«Басшымыз күн көрсетпейді»

Мариям МАҚСАТ

17.09.2021, 09:13

1083

Павлодар облысындағы мал дәрігерлері екі айдан бері айлығын ала алмай жүр. Ол аздай, құзырлы басқарма басшылығы қызметтік көліктермен жүріп-тұруға бір тиын да бермейді. Бірнеше ветеринарлық станцияның директорын негізсіз жұмыстан шығаруы тағы бар. Бұл былықтың барлығына облыс басшылығы көз жұма қарап отыр.

Осы жылдың ақпан айында Павлодар облысының ветеринария басқармасы ауыл шаруашылығы ведомствосының құрамынан бөлініп шығып, жеке мемлекеттік мекеме болып қайта құрылды. Оның басшылығына 2017-19 жылдары ветеринария басқармасы оңтайландырылмай тұрған тұста жетекшілік еткен Қайыржан Байжанов қайта тағайындалды. Жаңа басшы келе сала, мал дәрігерлерінің жалақысын көбейтуге уәде берді. Сол сөзінде тұрды. Бұған дейін төмен жалақы алып келген ветеринарлық станция қызметкерлерінің айлығы екі есеге дейін көбейді. Мысалы, станция директорларының айлығы 130 мың теңгеден 260 мың теңгеге, ветеринарлық пункт меңгерушілерінің еңбекақысы 107 мыңнан 215 мың теңгеге дейін өсті. Бірақ еңбекақының өсуі есебінен бір жылға бөлінген бюджет жарты жылда бітіп қалды. Белгілі болғандай, ветеринария басқармасы еңбекақыны арттыру мәселесін экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен, облыстық мәслихатпен келіспеген. Яғни қаржылай қоры болмай тұра, қызметкерлерді уақытша «алдап» қойған. Енді Павлодар қаласының ветеринарлық станциясында жұмыс істейтін 25 адам екі айдан бері айлық көрмей отыр.

Станция директоры Серік Құрымбаев жалақыны өсірмей тұрған кезде барлық есептерді басқарма басшысына көрсетіп, бюджеттен қосымша қаржы керектігін айтқан екен. Бірақ Қайыржан Байжанов қол астындағы қызметкердің ескертуіне пысқырып та қарамағанға ұқсайды. Соның салдары қаржылық қиындыққа әкеп отыр.

– Ветеринария басқармасының оған қарасты мекемелерге қаржы бөлу жұмысында жүйе жоқ. Алғашқы жартыжылдықта жұмысшыларға айлық төлеп, өндірістік шығындарды өтеуге 38 млн теңге керек болса, бізге бар-жоғы 21 млн теңге берілді. Екі есе аз қаражат қай жыртығымызды жамасын? Қаңғыбас иттерді аулау, эпизоотиялық жағдайды жақсарту шараларын жүргізу былай тұрсын, еңбекақы төлеп, қызметтік көлікті жөндеуге жетпейді. Жұмысшылар екі айдан бері айлық алмай отырғанына қарамастан, қызметтік көлікті өз ақшасына жөндеп, жанармайын құяды. Одан басқа амал жоқ. Себебі біздің басшылық бұл мәселеге бас ауыртқысы келмейді, – дейді Серік Құрымбаев.

Осы жылдың шілде айында облыстық ветеринария станциясы Серік Құрымбаев пен Баянауыл, Ертіс аудандарындағы станция директорларын жұмыстан еш негізсіз шығарып тастаған болатын. Мәселеге еңбек басқармасы араласқан соң ғана қыркүйекте қызметке қайта қабылданды.

Бүгінгі күні мал дәрігерлеріне жалақы бойынша берешек 10 млн теңгеге жетті. Оған қоса, міндетті төлемдер бойынша 6 млн теңге қарыз тағы бар. Басқарма басшысы Қайыржан Байжановтың өзі мұндай қиындықтардың туындауына есеп-қисапты дұрыс жүргізбей, бюджеттік қаражатты тиімді пайдаланбаған станция басшылығы кінәлі деп біледі.

Ветеринарлар шу шығарған соң ғана бюджеттен 140 млн теңге бөлінгелі отыр. Бірақ бұл сома да екінші жартыжылдықтағы шығындарды өтеуге жетпейді. Серік Құрымбаевтың сөзінше,  облыстағы станцияларға 140 емес, 418 млн теңге керек. Бір ғана Павлодар қалалық станциясының бюджеті 27 млн теңге болуы тиіс. Алайда ветеринария басқармасы 7-8 млн теңге көлемінде қаржы берумен құтылайын деп отыр. «Мына мәселе бізді әбден титықтатып бітті. Күн сайын анда-мында барып, түсініктеме, шағым, өтініш жазамыз. Басшымыз да күн көрсетпейді. Меніңше, бүкіл облыстағы ветеринарлық қызметтің жұмысын үйлестіре алмаған адам басшылықтан кетуі керек», – дейді Серік Құрымбаев.

Басшылық пен қызметкерлер арасында осындай текетірес туындаған тұста жұмыс істейтін уақыт та, ниет те болмай тұр. Ал бұл уақытта облыс орталығында қаңғыбас иттер қаптап кетті. Олармен кімнің және қашан күресетіні белгісіз. Бір анығы, ветеринарлық қызметкерлер айлығын күтіп, қызметтік көлікті өз ақшасымен жүргізуден әбден шаршаған.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 22.10.2021, 19:13
Ы.Жақаевтың 130 жылдық мерейтойына орай ауыр атлетикадан жасөспірімдер турнирі өтті
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.10.2021, 14:40
Тас жолдарды тоздырған жүк көліктері жүгенсіз кетті
Еркежан АРЫН 22.10.2021, 11:37
Алматыда ұжымдық иммунитет қалыптастыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр
Расул ЖҰМАЛЫ 21.10.2021, 16:47
Азамат!
Сайт әкімшілігі 21.10.2021, 12:01
Арықта ұйықтап қалған бала отбасына оралды
Сайт әкімшілігі 21.10.2021, 11:58
Алты адам қаза тапқан жол апатының себептері анықталып жатыр

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31