Е.Мезібаев: Асының адалдығы ұлттың мықтылығын айқындайды

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

24.12.2020, 09:46

825

     Осыдан біраз жыл бұрын қымызды қазақтың ұлттық бренді ретінде тану жайында тамаша бастама қоғамда қызу талқыланғаны белгілі. Өкінішке қарай, ұлттық ерекшелігімізді насихаттауға келгенде қашанда кежегеміз кейін тартатын қалыппен соңы сұйылып кетті. «Қымызды кім ішпейді, қызды кім айттырмайды» деп мәтелдетіп жүргенде оның да дәмінен бұрын, мәні қашқандай күйге түстік. Қолда барда алтынның қадірі жоқтығын білген ұлттың басты құндылығы асы мен дастарханынан басталатыны да самарқаулықтың жолына түсіргендей. Бірақ беттен басып түңіліп кетпес бұрын, ертеңге жетелейтін үміт әлі де бар екен.

        Соның айқын көрінісін «Адал ас» атты компания құрып, кәдімгі бидай өнімінің өмірлік мәнін ұғындыруға талпынған семейлік кәсіпкер Ермек Мезібаевтың батыл қадамынан көруге болады. Егер өткен ғасырдың 30-жылдарындағы нәубет кезінде бір уыс талқан талай адамның атар таңға аман жетуіне сеп болғанын ескерсек, оның тарихи мәні мен ұлттық құндылығы неде екенін аңғару қиын емес.

— Ең алдымен талқан – қазір біз жиі айтатын экологиялық таза өнім. Талқаннан бөлек, ұн өнімдерінен дайындалған бауырсақ, ши бауырсақ, жент секілді қазақ қасиетін баяғыда таныған тағам түрлерін де шығарып жатырмыз. Өндіріс нарығында өз жолымызды таңдағанымызға 10  жылдың жүзі болды. Басты мақсатымыз – қалайда мол пайда тауып, байлыққа кенелу емес, ең алдымен халыққа адал астың көзі қайда екенін ұғындыру. Яғни дастархандағы асының құнарлы болуына мән берген шаңырақ иесі өзінің ұлттың мықты қалыптасуына пайдасын тигізеді деп айтар едім. Соның бір дәлелі – күнделікті дастарханымыздан талқанның табылғаны. Одан кейін айтар жайт, көп адам мән бермейді, бұл талқан –ата-бабамыздың аманаты. Ұлан-ғайыр жерді қалдырғаны тіптен керемет. Сол жерде ұлттық құндылығымызды білдіретін, қазақтың нақ өзінің тағамдық бренді болуы керек емес пе?! Өз жерімізде кәрістің салаты, өзбектің палауы, орыстың салысы дүкендерде сықап тұрғанда, біз неге талқанды танытпауымыз керек? – дейді өз ісіне берілген кәсіпкер.

     Расында да, қазір кез келген қалада бұрыш айналсаң, алдыңнан шығатын «Дөнерін» дөңгелеткен түрік тағамдары, тез дайындалғанымен, асқазанға пайдасы шамалы гамбургер, пицца, доширак сияқты ас түрлерімен салыстырғанда талқанды қазақтың ұлттық брендтік тағамы деп танудың мәні зор. Оны айтпаған күннің өзінде, талқанның адам денсаулығына қаншалықты пайдасы зор екені ғылымда әлдеқашан дәлелденген. Медициналық дерекке сүйенсек, тәулігіне 200 грамм талқан жеген адам қаназдық дертін еңсеріп тастайды. Аяғы ауыр аналар мен жас сәбилердің ағзасына пайдалы екені өз алдына, адамның қартаю үрдісін тежеуге де сеп бола алады. Құрамында «Б» тобының дәрумендері өте көптігі денсаулықтың нығая түсуіне себепкер. Осы мысалдың өзі-ақ оның дәрумендік күш-қуатын айқындап тұр. Мұны аз десеңіз, қарбалас тіршілікте әлдеқайда асыққанда, мәселен, жұмысқа ерте жетуге тура келгенде бір кесе талқанды сүтке, қайнаған суға шылап жей салып шығып кетсеңіз, бірер сағатқа дейін ашықпайтыныңыз анық.

