Екпіндіктер әкім Смайыловтан жауап күтіп жүр

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

04.03.2021, 12:24

1808

«Жас Алаш» газетінің шығыс өңіріндегі қосынына Тарбағатай ауданы Екпін ауылы тұрғындарынан талап арыз келіп түскен болатын. Негізінен, аудан әкімі Асхат Смайыловтың атына жолданған талап арызда ауылдағы түйткілді жайға айналған бірнеше мәселе көтерілген. Алайда 8 ақпанда  аудандық әкімдік кеңсесі қабылдап алғанымен, бұл шағымға айдың жүзі өтсе де, аудан басшысы атынан әлі күнге дейін ресми жазбаша жауап қайтарылмапты. Осыған шағымданған екпіндіктердің жанайқайынан соң, ауылға барып, жағдайға көз жеткізуге тура келді.

       Талап арызда көрсетілгендей, басты мәселе – ауыл іргесіндегі Қарғыба су тоспасы мен Жаңа-Тоғам магистральды каналы құрылысының белгісіз себептермен тоқтап қалғаны. Соның салдарынан о баста егістік шаруашылығымен айналысып отырған жеке кәсіп иелері ары қарай судан құр қалып, тығырыққа тірелгелі бірнеше жылдың жүзі болыпты. «Қарғыба өзеніндегі су тоспасына бекітілген егістік көлемі 5982 гектарды құрайды. Жаңа-Тоғам магистральды каналының бойына бекітілген егістік көлемі – 4332 гектар. Осы каналдан 25-30 шаруашылық егістік алқаптарына қажетті суды алатын болған» делінген екпіндіктердің шағымында қыстамаға мал азығын дайындаудан, ауылшаруашылық дақылдарын егуден, жеміс-жидек өсіруден қол үзгендіктен,  жұртшылық тарапынан наразылық туып отырғаны айтылған.

       Осы түскен талап арызды негізге алып, аталған нысанға барғанымызда жағдайдың шынымен де күрделі екені көрініп тұрды.

   – Бұл 2016 жылға дейін дайын су тоспасы болатын. Осы жыл өткеннен кейін қайта жаңғыртамыз деп бұзды да, не былай емес, не қажетке жарайтын емес күйде қалдырды. Осымен бесінші жылға кетті, су тоқтап қалды. Бұған дейін бидай, арпа, жоңышқа, картоп егіп, пайдасын көріп келе жатқанбыз. 2016 жылдан бастап, қалай плотина құрылысын жаңарту қолға алынды, бәрі бүлінді. Мысалы, менің өзімде 20 гектар жер алқабында жоңышқам бар. Жалпы жиыны – 70 гектар. Ескі тоғамдар арқылы амалдап суарып жүрмін жылда… Бар тілейтініміз – осы жылдан қалдырмай, басталған канал құрылысын аяқтап берсе деген арман. Шындығын айтайын, халық осы суға қарап отыр. 2014 жылдан бері жоңышқа егумен айналысатын едім, мына жағдай ауыр тиіп отыр. Бар-жоғы екі жыл ғана игілігін көрдім, – дейді ауыл азаматы Мақсат Өзбек.

      – Мен 2015 жылы осы төңіректен 50 гектар суармалы жер алып едім. Сол жылы егін өнімін алуға құлшына кіріскен болатынмын. Алғаным сол, келесі жылында су тоспасы тоқтап қалды. Негізі, кеңестік дәуірде бұл плотина істеп тұрған. 2016 жылы жаңалаймыз деген желеумен бір құрылыс басталған болатын. Шынын айтқанда, быт-шыт болып, су жоғалып кетті. 20 гектар жерге жоңышқа еккенмін, қалғаны бос тұр. Келіп жатқан суды Қарғыба өзеніне ауысатын үлкен арнаға бұрып тастады. Ол су жыл сайын жайдан-жай құмға сіңіп айдалаға кетіп жатыр. Ал осыны кәдеге жаратсақ, Екпін ауылының халқы да игілігін көрер еді ғой. Жөнімен тұрған дүниені бұзды да тастады. Ауылда көпбалалы отбасылар баршылық. Екі «құлақ» судан қаншама өнімін алып отырар еді ауласында. Аз дегенде, он қап картоп алуына мүмкіндіктері бар. Жұмыссыз жатқан жұрт үшін осы плотинаның жұмыс істегені керек. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев болған кезде тыныш тұрған каналда құрылыс басталды, ақыры аяқсыз қалды. Кеңес дәуірінде салынған құрылыстың өзін дұрыстап қаптап, жаңаша түрмен пайдалануға беруге шамалары жетпеді ақыры. Осыны қайта жаңғырту үшін қаншама қаражат бөлінгені де сол күйі жұмбақ болып қалды. Есесіне біз зардап шегіп отырмыз. Ауданның қазіргі басшысы Асхат Смайылов бұл жағдайды қаншалықты білетінін де айта алмаймын, – деп қынжылды екпіндік Ғалбиат Байғалиев.

