Әке өліміне әкелген вакцина. Қауіп қайдан?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

12.10.2021, 14:02

1133

 Қарағандыда тәжтажалға шалдыққандар кемімей тұр. Биылғы қауіп екі есе күшті. Қатері сол – адамзаттың азасын арқалаған вирус балаларға да ауыз салуда.  Жалпы білім беретін мектептер жаңа оқу жылынан бастап жылдағыдай дәстүрлі оқу жүйесіне көшірілді. Сыныптағы оқушылардан індет шыққан сайын карантинге жабылып тұрады. Қазір әр үйде үрей басым.  Сескенетін жөні бар. Бір отбасында кемі бір оқушы барын ескерсек,  жұқпалы індетті жұқтыру тәуекелі мейлінше көбейді. Оның үстіне білім ордасында  жөтеліп жүрген балалар аз емес. Мектеп дәрігерлері ауру баланы сау ортаға неге жібереді? Міндетіне кіріспей, қайда қарап отыр? Яки ол жұмысты атқарғаны үшін ақша қосылмай ма?

    «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» демекші, коронавируспен қабаттасып күзгі тұмау да ел арасына етене тарауда. Осы күні кеншілер шаhарында қоғамдық көлікпен жүру қиын болып кетті. Көлік жүргізушілері мен жолсеріктердің жағалары жайлауда. Автобуста індеттен сақтану шаралары жүргізілмейді. Жергілікті жердегі санитарлық-эпидемиологиялық басқарманың мамандары  тексеріске шығуды доғарған. Аса алаңдатарлығы, бұқаралық көлік қызметін пайдаланушылардың арасында алқынып жөтелушілер күннен-күнге қаулап барады.  

Автобустағы әңгіме

 Қоғамдық демекші, көпшілік мінетін  көлікпен жүреміз. Түнеугүні автобусқа кірген ашулы жолаушы жанында тұрған сапарласына бұрылып:  «Дәрігерлер мына көксау халықты емдемей, қайда қарап отыр?» деген сауал тастады. Ол да жұлып алғандай: «Қазір емханадағы дәрігерлердің жалақысына төлемақы қосылмайды. Қосымша ақыдан қағылған дәрігерлер сырқаттарға салғырт қарай бастады», – деп шерін ақтарып салды. «Халық айтса қалт айтпайды».

Жұмбақ вакцинаның зардабы

Күні кеше Қарағанды қаласына қарасты  Октябрь ауданының 16-шы  шағынауданында тұратын зейнеткер Тілеубек Әбдіғалимов бақилық болды. Марқұмның қызы Саягүл Әбдіғалимова әкесінің өліміне беймәлім вакцина себеп болғанын жайып салды. Асқар тауын жоғалтқан перзент жанарынан аққан жасын тыя алмай, көкірегін құрсаған қайғысын ентіге баяндады.

– Қыркүйектің 25-і күні №1 қалалық емхананың екі  дәрігері әке-шешемнің үйіне апақ-сапақта жетіп келді. Бұл кезде екеуі де үйде болды. Содан бас-көзге қарамай: «Тұмауға қарсы вакцина әкелдік. Міндетті түрде қабылдауларыңыз керек», – деп мәжбүрлеген. Әкем әуелде үзілді-кесілді қабылдауға қарсы болған. Анам  медбикенің  жүзі таныс болған соң, тәуекелге бас тігіп, екпені жасатқан. Қадалған жерден қан алардай табандап тұрып алған әлгілер ақыры әкемді де көндірген. Осылайша вакцинаны салғандардың есебі түгенделді. Бірақ екпенің зардабы ертеңінде білінді. Анамның екпе салынған қолы көтертпей қалды. Күн бұрын сап-сау жүрген  әкем  келесі тәулікте төсекке таңылды. Екі күн дене қызуы көтеріліп, алқыну басталды. Ол  бұрыннан созылмалы демікпемен  /астма/ ауыратын еді. Оның үстіне алты ай бұрын жамбасын жаралап, көпбейінді клиникада күрделі ота жасатып шыққан болатын.

 Алғашқыда біз вакцинаның әсері болар, бір аптадан кейін қалпына келер деп көңілімізді демдеп жүрдік. Жетінші күні сырқаты күшейе бастағанда жедел жәрдем шақырттық. Дәрігерлер жағдайы күрт нашарлағанын айтып, стационарлық емге жатқызды. Бақсақ, өкпесінің 90 пайызы күйіп кеткен екен. Апта жетпей, әкемізден айырылдық. Енді бұған кім кінәлі деген сауал туындайды. Біріншіден, дәрігерлер вакцинаны неге үйге әкеп салады? Екіншіден, ата-анамызға қандай вакцина салынғаны бізге белгісіз. Олардан ресми рұқсатнама алмаған. «Ешқандай қағазға қол қоймадық» дейді. Екпенің  нақты қандай  ауруға қарсы екені жөнінде мағлұмат берілмеген. Қандай да бір ережемен таныстырмаған. Талап бойынша екпе  емханада терапевт дәрігердің жіті тексеруінен соң салынбаушы ма еді? Сонда, бұл бастамаларына не жорық? Орындауға кім бұйрық берді?  Әлде қарт адамдардың өмірін сынаққа айналдырғаны ма? – дейді шерлі күйдегі Саягүл Тілеубекқызы.

 Шағым иесінің анасы биыл инсульт алған. Мәлімдеуінше, ол жолы да  №1 қалалық емханадағы ақ желең иелерінің салғырттығынан ауыр жағдай орын алған. Бірақ шырылдаған шынашақтай келіншек ақиқатты орната алмаған. Онда да емхананың жауапты қызметкерлері бет-аузы қисайып, тілі күрмелген әйелді «инсульт алмаған» деп, жауырға жаба тоқып құтылған екен. Бірақ өтіріктің түбі – бір тұтам. Айналып келгенде, дәрігерлер анасының диагнозын «инсульт» деп қойған көрінеді. Саягүл «осы жолы әкемді жер жастандырған вакцинаға байланысты қандай сылтау айтар екен» дейді.

 Жұмбақ екпеге қатысты мән-жайды анықтау үшін біз облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандарына сұрау салдық. Басқарманың ресми өкілі  қызметтік тексеріс жасалатынын жеткізді. Біз де өз тарапымыздан тексерістің нәтижесін күтеміз. «Жас Алаштың» өңірдегі тілшісі бұл мәселені бақылауда ұстайтын болады.

Тегтер: медицина коронавирус ПТР тест анықтама

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 22.10.2021, 19:13
Ы.Жақаевтың 130 жылдық мерейтойына орай ауыр атлетикадан жасөспірімдер турнирі өтті
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.10.2021, 14:40
Тас жолдарды тоздырған жүк көліктері жүгенсіз кетті
Еркежан АРЫН 22.10.2021, 11:37
Алматыда ұжымдық иммунитет қалыптастыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр
Расул ЖҰМАЛЫ 21.10.2021, 16:47
Азамат!
Сайт әкімшілігі 21.10.2021, 12:01
Арықта ұйықтап қалған бала отбасына оралды
Сайт әкімшілігі 21.10.2021, 11:58
Алты адам қаза тапқан жол апатының себептері анықталып жатыр

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31