Жасөспірімнің анасы президенттен көмек сұрады
09.04.2021, 09:03
2257
Жасөспірімнің анасы президенттен көмек сұрады
Құрылысқа жұмысқа барған жерінен жарақат алған оқушы Ұлан Бекбайдың бүгінгі жағдайы мәз емес. Баланың басына бірнеше рет ота жасалған. Еске сала кетсек, жасөспірім Теміртау қаласындағы құрылыс алаңына барып, жұмысқа жалданған. Жұмысқа шыққан күннің ертеңінде екінші қабаттан құлап, басынан жарақат алған болатын. Анасының айтуынша, оның өмірін дәрігерлер құтқарып қалғанымен, жасөспірім мүгедек болып қалған. Биіктен құлаған кезде баланың желке тұсындағы сүйегі сынып, миына қан құйыла бастаған. Ақ халаттылар оның өмірін сақтап қалу үшін бас сүйегін тесіп, операция жасаған. Ота кезінде бас сүйектің кішкене бөлігі алынған, дәрігерлер оның орнына синтетикалық пластина салыпты. Екі ай өткен соң, дәрігерлер баланың басына екінші рет ота жасаған. Ұланның анасы Зәуреш Тойлыбаеваның айтуынша, балаға тағы да ота жасалатын көрінеді. Бас сүйектің сынған бөлігіне титан пластинасын салу қажет екен. Алайда отбасында бұл пластинаны алуға қаражат болмай тұр.
«Жұмыс беруші жазаланбай отыр»
Ұлан құрылысқа барып, жұмысқа жалданғанын анасына айтпаған. Жасөспірім бос уақытында жұмыс істеп, күнкөріс үшін тиын-тебен табуды ойлаған. Ұланның анасы ұлының құлағанына алты ай өтсе де, құрылыс салушыға қатысты қылмыстық істің сотқа жетпегенін айтып қынжылады. «Жазықтылар жазасын алмай кетеді» деп күдіктенген Зәуреш Тойлыбаева ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, бейнежазба жариялады.«Полиция қызметкерлері алғашқыда қылмыстық істі қозғаудан бас тартты, мен БАҚ өкілдеріне хабарласқан соң ғана істі тіркеді. Одан кейін бұл істі соза берді. Біз адвокатымыз екеуміз облыс әкімі Жеңіс Қасымбектен көмек сұрадық. Өңір басшысы «қаңтардың соңына дейін істі сотқа өткізу керек» деген тапсырма берген болатын. Алайда бұдан кейін де іс сотқа өткен жоқ. Полиция департаментінің басшысы ақпанда «кінә дәлелденді, алдағы екі аптада іс сотқа кетеді» деген болатын, алайда әлі өзгеріс жоқ», – дейді баланың анасы Зәуреш Тойлыбаева. «Қылмыстық іс тоқтап қалды» деп ойға қалған ана істің сотқа өтуін президент қадағаласа деген өтініш білдіреді. Алайда полиция департаментінің баспасөз қызметі қылмыстық істің тоқтатылмағанын, әлі тергеліп жатқанын жеткізді. «Қарағанды облысы полиция департаментінің тергеу басқармасында Теміртау қаласындағы құрылыс алаңдарының бірінен кәмелеттік жасқа толмаған баланың құлауына қатысты қылмыстық іс тергелуде. Тиісті сараптамалар өткізіліп, арнайы зерттеулер жүргізілді. Солардың қорытындысы бойынша кінәлі тұлғалар анықталатын болады. Тергеу жалғастырылуда, іс полиция департаменті бастығының жеке бақылауында», – дейді баспасөз қызметінің бастығы Бақытжан Құдияров.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР