«Әулиеата жастарына» құжат қабылдау басталды

Нұрболат ӘЛДИБЕК

01.07.2022, 10:38

2762

«Үйі жоқтың күйі жоқ». Жамбылда 35 жасқа дейінгі жастар санатындағы 7140 тұрғын баспана кезегінде тұр.

Бұл ретте, биыл өңірде «Әулиеата жастары» бағдарламасы іске қосылмақшы. Шілде айынан бастап, құжат қабылдауды бастайтын бұл бағдарлама негізінде осы жылы 35 жасқа дейінгі 50 отбасы баспаналы болады, деп жоспарланып отыр. 5 жыл мерзімге жасалған жоба бойынша келесі жылы аталған бағдарлама бойынша «өз үйі – өлең төсегі» болатын жамбылдық жастардың қатары көбейе түседі деп күтілуде. Осы орайда, «Жас мамандар жеңілдікпен баспана алу үшін не істеу керек?», «Бұл бағдарламаның шарапатын кімдер көре алады?» деген сұраққа Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев пен «Отбасы банк» Жамбыл облыстық филиалының директоры Гүлзат Бекназарова жауап берді.

«Жаңа бағдарламаны облыс әкімдігі мен «Отбасы банк» («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) бірлесіп, жүзеге асырады. Баспаналы болу үшін жеңілдетілген шарттармен заем алуға 35 жасқа дейінгі жастар санатындағы мұғалім, дәрігер, мейірбике, спорт және мәдениет саласының мамандары, журналистер мен жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғылыми қызметкерлерге мүмкіндік бар. Бағдарламаға қатысушылардың жұмыс өтілі 12 айдан кем болмауы қажет. Әлбетте, табысы да ескерілетін болады. Бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы тиіс. Біздің облыс Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларының тәжірибесіне сүйеніп отыр. Өз кезегінде, облыс әкімдігі жаңа жобаға 500 миллион теңге бөлді. Ал «Отбасы банк» жеңілдетілген шарттармен несие беруге көмектеспек. Өткен жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша 318 жас отбасы жеке пәтер алуға мүмкіндік алды. Биыл «Әулиеата жастары» бағдарламасы қолжетімді шарттармен тұрғын үй алудың тағы бір қосымша мүмкіндіктерін ашып отыр», – дейді облыс әкімінің орынбасары.

Дегенмен бұл бағдарлама бойынша әзірге, техникалық қызметкерлер баспаналы бола алмайды екен. Өз кезегінде, «Отбасы банк» Жамбыл облыстық филиалының директоры Гүлзат Бекназарова банк тарапынан жасалатын жұмыстарды түсіндіріп өтті.

«Тұрғын үй сатып алуға «Отбасы банкі» 13 миллион теңгеге дейін заем береді. Егер мүліктің құны одан асатын болса, сатып алушы айырмашылықты өз қаражатынан төлей алады. Бастапқы жарна – 5 пайыз, сыйақы мөлшері – 5 пайыз. Несиені 19 жылға дейін төлеуге мүмкіндік бар», – дейді банк қызметкері.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл бағдарлама бойынша биыл 50 жас отбасы баспаналы болмақ.

«Бұл қанатқақты жоба. Егер бағдарлама сәтті басталса, келер жылы облыс әкімдігі осы бағытта 1 миллиард теңге қаржы бөлуді көздеп отыр. Осынша көлемдегі қаржыны «Отбасы банктің» бөлуіне де мүмкіндік бар. Бұл келер жылы 200 жас отбасын қамтуға мүмкіндік бар деген сөз», – деді Е.Үйсімбаев.

Жамбыл облысы әкімдігі Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа аталған тұрғын үй бағдарламасы бір жарым жылға жуық уақыт қаралып, талқыланып, әбден сүзгіден өткенін айтады.

— Биыл пилоттық жоба ретінде қарастырдық. Күні кеше облыс әкімі Н.Нұржігітов пен «Отбасы банк» АҚ төрайымы Л.Ибрагимова екіжақты меморандумға қол қойды. Бағдарлама бойынша ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары алдағы уақытта жүргізіледі. Талаптары мен шарттары әлеуметтік желілерде жарияланады. 2022 жылы бар болғаны 50 пәтерге қаржы қарастырылды. Бұл да болса жетістік», – деді ол.

Сонымен «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы 2022 жылдың 20 шілдесінде басталады.

Бағдарламаға тек Жамбыл облысының жастары ғана қатыса алады. Өтініш 2022 жылдың 20-30 шілде аралығында e-zhambyl.kz сайты арқылы қабылданады.

Тегтер: баспана мәселе халық қоғам

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Арайлым ЕРКЕБАЕВА 15.08.2022, 09:05
Діннен тірек таба алмай адасқандарға ақпараттық түсіндіру тобы көмекке келуде
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 10:21
Қарағанды облысында жол-көлік апаты салдарынан үш адам қаза тапты
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 08:51
ШҚО-да қарттар үйінің лауазымды тұлғалары 7,4 млн теңге жымқырған
Бифат ЕЛТАЕВА 11.08.2022, 16:56
Жас таланттарды анықтайтын жоба
Сайт әкімшілігі 11.08.2022, 15:06
Қостанайда балабақша тәрбиешісі үш жасар бүлдіршіннің сүйегін сындырған – министрлік
Сайт әкімшілігі 11.08.2022, 10:22
Қазақстанның бірқатар өңірінде бейсенбі күні бұршақ аралас жаңбыр күтіледі

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49