      Жалпы, талқанның ерекшеліктерін айтқанда, бірінен-біріне жалғаса беретін қасиеттерін түгендегенде саусақпен санау аздық ететіні түпкілікті зерттеуге сұранып тұрған бір дүние. Осындай ерекшеліктері бар талқан өндірісін дөңгелету ісіне үкіметтік деңгейде назар аударылса, күллі қазақ ақ түйенің қарны жарылғандай қуанатыны шүбәсіз. Бұған қоса, халықтың оны жеткілікті тануына жете мән бергеніміз абзал. Ермек секілді қазақтың іскер жігіттерінің күш-жігері қазір бәсекеге қабілетті ел болуға бет бұрған мемлекет үшін қашанда маңызды.

     Міне, қарапайым өмірде кез келген шаңырақтың дастарханынан табылуы тиіс талқан өнімдерінің сан алуан түрін шығаруға ден қойған Ермек Мезібаевтың ісі өте құптарлық. Осыдан бірер жыл бұрын «Қазақстанда жасалған» акциясына осындай ісімен сүбелі үлесін қосқан кәсіпкердің ерекше тағам түрін дайындап, нарыққа шығаруға тәуекел етуіне мемлекет тарапынан қолдау бары да қуантады. Талқаннан бөлек, бауырсақтың өзін тұзды және тәтті түрімен шығарғаны біртіндеп кириешки мен попкорнды жолда қалдыратынына күмән жоқ. «Ең бастысы, қазақтың ұлттық тағамдарының көш басында тұрған талқанды әлем елдеріне таныту – баршамызға ортақ парыз. Бірақ отандық өнімнің осы түрін өз елімізде насихаттау әлі де кемшін түсіп жатыр. Ал біз талқанның тек өзін ғана шығармай, жемістің, атап айтқанда алма, жаңғақтың үгітілген ұнтақтары қосылған түрлерін шығаруды қолға алдық. Оның қоректік қуаттылығы, дәруменге бай екені тәптіштеп айтпасам да түсінікті», – дейді Е.Мезібаев.  

       Бүгінде «Адал астың»өнімдерін шығаратын шағын цехтары заман талабына сай жабдықталған. Ұлттық мүддеге бет қойған азаматтың ісін ілгерілетуге кеңінен жол ашып отыр. Жай уақытта отандық өнім туралы айтқанда алдына жан салмайтын қазаққа алдымен ұлттық тағам өндіретін компания, фирмалардың жұмысын насихаттау керегіне баса назар аударған жөн болар.

                                                          

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 09.04.2021, 14:05
Маңғыстау тас жолында әскери ұшақтар: Қорғаныс министрлігі мән-жайды түсіндірді
Сайт әкімшілігі 09.04.2021, 12:55
Алматы облысында карантин күшейді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 09.04.2021, 11:44
Әйтеновтің «А» сценарийі
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 09.04.2021, 09:03
Ашынғаннан шыққан ащы дауыс
Сайт әкімшілігі 08.04.2021, 13:50
Нұр-Сұлтанның бас санитары Рамазан айы қарсаңында тұрғындарға үндеу жасады
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 08.04.2021, 13:05
Бас санитарлық дәрігерді сотқа берді

Аңдатпа


  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24
  • Ашынғаннан шыққан ащы дауыс
    09.04.2021, 09:03
  • Семейде 170 жаңа автобустың 70-і жүруге жарамай тұр
    08.04.2021, 09:08
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз? Досановтың романы: қайран тіл, қайран сөз
    06.04.2021, 09:16
  • «Көзіңді құртып жіберемін»
    05.04.2021, 16:19