Билбордтардан не пайда, жемқорлар саны азаймаса?

Мариям МАҚСАТ

21.11.2020, 10:52

947

Осы жылдың шілде және тамыз айларында Павлодар облысындағы бірнеше шенеунікке пара алып, қазына қаржысын жымқырды деген айып тағылғаны туралы хабар тараған еді. Арада бірнеше ай өтсе де бұл мәселенің анық-қанығы айтылмай отыр.

Шілде айының ортасында Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті облыстық әкімдікке қарасты басқармалардың бірінің басшысы ірі сомадағы қазына қаржысын қалтасына басты деген күдікке ілінді деп хабарлаған еді.

— Облыстық әкімдік басқармалары басшыларының бірі жалпы сомасы 2,6 млн теңге болатын жалған актіге қол қойып, мердігер ұйым жасамаған жұмысты жасады дегені үшін сотқа дейінгі тергеу жұмысы басталды, — делінген еді хабарламада.

Сол сияқты тамыз айында Павлодар қалалық құрылыс бөлімінің басшысы мен оның орынбасары кәсіпкерлердің бірінен 150 мың теңге пара алды деген ақпарат жарияланды. Бұл соманы кәсіпкердің мемлекеттік сатып алулар келісімшарты бойынша актісіне қол қою үшін алған екен-міс.

Содан бері жарты жылға жуық уақыт өтсе де сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті өкілдері тергеу барысы, қорытындысы туралы жақ ашар емес. «Күдікке ілінген  шенеуніктердің әрекеттері расталды ма, жоқ па?»,  «Оларды қандай жауапкершілік күтіп тұр?» деген сауалдар сол беті жауапсыз қалып отыр.

Есесіне департамент басшысының орынбасары Ардақ Балғожин өңірде сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін бірнеше мурал салынып, билбордтар орнатылғанын айтты. Яғни, басымдықты қылмыспен күреске емес, оның алдын алуға беретін көрінеді.

Бірақ бұл шаралардың нәтижесі оңып тұрғаны шамалы. Суреттер салынып, көшелерде билборд ілінгенімен, жемқорлардың саны азаймай тұр. Керісінше көбейіп келеді. Мәселен, өткен жылы осы кезде облыста сыбайлас жемқорлыққа қатысты 85 іс тіркелсе, биыл оның саны 102-ге жетті. Жазаға тартылғандардың саны да бір жарым есеге өсті. Былтыр 54 атқамінер өз жазасын алса, биыл 81 шенеунік жауапкершілікке тартылды.

Осыдан-ақ алдын алу шаралары өзгелердің ой түюіне оң ықпал етіп отырмағанын аңғаруға болады. Егер бюджеттің ақшасын қалтасына басып, кәсіпкерлерден пара алғандардың аты аталып, түсі түстеліп, қоғам назарына ұсынылса, сәл де болса ар-ұяты бар басқа бастықтар жұрттың қарғысына ұшырамас үшін тәртіпті жалпағынан басар кезде ойланар ма еді, кім білсін?!

Тегтер: жемқорлық пара сыбайлас жемқорлық заңсыздық тергеу

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Арайлым ЕРКЕБАЕВА 27.02.2021, 22:00
Судьяның тәртібін комиссия қарады
Сайт әкімшілігі 26.02.2021, 14:02
БҚО-да жол апатынан 4 адам қаза тапты
Сайт әкімшілігі 26.02.2021, 12:36
Түркістанға «Гам-КОВИД Вак» вакцинасы жеткізілді
Сайт әкімшілігі 26.02.2021, 11:21
Бірқатар өңірлерде жолдар жабылды
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 26.02.2021, 09:18
Қос азаматтығы бар шенеунік басшылық қызметте қалай жұмыс істеген?
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 26.02.2021, 09:15
Ардагерлер кеңесіне ұстанымы биік тұлға қажет

Аңдатпа


  • Буырқанған дауылда сыналған басылым
    25.02.2021, 13:12
  • «Жас Алаштан» басталған журналистік жол
    23.02.2021, 10:51
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығымен құттықтаулар легі басталды
    22.02.2021, 13:50
  • «Қасымның тағдыры бұрмаланған»
    19.02.2021, 09:41
  • Түркістан облысында "Жас Алаштың" атында мектеп бар
    15.02.2021, 10:51