Әлімбекеровке әлдері жетпей жатыр

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ

05.11.2020, 03:29

2560

     Батыс Қазақстан облысындағы Жаңақала аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ербол Әлімбекеров келгеніне екі жыл толысымен қызметтік пәтерін жекешелендіріп алып, басы дауға ілікті. Бар гәп бұған Әлімбекеровтің «әлі» жеткенінде емес, сол ауылда тұратын жүздеген тұрғынның жылдар бойы баспанаға зар болып жүргенінде болып тұр. «Екі жыл істеп, үйді жекеге алып, сосын сатып кете беретін болса, онда облыстағы үйсіз жүрген полицейлердің бәрі біздің ауданға бастық болып келіп, майшелпекке қарық болсын», – дейді ашынған халық.     

Айта кету керек, Жаңақалада үйге қатысты туындаған жанжал бір бұл емес. 2017 жылы жаңадан салынған біраз үйлер кезексіз тамыр-танысқа таратылып кетіп, бірсыпыра шенеунік жұмыссыз қалған-тұғын. Комиссия төрағасы сотталып, мүшелері мүйізделіп, жаңа құрам жасақталғандай болған еді. Бірақ ауру қалса да, әдет қалмайтыны рас екен. Ұмыттыра беріп, баяғы әндеріне қайта басқан шенділер аудандық полиция бөлімі бастығының алдында «әлсіздік» танытып, ұят жасады. Ауылдықтардың ашынуы да орынды. Себебі Жаңақалада көпбалалы, жағдайы төмен ондаған отбасы апатты үйлерде тұрып жатыр. Бұған жылдар бойы кезекте тұрған жетім-жесірлер мен пәтерден-пәтерге сандалып жүрген бюджеттік сала қызметкерлерін, жас мамандарды қосып, жағдайды бағамдауға болады.

    Жалпы, ауданда бес санат бойынша 400 адам үй кезегін күтуде. Ал дәл осындай ушығып тұрған кезде «Мә, саған үй!» деп, талай адам армандаған баспананы полиция бастығына тегін бере салу қара халықты қалай ашындырмайды?!    – Әлімбекеров жекешелендіріп алған үй 2016 жылы салынған және құжат бойынша жекешеленбеуі тиіс. Сол жылы салынған 16 үйдің бәрі солай. Қазір бұларда тұрып жатқан тұрғындар әкімдікке талай барып, ақшасын төлеп, жекеге беруді сұраса да, «бере алмаймыз» деп шығарып салатын шенеуніктердің полиция өкіліне келгенде неге жалпақшешей бола қалғаны түсініксіз. Ол не, күнін көре алмай отырған адам ба? Тұрмысы тым жақсы, білдей бастық емес пе? «Тұрғындар неге еңбектеніп үйді өздері тұрғызбайды?» дегендерге айтарым, сонда даладан келгендер тегін үй алып, жергілікті халық маңдай терін сыпырып үй салуы керек пе? Әділдік қайда? Ауылда биыл 40 үйдің іргетасы қаланды. Енді әкімдік соларды да келімсектерге тегін үлестіріп бере ме екен, сонда? – дейді ауыл тұрғыны, танымал блогер Айболат Бөкенов.        Айболаттың айтуынша, ауылда бұған дейін пәлен жыл абыройлы еңбек еткен талай білікті маман бір баспанаға ие бола алмай кеткен. Олардың қатарында аудандық аурухананы он жыл басқарған білікті дәрігер Әділгерей Ғаббасов, ауданды алты жыл басқарған Лавр Хайретдиновтер бар. Оны айтасыз, ауданның бас имамының өзінде пәтер жоқ, медресенің қуықтай бір бөлмесінде тұрып жатқан көрінеді. Бұлардың қасында екі жыл жұмыс істеп, тегін үй алған Әлімбекеров деген кім, сонда?!

     «Күні ертең жекешелендірген үйін пәлен миллионға сатып, басқа жерге тайып тұрарына күмән жоқ», – дейді ашынған ауыл тұрғындары. Расында да, ел аузында «Әлімбекеров енді Сырым ауданына полиция бөлімі бастығы боп кетіпті» деген әңгіме желдей есіп жүр еді, шын екен. Мәссаған, безгелдек! «Іс бітті, қу кеттінің» нағыз көкесі – осы.       

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 06.03.2021, 19:24
Талғар ауданында өрт салдарынан баспанасынан айырылған отбасыға үй берілді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 05.03.2021, 12:48
Бірінші кезекте ана мен бала саулығы
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 05.03.2021, 10:36
Қарағандыда көп қабатты тұрғын үйдің бірінен екі айлық бала табылды
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 05.03.2021, 09:15
Түркістанда жаңа аудан құрудың машақаты басталды
Миуа БАЙНАЗАРОВА 04.03.2021, 18:13
Шенеуніктер неге тәртіп бұзады?
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 04.03.2021, 12:55
Бір-бірінің кебін кимесе игі...

Аңдатпа


  • "Жас Алаштың" 100 жылдық мерейтойына орай бильярдтан турнир өтеді
    05.03.2021, 16:25
  • Қарағандыдағы үш газет қазақшаға қалқан бола ма?
    05.03.2021, 13:12
  • Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
    04.03.2021, 10:15
  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44