Батыс Қазақстанның бағыты – «жасыл» экономика

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ

28.10.2021, 12:07

904

Жыл сайын Қазақстанда 4,5 млн тонна қалдық түзіледі екен. Мамандардың айтуынша, соңғы үш жылда қалдық өңдеу 10 пайызға артқан. Алда тұрған мақсат – экономикадағы қалдық өңдеу үлесін одан әрі арттыру және «жасыл» бизнесті дамыту. Бұл мәселелер Орал қаласында БҚО әкімдігі мен КПО б.в. компаниясы бірлесіп ұйымдастырған Uralsk Green Forum (UGF) халықаралық экологиялық форумында кеңінен талқыланды.

         Форум жұмысын ашқан облыс әкімі Ғали Есқалиев Батыс Қазақстан облысының республикадағы экологиялық тұрғыдан ең таза өңірлердің қатарына жататынын баса айтты. «Халықтың өмір сүру сапасы ішетін суымыз, жұтатын ауамыз, шаруашылықта пайдаланатын топырағымыздың тазалығымен тікелей байланысты. Біз ең таза өңір болып қалғымыз келеді. Инвестициялар да таза өңірге келеді. Өкінішке қарай, әзірге Батыс Қазақстанда жаңартылатын қуат көздерін өндіру бойынша жобалар жоқ. Алайда серіктестеріміздің көмегімен экологиялық тепе-теңдікті сақтауға бағытталған осындай жобалар көп кешікпей қолға алынады деп сенемін. Экологиялық жобаларды қолға алған кәсіпкерлердің ісіне сәттілік тілеймін. Әкімдік тарапынан оларға жан-жақты қолдау жасауға дайынбыз. Үлескер ретінде қатыса аламыз немесе субсидия беріп, нақты көмек көрсете аламыз», – деді Ғали Есқалиев.

         Ал КПО б.в. бас директоры Джонкарло Рую экологиялық форумды ұйымдастыру игі дәстүрге айналып кеткенін атап өтті. Сарапшылар мен ғалымдардың басын қосып, бизнес пен қоғам белсенділерін біріктіріп, экологиялық өзекті мәселелер талқыланатын форум төртінші жыл қатарынан өтіп отыр. «Экологиялық жауапкершілік – КПО-ның корпоративтік саясатының ажырамас бөлігі. Біз өз қызметімізді тұрақты дамуды қамтамасыз ететін тиімді, сенімді және қауіпсіз өндіріс, әлеуметтік және экологиялық проблемаларға жауапкершілікпен қарау негізінде жүзеге асырамыз. UGF экологиялық форумы қалдықтарды басқару саласындағы экологиялық заңнаманың жаңа принциптерін, өңірдегі «жасыл» инвестицияларды дамыту мәселелерін талқылайтын мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам арасындағы ашық диалог алаңын ұсынады», – деді Д.Рую.

Форум аясындағы көрмеде жергілікті қалдық өңдеуші кәсіпорындар өз  өнімдерін ұсынды. Мәселен, Орал құбыр компаниясы пластик өңдеуді бастаған. Компания басшысы Александр Елькиннің айтуынша, құм мен бояуды қосу арқылы пластик қалдықтарынан жүргінші жолына қажетті өте сапалы тақтатас өндіруге болады. Сипаттамасы бойынша ол бетоннан да мықты көрінеді. Кәсіпорын келешекте пластик бөтелкелерден синтепон жасауды жоспарлауда. 

         Dream House Construction Group компаниясы былтырдан бері арболитті блок өндірісімен айналысады. Кәсіпорын басшысы Мирас Рамазановтың сөзінше, арболит блок 90 пайыз ағаш үгінділерінен тұрады. Компания айына 180-200 текше метр дайын өнім шығаруда.

Eicon компаниясының сарапшысы Сергей Цой елдегі экологиялық жағдайды күрт жақсарту үшін жаңа экологиялық кодексті қабылдау керек деп есептейді. «Біріншіден, қалдықтарды сұрыптау міндетті болады. Экологиялық жобаларды жүзеге асыратын кәсіпорындарға мемлекет көптеген жеңілдіктер жасайды. Ауаға зиянды заттар шығаруға жоғары талаптар қойылады. Тұтастай алғанда, Қазақстан «жасыл» экономикаға толық көшетін 2030 жылға қарай елдегі барлық қалдық полигондары экологиялық талаптарға сай болуы, қалдық өңдеу үлесі 40 пайызға жетуі тиіс», – дейді ол.

Қазір елімізде «жасыл» жобалардың классификациясы дайындалуда. Осылайша қандай жобалардың «жасыл» жобаға жататыны анықталады. Сонымен бірге Экологиялық кодекстің шеңберінде «жасыл» кредит және «жасыл» облигация ұғымдары енгізілді. Заңнама аясында биылдан бастап осы «жасыл» облигациялар шығарған ұйымдар субсидия алатын болады. Биылғы облигацияның нарықтағы негізгі құны 80 млн долларға дейін жетті. Яғни бір жылдың ішінде облигацияның өсімі 160 рет өсті деп есептеуге болады. Сондықтан бұл механизмнің маңызы зор.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 17:45
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Сайт әкімшілігі 16:19
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Бифат ЕЛТАЕВА 12:21
Ғибраты мол байқау
Сайт әкімшілігі 08:37
Павлодарда лак-бояу өнімдері қоймасында алапат өрт болды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 13:30
Қарағандыда тағы бір ферроқорытпа зауыты ашылды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 12:16
Жезқазған ақыны Қарағандыда өткен республикалық айтыста Бас жүлде иегері атанды

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30