Депутаттың сойылын соққан әкімдік

         Халық қалаулысын ауыл тұрғындарынан артық көре ме?

Мариям МАҚСАТ

28.09.2021, 11:25

1168

Павлодар облысындағы үш бірдей ауылдың тұрғындары мал жаятын жайылымдық жер жергілікті мәслихат депутатының қарамағына өтті. Ауыл іргесіндегі жайылымды алып алған кәсіпкер көктемгі дала жұмыстарына дайындықты бастап кетті. Ал қараша халық пен шағын шаруа қожалықтары азын-аулақ малын қайда бағарын білмей дал.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында жайылымдық жерлерді бай-бағландар басып алып, оларға әкімқаралардың сөзі өтпеуі салдарынан қатардағы тұрғындар зардап шегіп отырғанын айтқан еді. Мемлекет басшысы облыс әкімдерінің «тісі батпайтын» кәсіпкерлерге берілген осындай аумақтарды анықтап, жеке аулалардағы төрт түлікті шығаратын жерді қарастыруды тапсырды. Бірақ Павлодар облысының билігі мемлекет басшысының пәрменіне пысқырып та қарамайтын сияқты. Себебі ауылдағы қалталылардың бассыздығын тыюдың орнына олардың елді мекен шетіндегі жерлерді басып алуына жағдай жасап отыр.

Мәселе мынада: Ақтоғай ауданының орталығы мен оған көршілес жатқан Қожамжар, Приреченск ауылдарының тұрғындары көктемнен күзге дейін малын табынға қосып, күнелтіп келген еді. Ал таяуда бұл жайылымдық жерлер басқа-басқа емес, аудандық мәслихаттың депутаты, «Nur Otan» партиясының мүшесі, «Агро» шаруа қожалығының басшысы Игорь Головашовқа өткені белгілі болды. Ол бұл жерді егістік алқабына айналдырмақ көрінеді. Сондықтан ауыл тұрғындарын төрт түлігімен бірге итпен қуып, шекара белгіленген сызықтың ар жағына өткізбейді. Сонда ауылдағы ағайын азын-аулақ малын қайда жаймақ?

– Ауылдан 10 шақырым жерде 52 үйдің малы бағылады. Бұл кемінде 200 бас. Оның бәрін енді қайда бағамыз? Кәсіпкер «мен жерді сатып алдым» деп, жап-жасыл шөптің бәрін жыртып, қара топыраққа айналдырды. Мұндай шешім қабылдайтын кезде әкімдік тұрғындармен неге кеңеспейді? – дейді налыған ауыл тұрғыны Өкінбек Займолда.

Кәсіпкердің өзі болса жерді заңды түрде жалға алғанын айтып, бет бақтырмай отыр.

– Әкімдік жерді мемлекеттік конкурсқа шығарды. Мен барлық талап шеңберінде құжаттарды ұсынып, жеңіске жетіп, пайдалану құқығын алдым. Әкімдік жайылымдық жер ретінде басқа аумақты беруі тиіс еді. Атқамінерлердің уәдені орындамай, тұрғындарды сан соқтырғанына мен кінәлі емеспін. Жұртшылық пен әкімдік бұл мәселені екеуара шешсін. Ал мен кәсіп дөңгелету үшін заңды түрде алған жерімді бермеймін, – дейді Игорь Головашов.

Ақтоғай ауданының бір топ тұрғыны мал бағатын жер таппаған соң, аудан әкімдігінен көмек сұрай барғаны сол еді, мұндағы шенеуніктер ауылдықтардың жайылым жерсіз қалғанынан хабарсыз болып шықты. «Біз мал бағатын жердің болмай қалғанын білген жоқпыз. Енді ол жағын қарастырамыз», – деп, әдеттегі құрғақ уәделерін үйіп-төкті.

Кейін ресми түрде жауап ұсынды. Онда Қожамжар ауылы халқының қолда бар мал басы үшін жайылымдарға қажеттілік 11,3 мың га құрайтыны, ал елді мекенде 11,4 мың гектар жер бары жазылған. Яғни, әкімдіктің пайымынша, жайылым тапшылығы жоқ. Оған қоса, ауылдық округтің бос жерлерінде 15,7 мың гектар жайылымдық жер бар деседі.

– Қажет болған жағдайда осы жерлерден шалғайдағы мал шаруашылығын жүргізу немесе шаруа қожалығын ашу үшін уақытша пайдалануға мүмкіндік бар, – дейді әкімдіктегілер.

Бірақ мұның барлығы құжат түріндегі сандар ғана. Іс жүзінде жағдай мүлде бөлек. Тұрғындар мал бағып жүрген жайылымдықтың кәсіпкерге еш кеңессіз беріле салынғанына қапалы. «Мемлекет басшысы жайылымдық жерлерді тартып алмаңдар деп айтып, ауыз жиғанша болған жоқ, шенеуніктер ірі шаруа қожалығына үлестіріп жіберді» дейді ашынған жұрт. Ол аздай, аудан әкімдігі «депутатқа берілген жер учаскесінде тұрғындардың мал жаюға еш құқығы болған жоқ» деп, Айды аспанға бір-ақ шығарды. Сонда шенеуніктердің діттегені тұтас үш ауылдың емес, жалғыз шаруаның сойылын соғу ма? Азды-көпті малымен күнелтіп отырған тұрғындардың өздерін кінәлі етіп қойғандары қай сасқаны? Әбден налыған жұртшылық мәселенің түйіні тарқамаса, Президент Әкімшілігіне дейін шағым түсіруге дайын отыр. Ал бұл уақытта Әбілқайыр Сқақов бастаған облыс билігі үнсіз қалды. «Бірің өліп, бірің қал» дейтін ұстанымды берік ұстанғандай сыңайлы.

Тегтер: әкім лауазым мансап тағайындау

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:14
Орал тұрғындары үйді бұзуға қарсы наразылыққа шықты
Сайт әкімшілігі 15.10.2021, 17:20
Жаңа заң жобасы қабылданды
М.СӘУЛЕБЕК 15.10.2021, 12:19
Үлкен жолайрық – үлкен қалаларға тән құбылыс
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 15.10.2021, 08:25
«Мұнайдың үстінде отырып мұнайға жарымаймыз»
Еңлік АРЫҚБАЙ 15.10.2021, 08:23
Мектеп құлап жатыр: рас па?
Сайт әкімшілігі 14.10.2021, 12:01
«Атамекен-Түркістан» микро қаржы ұйымы алғашқы жобаны қаржыландырды

Аңдатпа


  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29