Ащы суды сіміргендер жылы орнымен қош айтысты

Мариям МАҚСАТ

18.02.2021, 14:05

700

Соңғы уақытта павлодарлық шенеуніктер ащы суды ұрттап алып, көлік тізгіндеуді сәнге айналдырып келе жатқан сыңайлы. Олар жазатайым оқиғадан атқамінер деген аты қорғап қала алмайтынын әлі түсінбесе керек. Одан қалса, кейбіреулер жүз сылтау мен мың өтірік айтуды шығарып алыпты. Мас күйінде көлік жүргізгенімен қоймай, тәртіп сақшыларын шатастырып жүрген шенеуніктерге қашан ақыл кіреді екен?!  

Өткен жылдың қазан айында Павлодар облысындағы ауылдың әкімі күллі елді бір шулатып еді. Май ауданы Ақжар ауылының әкімі Серік Құсайынов ішімдікке сылқия тойып алып, қызметтік көлігіне отырып, көршілес Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласынан бір-ақ шықты. Абырой болғанда, Lada 21214 көлігінің қозғалысынан кінәрат байқаған жол-патрульдік полиция қызметкерлері автомобильді орта жолда уақтылы тоқтатты. Әйтпегенде соңы қайғылы жағдайда апарар ма еді, кім білсін?

Тексеріс кезінде жүргізушінің мас әрі қызметтік көлікке қатысты ешбір құжаты жоқ екені анықталды. Бәлкім, мұндай өрескел құқық бұзушылық өз өңірімізде орын алса, мәселені жылы жауып қоюға болар ма еді. Ал басқа облыстың полиция өкілдері дереу тиісті құжаттарды толтырды. Кейін ауыл әкімі Май аудандық сотының шешімімен 15 тәулікке қамауға алынып, жеті жыл көлік жүргізу құқығынан айырылды.

Жабық мекемеде жарты ай уақыт өткізген соң, шенеуніктің мәселесі әдеп жөніндегі кеңесте қаралды. Ақыры С.Құсайынов өз кінәсін толығымен мойындап, қызметінен қуылды.

Араға бар-жоғы бірнеше ай салып, Шарбақты ауданы әкімінің орынбасары Анвар Қантаев та ащы суды ұрттап алған күйі ұсталды. Қымбат көлікті тізгіндеген шенеунік мас екенін мойындағысы келмей, полиция қызметкерлеріне бет бақтырмағаны тағы бар. Оның айтуынша, бір күн бұрын сыра мен құрамында спирті бар дәрі-дәрмек ішіпті-мыс. Адамды бұлай алдай алғанымен, қандағы алкоголь құрамын анықтайтын аппаратты алдап соғу мүмкін емес. Мұны бірден түсіне қойды ма екен, кейін шенеунік жұмыс істейтін жерін жасырмақ болды. Тіпті «жұмыссызбын» деп, өтірікті шындай айтты. Бірақ қазіргі технология жұмыс орның түгіл, мекенжайыңды, ағайын-туысыңды, алашағың мен берешегіңді – бәрін әп-сәтте экранға шығарып береді емес пе? Сондықтан бұл жерде де білдей бір аудан әкімінің оң қолы қулығын асыра алмады. Сөйтті де, ауыл әкімі сияқты 15 тәулікке қамалып, жеті жыл бойы көлік жүргізбейтін болды.

Бұл оқиғадан соң орынбасар аяқасты ауырып қалып, денсаулық жағдайына байланысты жұмысқа шықпай қалды. Тек ақпан айының басында қызметіне қайта оралды. Орала салысымен, мемлекеттік қызметшінің ісі әдеп жөніндегі кеңесте майшаммен қаралды. Бұл жолы да жоғары лауазымды шенеунік жауап бермеудің сан түрлі сылтауын іздеп, біресе онлайн режимде қосыла алмайтынын, енді бірде техникалық ақаулар орын алғанын алға тартты. Әйтеуір, тіс жармады. Мұндай әрекетіне әбден «тойған» кеңес мүшелері «жауапсыздық танытқан А.Қантаев жылы орнын босатсын» деген байламға келді.

— Мемлекеттік қызметші бола тұра, қоғамға қауіп төндірді. Оның бұл әрекеті салдарынан жол-көлік оқиғасы орын алуы мүмкін еді. Осындай бейберекет әрекеттерге жол берген адамға мемлекеттік қызметте орын жоқ, – деді Павлодар облысы бойынша мемлекеттік істер департаментінің басшысы Ержан Қарымсақов.

Осылайша өткен жылдың наурыз айынан бастап Шарбақты ауданы әкімінің орынбасары болған, оған дейін облыстық әкімдік аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарған Анвар Қантаев мемлекеттік қызметпен қош айтысты.

Мұндай жағдайлар соңғы уақытта Павлодар облысының тұрғындары үшін таңсық емес. Тек бір қызығы, үнемі ауылдағы шенді-шекпенділер ғана мас күйінде тәртіп сақшыларының құрығына түсіп жатады. Қаладағы атқамінерлер ащы суды аузына алмай ма, алса да, көлік тізгініне отырмай ма, жоқ әлде олардың «көкелері» мықты ма? Бұл жағы жұмбақ. 

Тегтер: полиция жауапкершілік әкім. облыс

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

М.СӘУЛЕБЕК 08.05.2021, 09:23
Жолдың сапасы жақсарады
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 07.05.2021, 09:09
Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
Сайт әкімшілігі 06.05.2021, 12:06
«Серпін» жобасы бойынша гранттардың 52% сұраныссыз қалды – Мәди Ахметов
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 06.05.2021, 11:56
Киік жайылымды құртып, шабындықты шаң қылды
Миуа БАЙНАЗАРОВА 06.05.2021, 09:27
Жедел жәрдем халыққа жәрдемін аямайды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 05.05.2021, 11:37
Момышұлының соқпағымен

Аңдатпа


  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06
  • Орыс қазақтың ішер асына дейін жармасқалы отыр
    29.04.2021, 08:56