«Балаларға вакцина салынады» деген жалған

Б.СӘРСЕНБИ

17.09.2021, 04:29

540

Шымкенттік шенділер осы мәселеге түсінік берді

Шымкентте коронавирус індетіне қатысты эпидемиологиялық ахуал жақсарды. Дерттің беті бері қарады деуге болады. 13 қыркүйекте мегаполисте ауру жұқтырудың 99 жағдайы тіркелді. Бұл тамыздағы жағдаймен салыстырғанда әлдеқайда жақсы көрсеткіш.

Қазіргі уақытта қаладағы инфекциялық стационарларда барлығы 2183 орын болса, оның  толымдылығы 36 пайызды құрап отыр. 1391 төсек-орын бос. Бір тәулік ішінде қалада 6239 адам вакцина алды. Егу  науқаны басталғалы барлығы 463  001 адам вакцинацияланды. Оның ішінде 387 478 адам вакцинаның екі компонентін алған. Бұл екпе алуға болатын санаттағылардың 86,1 пайызын құрайды. Жалпы, Шымкент коронавирус індетіне қарсы вакцинациялау шаралары бойынша республикадағы өңірлердің ішінде  алдыңғы орындарда келеді.  

Десек те,  ата-аналар арасында екпеге қатысты әрқилы әңгімелердің тарап жатқаны рас. Осы мәселеге қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте түсінік берді.

– «Балаларға вакцина салынады» деген қауесет халықты үрейлендіріп жатыр. Вакцинаның балаларға салынатынын растайтын ешқандай ресми құжат жоқ. Сондықтан мұндай ақпаратты таратуды доғару керек. Ал 15 қыркүйектен бастап елімізде тұмауға қарсы екпе салдыру жұмыстары басталады. Бұл вакцина тұрғылықты мекенжайы бойынша келісім берген жағдайда қауіп-қатер тобындағы азаматтарға тегін салынады, – деді Бақытжан Жолдасбекұлы.

Мегаполистің бас дәрігерінің айтуынша, биыл дифтерия, көкжөтел, сіреспе, полиомиелит, қызамық, эпидемиялық паротит аурулары тіркелмеген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қызылшамен сырқаттанушылықтың 2,9 есеге төмендегені байқалған. Қазіргі уақытта 1-сынып оқушыларына білім беру мекемелерінде манту сынамасын жүргізу басталған. Одан кейін БЦЖ, туберкулезге қарсы вакцинациялау жұмыстары жүргізілмек.

Брифингте қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мектептерде екпе егу, дезинфекция жүргізу жұмыстарына қатысты жалған ақпараттар таралғанын мәлімдеді.

– «Мектепте балаларға вакцина салынады» деген сөздерге сенбеңіздер. 18 жасқа толмаған кез келген балаға ата-ананың рұқсатынсыз ешкім, еш нәрсе істей алмайды. Балалардың денсаулығы біздің де, үкіметтің де бақылауында. Әр  жұмысқа оң көзқараспен қарап, балаларға ыңғайлы жағдай жасалынып жатқанын түсініңіздер. Білім беру мекемелеріне балаларыңызды бетперделік режиммен жіберулеріңізді сұраймын. Сондай-ақ алдағы уақытта сыныпта ковид инфекциясы расталған науқас тіркелген жағдайда дезинфекция жұмыстары жүретінінен хабардар еткім келеді, – деді Жанат Арысбекқызы.

Бүгінде Шымкенттегі 202 мектепте 223 мың оқушы штаттық режимде білім алуда. Ал 11 оқушының ата-анасы онлайн форматта оқуға өтінім берген. Дәрігерлердің айтуынша, жыл сайын Шымкентте 300 мыңнан астам қала тұрғыны тұмауға қарсы екпе салдырады. Оның басым бөлігі – балалар. Ал коронавирусқа қарсы салынып жатқан вакцинаның барлығы 18 жастан асқандарға арналған.

Шымкент қалалық әкімдігінің хабарлауынша, мегаполисте 2025 жылға дейін 1000 төсек-орындық аурухана салынады. Сонымен бірге 10 медициналық мекеменің құрылысы жүргізіледі. Қала орталығынан шалғайда орналасқан аумақтарда 12 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталады.  Бүгінде 36 медициналық ұйымның материалдық базасы жаңартылған. Алты медициналық ұйымның ғимараттары биыл күрделі жөндеуден өткізілген.

Сонымен бірге елімізде медициналық құрал-жабдықтар, медициналық жиһаздар мен медициналық көліктер шығаратын кәсіпорынның бірі –  «Казмедприбор» серіктестігі Шымкентте орналасқан.  Жыл басынан бері серіктестік 120 мың литрден астам дезинфекциялық заттар, 6000-нан астам медициналық жиһаз бен 25 жедел жәрдем көлігін жасап шығарды. Қазіргі таңда мекемеде 100-ге тарта қызметкер жұмыс істейді. 

Шымкентте індеттің ықтимал толқынына дайындық мақсатында кәсіпорын өкпені жасанды желдететін құрылғы жасап жатыр. Медициналық аппаратты шығаруға Америка және Жапония өкілдері серіктес болуда. Қазір кәсіпорынның күніне 20 құрылғы жасауға мүмкіндігі бар. Алғашқы 100 құрылғы Шымкент қаласына орнатылды.

Тегтер: медицина коронавирус ПТР тест анықтама

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 22.10.2021, 19:13
Ы.Жақаевтың 130 жылдық мерейтойына орай ауыр атлетикадан жасөспірімдер турнирі өтті
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.10.2021, 14:40
Тас жолдарды тоздырған жүк көліктері жүгенсіз кетті
Еркежан АРЫН 22.10.2021, 11:37
Алматыда ұжымдық иммунитет қалыптастыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр
Расул ЖҰМАЛЫ 21.10.2021, 16:47
Азамат!
Сайт әкімшілігі 21.10.2021, 12:01
Арықта ұйықтап қалған бала отбасына оралды
Сайт әкімшілігі 21.10.2021, 11:58
Алты адам қаза тапқан жол апатының себептері анықталып жатыр

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31