Арқаның аймаңдайы

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

18.05.2021, 17:30

2433

Қоғам қай кезде де іскер адамдарға мұқтаж болған.  Қазіргідей алмағайып заманда қарашаның мүддесі жолында тынымсыз еңбек етіп,  маңдай термен тапқан меншікті  несібесін халқына бағыштап жүрген жандар ел арасында  ілуде біреу екені анық. Арқадағы абыройы асқақ қоғам қайраткері, меценат, ұтымды  ұйымдастырушы  Бекзат Алтынбековтің асқар  таудай бейнесі қарағандылықтар үшін тәрбие құралына айналған.

Депутат қарашаның қалқаны болуы тиіс

Қойнауы  кенге бай Жезқазған  1997 жылы тоқырауға ұшырап, облыс мәртебесінен алынды.  Дербестіктен айырылған кезеңде мысты өлкедегі барлық саланың шаруасы шатқаяқтады. Тұралап тұрған шаhардың жағдайын жоғарыдағыларға жеткізіп, түйінін шешіп, орындалуын тиянақтау міндеті Бекзат Алтынбековтің еншісіне бұйырды. Ол бұл іске халық қалаулысы болған кезде  білек сыбана кірісті. Төл өлкенің өркен жаюына әлі де тынбай атсалысып келеді. Ел сеніміне кірген өкілді  Жезқазғантұрғындары облыстық мәслихаттың екі  шақырылымына  да  депутат етіп қалап сайлаған.

Депутат ретінде тыңғылықты тындырған  шаруасы бір төбе. Тізбектей берсең, шегі жоқ.  Жезқазған қаласында 27 жылдай дарынды балаларға арналған бір ғана білім инновация лицейі болса,  оның қатарына кейін талантты оқушылар үшін  «Өркен» мамандандырылған мектеп-интернаты қосылды.  Мемлекет қаржысы есебінен 1 500 млрд теңгеге салынған білім ордасының бой көтеруіне Алтынбековтің тікелей үлесі бар.  Депутат төл бастамасының іске асуына сол кездегі облыс әкімі  Ерлан Қошанов пен білім және ғылым министрі  болған Ерлан Сағадиевтің де үлесі  барын жоққа шығармайды.

 Ел ықыласына бөленген елжанды азаматтың білім саласын көтерудегі еңбегі жалғыз мұнымен шектелмейді. Мысты аймақтың  Теректі ауылында апатты жағдайда тұрған орта мектептің тағдыры  жергілікті тұрғындарды бұған дейін  қатты алаңдатып келгені рас. Алдағы жаңа оқу жылында теректілік өрендер  сыйымдылығы 80 балаға арналған   жаңа мектепте оқитын болады. Өркенді бастаманы қолға алып,тиянақтаған Бекзат Қомарұлы екенін жергілікті тұрғындар жоққа шығармайды. Облыстық мәслихаттың депутаты мұнымен қоса,  Жезқазғанның экологиялық ахуалын жақсарту, шағын шаhардың инфрақұрылымын жандандыру, коммуналдық саладағы қордаланған мәселелер жайлы  мәслихат отырысында азаматтық пікірін бүкпесіз айтып, құрыш қаланың қиындығын шешуге мұрындық болып келеді.  Былтыр мысты қалада қатерлі ісік  ауруына шалдыққан  науқастарды емдеу мекемесінің  қайта ашылуына да Алтынбековтің қосқан үлесі зор.

­­      — Бекзат Қомарұлы бұған дейін облыстық мәслихаттың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық сұрақтар жөніндегі, биылдан бастап  бюджеттік комиссияның  мүшесі болғаннан бері өз өлкесінің қадау-қадау түйткілдерін күн тәртібінен қалыс қалдырған емес. Белді әрі белсенді  өңірдегі тарихи-мәдени жәдігерлерді жандандыру, туризмді түлету туралы бастамалары әріптестеріне үнемі ой салып отырады.  Білім көкжиегі терең  халық қалаулысы  облыс әкімінің  рухани жаңғыру жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі,  облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары ретінде қыруар жұмыстар жүргізіп келеді. Соның бір парасы ретінде «Мың бала»,  «Қазақтану»  жобаларының жемісін айта кеткен ләзім.  «Қазақтың ірілері, Абайдың інілері» жобасы республикада таңдаулы  әлеуметтік жобаға айналғанын біреу білсе, біреу білмес, — дейді облыстық мәслихаттың депутаты  Саят Оспанов.

