«Ең үздік жоба» жемқорлықты ауыздықтай алмады

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

22.09.2020, 10:44

1287

Түркістанда еден жуушыны жұмысқа парамен қабылдау әлі жалғасып жатыр

«Жас Алаштың» өткен сандарында біз Кентау қаласына қарасты Вахидов атындағы мектептің директоры Меринса Изатуллаеваның былтыр желтоқсан айында қарамағындағы қызметкерінен 5000 теңге алу барысында  антикорға ұсталғанын, бірақ директордың үстінен қозғалған қылмыстық істің қысқартылып,  жұмысын түк болмағандай әлі күнге жалғастырып жатқанын жазған едік. Мақала жарық көргеннен кейін редакцияға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жауапты қызметкерлері хабарласып, мән-жайды түсіндірді.

Оқырман арасында  қызу талқыға түскен мәселенің мән-жайы Кентау қалалық білім бөлімінің басшылары айтқандағыдай емес екен. Артынша   аталған агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев бізді арнайы қабылдады. Тергеуге жауапты лауазымды қызметкерлерімен бірге, Изатуллаеваға қатысты қозғалған қылмыстық іспен таныстырды. Департамент басшыларының айтуынша, былтыр 6 желтоқсанда М.Изатуллаева аталған білім ұясының мұғалімі   С.Рахметовтен 5000 теңге алу барысында ұсталған. Тергеу барысында күдіктінің ақшаны облыстық СЭС-тің қараша айында салып кеткен айыппұлынан құтылу үшін алғаны анықталыпты.

– М.Изатуллаева Қылмыстық кодекстің лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану дерегі бойынша құқық бұзушылық жасаған. Алайда 5000 теңге елеулі зиян болып танылмайды, себебі заң бойынша мұндай жағдайда залал мөлшері 200 айлық есептік көрсеткіштен асуы қажет (505 000 теңге). Осыған орай, қылмыстық іс құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды.  Қабылданған шешіммен прокуратура келіскен, – деді департамент басшылары.

Департамент осыдан кейін М.Изатуллаеваның тәртіптік жауапкершілігін қарау үшін Түркістан облыстық әкімдігіне ұсыныс береді. Ұсыныста директордың қызметінен босатылуы тиістігі көрсетіледі.  Бар кілтипан осы жерде орын алған. Кентау қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Б.Жұмабаев заң талаптарын дұрыс қолданбаған. Изатуллаева жұмыстан Еңбек кодексінің   52-бабы 1-тармағы 13-тармақшасы бойынша (жұмысшының  материалдық немесе өзге де пайда алу үшін кінәлі әрекеттер жасауы, сол арқылы оған деген сенімнің жоғалуы) босатылуы тиіс болған. Себебі ол мемлекеттік функцияларды орындауға теңестірілген адам бола тұра, өзіне деген тәуелділігін пайдалана отырып, өзі басшылық ететін мекеме қызметкерлеріне заңсыз тапсырма берген. Арызданушы C.Рахметовтің 5000 теңге қаржысын қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып иемденген. Алайда Кентау қалалық білім бөлімі Изатуллаеваны Еңбек кодексінің 52-бабының 1-тармағы 16-тармақшасымен босатқан (тәртіптік жазасы бар жұмысшының еңбек міндеттерін себепсіз қайталап орындамауы). Артынша директор облыстық еңбек инспекциясына арызданады. Инспекторлар бұл тармақша бойынша Изатуллаеваны жұмыстан босатудың заңсыз екенін анықтап,  арызданушыны қызметіне қайта тағайындау жөнінде қорытынды берген. Бұған дейін біз хабарласқан Кентау қалалық білім бөлімінің басшылары «Изатуллаеваны соттың айыптау актісі болмайынша, босата алмаймыз» деуден танбап еді.  Бақсақ, заңды бұзып, елді улатып-шулатып жүрген кентаулық атқамінерлердің өздері болып шықты.

 Департамент қызметкерлері  11 қыркүйек күні облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановқа жолдаған хатпен де таныстырды. Хатта:

«Бұқаралық ақпарат құралдарында М.Изатуллаеваның мектеп мұғалімдерінен ақша жинау дерегі бойынша оған қатысты қандай да бір шара қолданылмағаны, лауазымынан босатылмағаны туралы мақалалар жарияланып, қоғам арасында мемлекеттік мекемелердің жұмысына сенімсіздік туғызуда. Осыған байланысты М.Изатуллаеваның тәртіптік жауапкершілігін қайта қарау ұсынылады», – деп жазылған. Басшылар бұл хатқа облыс әкімдігі бір ай ішінде жауап беруі тиістігін мәлім етті. Демек, Изатуллаева осы бір айдың ішінде қызметінен босатылуы керек.

