Бір облыстың балаларын шеттету кімге олжа?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

05.04.2022, 15:10

1565

Қарағанды қаласындағы қоғамдық көліктерге күніне қанша бала кіріп шықпайды? Былай қарағанда, баланың бәрі бірдей секілді. Ешқайсының маңдайында қайдан келгені жазылып тұрмайтыны белгілі. Кеше тапа-тал түсте қалаішінде жүретін автобустың біріндегі оқиғаға куә болдық. Кондуктор 12 жастағы баласын ертіп кірген жолаушы әйелдің жанында қандауылдай қадалып ұзақ тұрды. Кондуктор: «Ауылдан келдіңдер ме? Балаңызға шартты түрде 80 теңге төлеңіз!» деп бүлік салды. Балалы ана біраз салғыласқанмен дым шықпады. Ақыры, кенедей жабысқан кондуктор жолақысын қағып алды. Билет сатушы жай кетпей: «Мұндай талапты орындатқан – әкімдік соларға барыңдар! Депутаттардан сұраңдар! – деп кімнің есігін қағу керектігін іштегілерге еліре ескертті.

Бала байғұсты елемейтін елде тұрамыз

– Балқаш қаласында тұрамын. Төрт балам бар. Облыс орталығына жолымыз түскен сайын қып-қызыл шығынға батамыз. Үлкен шаhар болған соң, олар ойын алаңдарында, мәдени демалыс орындарында болып, қала ішінде емін-еркін серуендегісі келеді. Алайда, балаларым автобусқа отырған сайын ересектермен бірдей жолақы төлейді. Төртеуі бір көлікпен барып қайтқанның өзінде 320 теңге шығын шығады. Бұл біз секілді көпбалалы отбасылар үшін бір күндік екі бөлке әлеуметтік нанның құны. Біздің балалардан жолақы бағасы әділетсіз алынатыны жөнінде кондукторлармен сөз таластырып қалам. Оларды жеңбедім. Мені қинайтыны, қарағандылық оқушылар жолақының жарты құнын төлегенде, орталықтан тыс тұратындар мұндай мүмкіндіктен неге шеттетілген? Әрбірден соң, заң мен талап бәріне бірдей болуы керек емес пе? Мұндай әбестік ауыл мен қала балғындарының арасын ашумен тең әрекет, – дейді көпбалалы ана Мақпал Тұрдығұлова.

— Қалаға негізінен баламның денсаулығын тексеру үшін барамын. Былтыр қоғамдық көлікте баламның жолақысын төлеуге 5 теңге жетпей қалғанда кондуктор автобустан шығарып жіберген. Содан бері, 8 жасар қызыма арнап «тиын салғыш» сатып алып қойдым. Ауыл балаларының жеңілдіктен шеттетілуі жүйкемізді тоздырды, – дейді Қарқаралы ауданында тұратын Сандуғаш Сағадиева.

          Манукяндықтар мәу демейді, әкімдіктегілердің әмірі әлсіз

 Кеншілер шаhарындағы қалаішілік автокөліктердің 80 пайызы №3 автопаркке тиісті. Қожайын сол баяғы маңғаз кәсіпкер – Манукян.        

Ауыл мен облыс орталығында тұратын балалардың арасын ақы төлеу айырмашылығымен алшақтатып отырған мәселеге қатысты облыстық, қалалық мәслихат депутаттары хабарсыз болып шықты. Бірқатарына қоңырау шалғанымызда: «Осы ұсынысты жазбаша жолдаңыздар, нақтылап сұраймыз, көтереміз!» деп өзімізге қолқа салды. Облыстық білім басқармасы және осы түйткілге тікелей қатысты аймақтық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ресми өкілдері «жоғарыда көрсетілген жастағы балалар қалаішіндегі қоғамдық көліктерді жеңілдікке ие» деген  тілдей ақпарат жіберді. Сағызша созылған проблеманың жауабын түс ауа қалалық жолаушылар көлігі секторының бас маманы баяндады:

— Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап, Қарағанды қаласындағы қоғамдық көліктерде қағаз билеттер жарамсыз деп жарияланды. Қазір балалар «оқушы картасымен» жүретін болды. Ол бойынша 7-15 жас аралығындағы балалар жолақының жарты құнын төлейді. Мұндай жеңілдікті облыстың әр өңірінен келген барлық балалар алуға құқылы. Ол үшін ата-аналары Оңтүстік-шығыс, Пришахтинск, Майқұдықтағы ОNAY байланыс-орталығына барып, баласының құжаты бойынша рәсімдей алады, – деді қалалық әкімдіктің өкілі Темірлан Талдыбаев.

Қала әкімдігінің жаңа жарлығы №3 автопаркке жіберілген. Бірақ өз аймағымыздың қонақ балаларына Манукянның «шаш ал десе, бас алатын» кондукторлары әдеттегідей ересектердің төлемақысын тікендеп төлеттіруде. Баладан пайда көрген жекеменшіктен, жарлығын іске асыруға қауқарсыз  биліктен күтер үміт бар ма? Тым болмағанда, биылғы балалар жылын ескерсе етті...

Айтбала Сүлейменқызы,

Қарағанды облысы

Тегтер: бала ана тәрбие үйірме шара

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16.05.2022, 17:47
Республикалық референдумға қатысу – азаматтық борыш
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 16.05.2022, 16:50
Қарағандылық шаруалар қауырт қимыл үстінде
Әділ АҚЫЛБАЙ 13.05.2022, 11:45
Отандық спортқа отандық бизнес демеуші
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 12.05.2022, 17:11
Қайырымдылық қоғамға пайдалы
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 12.05.2022, 08:07
Сатылған бақтан бақ тайды ма?..
Сайт әкімшілігі 10.05.2022, 06:43
Қостанайда 11 отбасы баспанасыз қалды

Аңдатпа


  • Мәскеуменен Тәшкеннен көш келеді
    12.05.2022, 08:30
  • Әскердегі әлімжеттік пе, әлде?..
    12.05.2022, 08:12
  • Сатылған бақтан бақ тайды ма?..
    12.05.2022, 08:07
  • Қазақша оқыт балаңды!
    05.05.2022, 05:30
  • "Өгіз мүдде"
    05.05.2022, 05:27