жүзуді білуі де толық қауіпсіздік кепілі емес. Шаршау, қорқу, судың тереңдігі немесе басқа күтпеген жағдай оның өздігінен жағаға шығуына кедергі келтіруі мүмкін. Осы себепті балаларды су маңында қараусыз қалдырмау талабы жыл сайын қайталанатын қарапайым ескерту болып көрінгенімен, оның артында адам өміріне қатысты үлкен жауапкершілік жатыр.
Жалпы судағы қауіпсіздік мәдениеті тыйым мен айыппұл арқылы ғана қалыптаспайды. Оның негізінде адамның өз өміріне және өзгенің өміріне жауапкершілікпен қарауы жатыр. Арнайы белгіленген жерді таңдау, ескерту тақтайшасына мән беру, балаларды көзден таса етпеу, суға түсер алдында жағдайды бағалау сияқты қарапайым әрекеттер төтенше жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді. Ал мемлекеттік және төтенше жағдайлар қызметтерінің міндеті – қауіп бар жерді алдын ала анықтап, тұрғынға түсінікті ақпарат беру, қауіпсіз инфрақұрылым қалыптастыру және талаптардың сақталуын бақылау.
Брифинг соңында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Р.Орынбеков тұрғындарды су айдындарында белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтауға, тек арнайы рұқсат етілген орындарда шомылуға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырды. Бұл талаптардың барлығының түпкі мақсаты бір – адам өмірін сақтау. Биыл қала су айдындарында қайғылы жағдайдың тіркелмеуі жақсы көрсеткіш болғанымен, ол қауіп мүлде жоқ дегенді білдірмейді. Керісінше, қол жеткізілген нәтижені сақтау үшін құтқару қызметтерінің жұмысы мен азаматтардың жеке жауапкершілігі қатар жүруі керек. Шомылуға рұқсат етілмеген жерге түспеу, ескертуге құлақ асу, баланы қараусыз қалдырмау – сырттай қарағанда қарапайым ғана талаптар. Бірақ дәл осы қарапайым ережелердің артында адам өмірі тұр.
Сәруар Бақберген
Шымкент қаласы