Бейнеттің зейнетін көретін кез

Оңтүстікте мақта теру науқаны басталды

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

15.09.2020, 10:58

671

Республикада «ақ алтын» өндіретін бірден-бір облыстың шаруалары ала жаздайғы маңдай терінің жемісін көретін кезге жетті. Алайда науқан басталғанымен, мақта бағасы әлі белгіленбей отыр.

Диқандардың айтуынша, биыл мақтаның шығымы жаман емес. Рас, ауа райының қолайсыздығына байланысты зиянкестер көптеу болған. Алайда соған қарамастан, ерте көктемнен бері тынымсыз еңбектенген мақташының биылғы несібесі жаман болмайтын сыңайлы. Шаруалар тек «күзгі жауын-шашын ерте басталып,  терім науқанына кедергі келтірмесе» деп тілеп отыр. Егер жауын-шашын болса, терілетін мақтаның сапасы нашарлайды. Ал сапасы нашарлаған өнімнің бағасын мақта қабылдау зауыттары жерге ұрады. Дәл қазір «ақ алтынның» бағасы онсыз да шаруаның көңілінен шығып отырған жоқ.

Жетісай ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Әбуовтың айтуынша, өңірде мақта теруді бастап кеткен шаруашылықтар аз емес. Енді бірер күнде жұрт жаппай терім науқанына шығады. Былтыр аудан бойынша 46 655 мың гектарға мақта егіліп,  одан 122 мың тонна өнім алынған. Биыл Жетісай ауданы бойынша мақта егілген жерлер 48 943, 8 мың гектарды құрайды. Одан алынатын өнім шамамен 125 мың тонна болады деп күтілуде.

– Биыл мақташылар мемлекет тарапынан тиісті  көмек алды. Жеңілдетілген бағамен минералды тыңайтқыштар, жанар-жағармай берілді. Сонымен бірге зиянкестерге қарсы себілетін химикаттар, биоагенттер субсидияланды, – деді бөлім басшысы.

Бұрын мемлекет жыл сайын егілген мақтаның әр гектарына субсидия беретін. Былтыр оның тәртібіне өзгеріс енгізіліп, субсидия  жиналған өнімнің салмағына қарай төлене бастады. Дәлірегі, мақтаның әр гектарына 12 мың теңгеден берілген еді.  Биыл ондай қолдау қаржының болар-болмасы әлі белгісіз. Себебі үкіметтің субсидия беру жөніндегі қағидасы әлі шыққан жоқ. Мемлекет шаруаларға тиесілі былтырғы субсидияның өзін биыл әрең төлеп құтылған. Ал биылға ештеңе жоқ. Ауыл шаруашылығы саласының мамандары «субсидия мүлдем болмай қалуы да мүмкін» деген күдіктерін де  жасырған жоқ. Егер жиналған өнімге субсидия берілмесе, бұл күні мақтаға қарап отырған жұрттың наразылығын туғызуы мүмкін. Шаруалардың онсыз да мақта зауыттарына деген өкпелері қара қазандай.

   – Бүгінгі күні Ливерпуль биржасында шитті мақтаның тоннасы біздің есебіміз бойынша 175-176 мың теңгені құрайды. Ал біздегі мақта қабылдайтын зауыттар «ақ алтынның» бағасын әлі белгілеген жоқ. Бірақ  шаруалардың жинаған өнімін қабылдап жатыр. Былтыр тоннасын 130 мың теңгеден бағалаған. Ол кезде Ливерпульдағы баға 180 мың теңге еді. Екі ортадағы айырма 50 мың теңгені құрайды. Қысқа қарай баға 200 мың теңгеге дейін көтеріледі. 20-30 мың  теңге зауыттың пайдасы деген күннің өзінде, шитті мақтаның тоннасын 150-160 мың теңгеге дейін көтеруге болады ғой. Жалпы, біздегі мақта зауыттары монополистер сияқты. Бағаны өзара келісіп алады. Шаруаның мәжбүрлігін, шарасыздығын жақсы пайдаланады, – дейді біз хабарласқан оңтүстікте мақта егумен айналысатын ірі шаруашылық – «Кетебай» өндірістік кооперативінің төрағасы Сәду Бекенов.   

Енді біраз уақыттан кейін мақта зауыттарының басшылары жиналыс өткізіп, халыққа өнімді қабылдайтын бағаны жариялайды. Биылғы баға да сол 130 мың теңгенің төңірегінде болуы мүмкін. Осыдан кейін олар осы бекітілген бағамен есеп айырысады. Бұған көнбегендерге «мақтаңды алып кет» дейді. Шаруаның, амал жоқ, бәріне көнуіне тура келеді. Себебі мақтаны зауыттан басқа ешкім қабылдамайды.

Қайбір жылдары оңтүстікке жасаған сапары барысында сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа шаруалар мақта зауыттары басшыларының осындай жөнсіз әрекеттеріне шағымданған болатын. Тұңғыш президенттің тапсырмасымен осыдан кейін Мақтааралда мақта қабылдайтын мемлекеттік зауыт салынды. Алайда ел үлкен үміт артқан зауыт «ақ алтынның» қымбаттауына айтарлықтай ықпал ете алмады.   Ақыр аяғында сатылып тынды.

Зауытты сол кезде «ҚазМақта» АҚ-ның бірден-бір құрылтайшысы Бақыт Ибрагим деген азамат сатып алған. 2017 жылдың күзінде кәсіпорын  300-ден астам шаруаның ақшасын бермей, елді біраз шулатты.  Нәтижесінде Бақыт Ибрагимнің сол кездегі премьер-министр  Бақытжан Сағынтаевтың  күйеубаласы екені айтыла бастады.  Осы жағдай ықпал етті ме, әйтеуір, шаруаларды тыныштандыру, қарызды өтеу шараларының басы-қасында облыс әкімінің өзі жүрді. Кейінірек «зауыт қарыздың бәрінен құтылды» деген ақпарат таратылды.

Ал келесі жылдың көктемінде Бақыт Ибрагимнің Qazaq Banki-нің акционері ретінде «ірі көлемде ақша жымқырды» деген күдікпен Германияда тұтқындалғаны белгілі болды.  

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұр-Қасым ЖОМАРТ 22.09.2020, 10:50
Суы мен жолы, мектебі мен емханасы жоқ Сабалақ
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 22.09.2020, 10:44
«Ең үздік жоба» жемқорлықты ауыздықтай алмады
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 22.09.2020, 10:41
Тоқаевтың тапсырмасы неге орындалмады?
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 22.09.2020, 10:25
Арызын билікке жеткізе алмаған
Мариям МАҚСАТ 22.09.2020, 09:53
Келмеске кеткен «Кутузовты» көксегені несі?
Сайт әкімшілігі 21.09.2020, 17:48
Күшті дауыл мектептің шатырын жұлып әкетті

Аңдатпа


  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43
  • Nur Otan еліміздің солтүстік облыстарына қатысты қандай уәде береді?
    22.09.2020, 09:50
  • Конгресс-Холл экс-директоры миллиардтаған ақша жымқырған ба?
    21.09.2020, 15:07
  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27