Департамент берген мәлімет бойынша, биылдың сегіз айында Түркістан облысының білім саласында 20 сыбайлас жемқорлық фактісі тіркеліп,  өңірлер арасында екінші орын алған. Ал былтыр 9 факті тіркеліп,  5-орында тұрған екен. Сегіз айдағы көрсеткіш өткен  жылғымен салыстырғанда екі есеге көбейген.

Білім саласындағы жемқорлықтың басым бөлігі пара алумен, қызмет бабын пайдаланып, алаяқтық жасаумен байланысты. Соңғы бір жылда шығарылған бірлі-жарым сот үкімдеріне тоқтала кетсек. Мәселен, Кентау қаласындағы балабақша меңгерушісі былтыр қазанда бір азаматты балабақшаға тәрбиеші ретінде жұмысқа орналастырып беру үшін 200 мың теңге пара  алған. Сот үкімімен оған 6 млн  теңге айыппұл салу жазасы тағайындалған. Мақтаарал ауданындағы мектеп директоры  былтыр қыркүйекте  бір азаматшаны мектепке еден жуушы ретінде жұмысқа қабылдау үшін 150 мың теңге пара алу барысында ұсталған. Кентау қаласында  балабақша меңгерушісі «тексеру комиссиясына 2 миллион теңге беремін» деген желеумен қарамағындағы қызметкерден 20 мың теңге алған. Сарыағашта мектеп директоры мұғалімнің біліктілігін көтеретін ұсынысқа қол қойып, мөр басып беру үшін 60 мың теңге талап еткен. Сотта директор осы ұсыныс арқылы мұғалімнің айлығы 40 мың теңгеге көбейетінін, сол үшін одан ақша сұрағанын ашық түрде мойындаған. Облыстың білім саласындағы жемқорлықтың жыл санап тамыр жайып, түрленіп келе жатқаны байқалады.

Қайбір жылдары елбасы  сол кездегі облыс әкімі Ж.Түймебаевқа оңтүстіктің еден жуушыны да жұмысқа парамен қабылдайтын бірден-бір облыс екенін айтып еді. Өкінішке қарай, директорлар мен меңгерушілер ескі әдеттен әлі арылған жоқ. Сол жылдары облыстағы білім мекемелеріне маман қабылдауды арнайы портал арқылы жүргізу жобасы қолданысқа енгізілді. Биыл сәуірде облыс әкімдігіндегі жиында адами әлеуетті дамыту (облыстық білім басқармасы) басқармасының басшысы  Рахымбек Жолаев аталған жоба, яғни jumys.sitcen.kz жүйесі коррупциялық тәуекелді 50 пайыздан 2 пайызға төмендеткенін және президент әкімшілігі оны ең үздік жоба деп танып, басқа облыстарда енгізуге ұсынғанын айтқан еді.Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері 50 пайыздан 2 пайызға төмендегенімен, өңірдің білім саласындағы коррупция 100 пайызға көбейген. Бұл қалай? Парамен ұсталған мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері  «ең үздік жобаны» қалайша аттап өтіп жүр? Мұның себебін реті келгенде Р.Жолаев мырзаның өзі түсіндіріп беретін шығар.  

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 17:05
Дүниежүзілік банктен гуманитарлық көмек келді
Сайт әкімшілігі 18.10.2020, 17:12
«Бадамда» инфрақұрылым мәселесі шешімін табуда
Сайт әкімшілігі 18.10.2020, 17:10
Шымкентте «Ойлы болсаң, озып көр» байқауы өтеді
Сайт әкімшілігі 18.10.2020, 16:56
Шымкентте жаңа жолаушылар терминалы салынып жатыр
Сайт әкімшілігі 18.10.2020, 16:55
Жастарға арналған денсаулық орталығы жұмыс істейді
Сайт әкімшілігі 18.10.2020, 16:52
Биыл 19 ауыз су нысаны пайдалануға беріледі

Аңдатпа


  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16
  • Ашық хат
    15.10.2020, 10:44
  • Билік жұртта қалған елу отбасыны көшіре алмай отыр
    15.10.2020, 10:38
  • Біржақты қарамайық...
    15.10.2020, 10:30
  • Жетім бала елге аманат
    13.10.2020, 10:33