     Қызығы сол, о баста ауыл халқын асырап тұрған су тоспасының қазіргі кейпі көңіл құлазытады.  Ал оған қарай үлкен жоспармен тартылған жарық бағандарынан көз сүрінеді. Ұрандатып бастап, ауыл халқын ұрымтал тұстан ұрғандай күйде қалдырған жайға байланысты сол кездегі аудан басшысы Д.Оразбаевпен хабарласқанымызда, 2016 жылы бюджеттің қанша қаражатына салу жоспарланғанын нақты айта алмай, «Қазсушар» мекемесінің ШҚО филиалы басшысына «жөн сілтеп» тынды. «Жазған құлда шаршау жоқ» дегеннің керімен «Казводхоз» мекемесінің басшысы Рахымжан Нығметжановқа қоңыраулатуға тура келді.

      – Бұл нысанның құрылысы, негізі, 2016 жылы қайта қалпына келтіруді қажет ететін республикамыздағы 26 су тоспаларының қатарында мемлекеттік бағдарламаға енгені рас. Алайда ол кезде жобалау-сметалық құжаты (ресми тілде – ПСД) жасалмаған. Дегенмен қарап отырмай,  54 млн теңге бюджет қаражатын жоспарлап, су комитетіне өткен аптада хат жолдадым. Әлі жауап келген жоқ, – дейді Р.Нығметжанов.

      Мекеме басшысының айтуынша, бюджеттен Екпін ауылындағы су тоспасына бұған дейін ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты су ресурстары комитетінен бір тиын да қаражат бөлінбеген.

       Ал екпіндіктер болса аудан әкіміне шағым жолдап, онысына жарытымды     жауап ала алмай жүр. Аудан әкімі Асхат Смайылов, нақты айтқанда, сырттан тағайындалған әкім емес екенін де атап өткен жөн. 2015-18 жылдар аралығында Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары қызметінен   жоғарылап, 2020 жылдың тамыз айына дейін Көкпекті ауданының әкімі қызметін екі жыл атқарған болатын. Өткен жылдың тамыз айынан бастап туған жеріне оралып, Тарбағатай ауданының әкімі болып, іске кіріскенін жерлестері жақсы біледі.

Не де болса егін, суармалы жер кәсібімен айналысатын екпіндіктердің ертеңгі жайына салғырт қарамайтын болар деп үміттенеміз. Алайда ауыл халқы жолдаған хатқа айдың жүзі өтсе де, әлі жауап жоқ.

Тегтер: мәселе түйін түйіткіл

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 03.12.2021, 16:35
Нұр-Сұлтанда 70 мектеп салынады
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 03.12.2021, 14:24
Жалақысы 2 миллионға жуықтаған әкім
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 03.12.2021, 10:15
Кәсіпкер әйелдер көбейіп келеді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 03.12.2021, 08:47
Советский, Карл Маркс, Полторацкий
Сайт әкімшілігі 01.12.2021, 17:01
Нұр-Сұлтанда мұқтаж жандарға 56 азық-түлік себеті таратылды (видео)
Сайт әкімшілігі 01.12.2021, 15:20
Түркістанда 40-тан астам полицей марапатталды

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00