               «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің»

 Бекзат Қомарұлы  нарықтық экономика әкелген меценаттық үрдістің дамуына жаңа леп әкелген бірегей тұлға. Облыс көлемінде «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» жобасын ілгерілетудегі оның ықпалы айрықша. Жезқазғандағы көпбалалы және әлеуметтік жағдайы әлжуаз жанұяларды қалтарыста қалдырмай, демеу болып келеді. Былтыр Жезқазғандағы  баспанаға зәру бір отбасына жеке қаржысына пәтер сатып әперді. Ол  жоқшылықтан тарыққан жандарға демеушілік көрсетуді  азаматтық парызына  айналдырған. Ақжүрек жан қанмен дарыған қасиеті жайлы бірде: «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің. Мүмкіндігің келгенше жан жылуын аңсайтын жандарға жанашыр болып, қол ұшын бергенге не жетсін! Мен үшін еңбегімнің  ел кәдесіне жарағанын сезіну үлкен бақыт», — деген еді.

 Ілгеріде осынау  кемел жігіттің кемеңгерлігін көріп, кемерінен асыра суреттеген абыз ақын,  Мемлекеттік сыйлықтың және Халықаралық «Алаш»  әдеби сыйлығының лауреаты  Серік Ақсұңқар қалың қауым бас қосқан жиында: «Бізде ұлттық төркінге оралу процесі өте қиындықпен жүріп жатыр. Сарыарқада неше түрлі байлар бар. Олардың арасында еврей, орыс, кәріс те жетіп-артылады.  Бірақ бірде-біреуінің  қазақ руханиятына  жанашырлық  қадамдарын көргенім жоқ. Бекзат бауырымның талантты ақындардың кітабын шығарып берудегі қамқорлығын айтпай-ақ қояйын, екі жылдан бері  жеке қаржысына Алаштың  өнер, білім, мәдениет, әдебиет, журналистика саласындағы тарландарына авторлық «Тұлға» сыйлығын тапсырып келеді.  Онда қазақтың «Қыз Жібегін» экранда тірілткен хас талант Меруерт Өтекешова бастаған озат дарындардың әрқайсысына 300 мың теңгеден ақшалай сыйақы берді. Сол жиында мен «Қазақмыстың» жасай алмаған шаруасын Бекзат жалғыз тындырды ғой» деген едім. Әлі де осы ойдамын», — деп, аузы дуалы ақын шымбайға бататын шындықты жайып салды.

Тау тұлға жайлы танитындар тоқтаусыз толғайды. Текті жанның жасампаз ісін  одан әрі де оның шарапатын көргендер көсілтер. Бұл келешектің еншісінде қалатын аманат болмақ.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 11.06.2021, 11:11
Кім кінәлі?: Жауап берсін!
М.СӘУЛЕБЕК 10.06.2021, 17:45
Мегаполис бюджеті 2,7 есеге көбейген
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10.06.2021, 14:13
Бір дүкеннің маңынан үш күннің ішінде екі мәйіт табылды
Мариям МАҚСАТ 10.06.2021, 12:04
«1 млрд теңгелік ескерткіштің ар жағынан жемқорлық «қылтиып» тұр»
Сайт әкімшілігі 08.06.2021, 16:45
Елордада 49 мектеп аралас тілде, 34 мектеп қазақ тілінде білім береді
Миуа БАЙНАЗАРОВА 08.06.2021, 14:00
Сыр елінің құт-берекесі неге қашып тұр?!

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02