Атырау облысы полициясының экс-басшысы Исаев тергеу изоляторына қамалды
Атырау облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Бақытбек Исаев тергеу изоляторына (СИЗО) қамалды.
Бұған дейін ол уақытша ұстау изоляторында болған. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, ішкі істер органдарынан теріс себептермен жұмыстан шығарылған.
«Ақ Жайық» басылымының деректеріне сүйенсек, тергеу аясында қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану фактілері тексеріліп жатыр. Іс бойынша нақты құқықтық баға әзірге ресми жарияланған жоқ.
Алдын ала мәліметтерге қарағанда, тергеу есірткі заттарына қатысты қылмыстық істердегі айғақ заттармен байланысты болуы мүмкін.
Іс аясында шамамен 17 адам тексеріліп жатқаны айтылуда. Олардың қатарында қылмыстық істер мен айғақ заттармен жұмыс істеудің түрлі кезеңдеріне қатысқан полиция қызметкерлері бар.
Күдіктілер қатарында облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Әлішер Нұршаев пен полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Саламат Қалиев те бар екені хабарланды.
Істің өзге мән-жайлары мен қатысушылардың процессуалдық мәртебесі әзірге жария етілген жоқ.