«Ақылды ауыл шаруашылығы»

                               Бұл сөзді кім, қалай түсінеді?

М.СӘУЛЕБЕК

24.09.2020, 10:01

1067

Оңтүстікте ауыл шаруашылығының даму қарқыны жоғары. Бұған өңір климатының жылылығы, топырағының құнарлылығы оң әсерін тигізіп отыр. Ең бастысы, күнгей шаруалары жаңалықты жатырқамай қабылдайды, тың технологияларды тез игереді. Мұнымен көпшіліктің келісетініне күмәніміз жоқ.

Республикалық мәртебе иеленіп, өз алдына енші алып шыққан  Шымкентте ауылшаруашылық тауарларын өндіру жақсы дамып келеді. Тіпті үшінші мегаполис бұл саладағы жеткен жетістігі бойынша республикада алдыңғы қатарда. Шымкенттің ауыл шаруашылығында бұрын-соңды кездеспеген тың идеялар да бар.

Жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ұжымымен кездесті. Осы кездесуде техника ғылымдарының кандидаты, «Ауыл шаруашылығы өндірісін механикаландыру» ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі Бердияр Есбатырұлы «Ақылды ауыл шаруашылығы» концепциясын дайындап жатқанын, жыл соңына қарай оны қала басшысының назарына ұсынатынын мәлім етті.

–  «Ақылды ауыл шаруашылығы» деп аталатын мекеме құруды ұсынамын. Ол біздің университет ғалымдары жасап шығарған ең жаңа технологиялар мен цифрлы машиналардың барлық мүмкіндіктерін біріктіруі тиіс. Оның құрамында «Ақылды дала», «Ақылды ферма», «Ақылды жылыжай» және «Ақылды бау» деген бөлімшелер болады. Мұның әрбірі жеке-жеке жоба. Біз барлық бес бағыт бойынша жұмыс істегіміз келеді. Жыл соңында осы концепцияны сізге ұсынсақ, көріп, бекітіп беруіңізді және қолдау көрсетуіңізді сұраймыз, – деді Бердияр Есбатырұлы.

ХХІ ғасыр ақылды технология заманы. Қазіргі таңда тіршілікке қажетті дүниелердің бәрі тың әдіс-тәсілдермен жұмыс істеуде. Ауыл шаруашылығына да осындай  «ақылды жобаларды» енгізу заман талабы.    Мұрат Әйтенов «Ақылды ауыл шаруашылығы» мекемесіне кәсіпкерлерді тарту қажеттігін жеткізді. Яғни ғылыми жаңалықтарға бизнес қауымдастықтың назарын аударып, біріккен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру керегін айтты. «Қалаға өте қажетті, маңызды жұмысты бастап кетіпсіздер. Біз қолдаймыз. Алдағы уақытта тағы да кездесіп, ақылдасу қажет», – деді қала әкімі.

Айта кетейік, Бердияр Қалымбетов жаңа, жетілген техника мен технологияларды жасауға қомақты үлес қосқан және «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Ол жеті ғылыми жоба мен бағдарламаның жетекшісі. Бүгінде оның төртеуі аяқталып, нәтижесі өндіріске енгізілген.

Енді үшінші мегаполистің ауыл шаруашылығына қатысты біраз статистикаға тоқтала кетсек.  Республика көлемінде ауылшаруашылық өнімінің өсу қарқыны бойынша Шымкент  алдыңғы қатарда тұр. Осы бағытта жүйелі жұмыстарды жүргізу мен мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі артқан. Өндірілген өнімнің ішінде егін шаруашылығы 1,6 миллиард теңгені құраса, мал шаруашылығы 12 миллиард теңгеге жеткен.

Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-21 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 4 217,3 миллион теңге бөлініп, сегіз бағдарлама бойынша ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне қолдау көрсетіліп келеді. Қала аумағында биыл қосымша өнеркәсіптік үлгідегі 11,7 гектар жылыжай және 15 гектар қарқынды алма бау егу жобасы іске асырылған. Ал күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге 190 тонна  дизель отыны берілді. Күзгі егін жинау жұмысы қараша айына дейін толығымен аяқталады. Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбековтің айтуынша, мегаполисте ауыл шаруашылығына жарамды жерлер 62,6 мың гектарды құрайды. Оның ішінде егістікке жарамды 39,5 мың гектардың 27,9 мыңына егін егіледі. Бұл 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,2 мың гектарға артық.

 Шымкент қаласында сегіз айда 22,9 миллиард теңгенің ауылшаруашылық өнімі өндірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3 пайызға өскен. Бұл өсімге мал шаруашылығы саласындағы өнім көлемін арттыру арқылы қол жеткізілді.

Өткен аптадан бастап Шымкентте ауылшаруашылық тауарларының жәрмеңкесі жұмысын қайта жалғастырды. Жәрмеңке әр аптаның сенбі және жексенбі күндері карантин талаптарын сақтай отырып және жеке қорғану шараларын басшылыққа алып, сағат 08:00-ден 15:00-ге дейін өтеді. Жәрмеңкені  Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы мен Еңбекші, Абай, Қаратау аудандық әкімдіктері ұйымдастыруда. Аталған жәрмеңкеде Түркістан, Жамбыл облыстары және жергілікті тауар өндіруші кәсіпорындар мен ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен айналысатын шаруа қожалықтары өз өнімдерін төмен бағада ұсынатын болады.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 09:35
Шығыс Қазақстан облысының территориясына кіріп-шығуға тыйым салынды
М.СӘУЛЕБЕК 29.10.2020, 09:34
Бюджет жобасын халық жасайды
М.СӘУЛЕБЕК 29.10.2020, 09:31
Агроиндустриалды аймақ құрылады
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 29.10.2020, 09:25
Күнгейдің көлеңкелі тұстары
Сайт әкімшілігі 28.10.2020, 16:17
Шымкенттік жастар ІТ саласы бойынша сабақ алды
Сайт әкімшілігі 28.10.2020, 14:08
Алматы облысының полициясы қауіпті қылмыскерді іздестіруде

Аңдатпа


  • Мүгедекке айналған азамат әділет іздеп әлек
    29.10.2020, 11:03
  • Қайда кеткен? Қоймада коронавирустан емдейтін 12 дәрі жоқ болып шықты
    28.10.2020, 16:24
  • Kaspi.kz сервистері жұмыс істеп тұр
    28.10.2020, 15:38
  • Жалт етіп сөнген бір жасын
    27.10.2020, 09:53
  • Бүгін еліміздің басым бөлігінде қар мен жаңбыр жауады
    26.10.2020, 10:04