Ерікті болу еріккен адамның тірлігі емес

М.СӘУЛЕБЕК

22.10.2020, 04:48

844

Жасқа жалын-жігер жарасады. Соңғы жылдары жастар арасындағы белсенділіктің артып келе жатқаны рас. Биылғы жылды «Еріктілер жылы» деп жарияладық. Саяси партиялар сайлауалды тізімдерін жасаған кезде  жастарға ойып тұрып, орын беруге уәде етіп отыр. Билік партиясының күні кеше өткен праймеризінде жастардың үлкен шоғыры көзге түсті.

Бірақ жастар туралы әңгіме қозғағанда, проблеманың да көп екендігін мойындау керек. Әлеуметтік проблеманың ең бастысы – жұмыссыздық пен баспана. Өзіндік көзақарасы әлі толық қалыптаспаған көкөрім жастардың қылмысқа баруы, теріс ағымдардың жетегінде кетуі бүгінде қоғамдағы ең өзекті мәселеге айналды десек, артық айтқанымыз емес. 

Бұл проблемалар қазір қалай шешіліп жатыр? Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Ерлан АЙТБАЕВПЕН арадағы әңгіме осы тақырыптан өрбіді.     

– Ерлан Садырбайұлы, жастармен жұмыс істеуде тәжірибеңіз бар. Дегенмен, жастардың көшбасшысы болу оңай емес. Мұнымен келісетін шығарсыз.

– Әрине, 2011 жылы Шымкент қаласында ең алғаш құрылған Жастар орталығы басшысының міндетін уақытша атқарушы болып келдім. 2014 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы Жастар орталығының басшысы болдым. Мұның бәрін тізіп отырған себебім, ол кездегі жастар саясаты мен бүгінгі жағдайдың арасында өзгерістер көп. Мәселен, еріктілер бұрыннан бар болғанымен, бүгінде олар әртүрлі бағыт бойынша бөлініп жұмыс істеуге көшті. Тіпті «Еріктілер жылы»  қолға алынды. Волонтерлардың шетелмен байланысы да маңызды орын алып отыр.

Жұмысқа оралғалы Шымкент қаласының 2020-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын дайындауды қолға алдық. Жастардың идеясын, ойын тыңдап жатырмыз. Бір ұққаным, біздің жастарда мәселе жеткілікті. Қараңызшы, қылмыс жасаушылардың арасында жастар көп. Баспана, суицид, жұмыспен қамту, түрлі қауіптерден сақтандыру, отбасылық құндылықтар, бұлардың барлығы біздің қоғам үшін таңсық тақырып емес.

– Кей ағаларымыз қызметтік креслоға отырғанша асығады да, бірақ  есеп беретін кезде қиналып жатады. Өзіңіз айтқан 2020-2025 жылдарға арналған тұжырымдамадан не күтеміз?   5 жылдан кейінгі Шымқала жастарының тыныс-тіршілігінде не өзгеріс болмақ?

Мегаполисте 240 мыңға жуық жас бар. Яғни, қала тұрғындарының төрттен бірі жастар деген сөз. Соның ішіндегі 18 мыңы НИД санатындағы, яғни өте мұқтаж жастар. Оның біреуі жеке шаруалармен айналысуы мүмкін, әке-шешенің ақшасымен күн көріп отырғандардың барын да жоққа шығаруға болмайды. Қысқа уақытта қаладағы жұмыссыз жастардың санын күрт азайтып жіберу мүмкін емес.  Өйткені бір жылда, орта есеппен, 20 мыңға жуық жас орта арнаулы мен жоғары оқу орнын аяқтайды. Қалаға жұмыссыздар, осылайша, тоқтаусыз келіп жатады.  Бір жылда жұмыссыз жастардың санын бір пайызға түсірудің өзі де жақсы көрсеткіш деп есептеймін.  

Жастардың арасында талантты қыз-жігіттер, волонтерлер, кәсіпкерлікке қызығатындар бар. Олаға бағыт-бағдар берудің өзі де жетеді. Сонымен қатар мен дәл қазір НИД санатының тағы бір бөлігі, пробацияда жүрген 512 жастың тізімін алып отырмын. Бұлар да Қазақстанның азаматы, Шымкенттің жастары. Бір қателік жасады,  сүрінді деп оларды  қоғамнан шеттетіп тастауға болмайды ғой. Темір торды көрген жас  психологиялық соққы алған болуы мүмкін.  «Кеттік сендерді кәсіпкер қыламыз» десек, олар сенбейді. Себебі, қатал өмір сенімсіздікке үйреткен. Сондықтан оларды, алдымен, оқытып, психологиялық көмек көрсетіп, икеміне қарай, жұмысқа тарту керек. Жас болған соң, өмір алда ғой. Шыны керек, қазір жұмысқа орналасар болсаң, сотталмаған деген қағаз сұрайды. Бірінші есік жабылады, екінші есік жабылады. Ең соңында, сенім жоғалады.  Бұл тығырықтан қалай шығуға болады? Тұжырымдаманың бір бөлігі осыған қатысты.

– Аға буынның қай кезде де кейінгі буынға көңілі тола бермейді. «Жастар кітап оқымайды», «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге бейім» деген сөздерді көп естиміз...

– Қазіргі жастардың дамыған елдерге қарап, еліктейтіні рас. Аға буынның кезіндегі идеология мен қазіргі идеология екеуі екі түрлі. Қазір бізде еркіндік бар. Әркім өзінің қалағанын істеуге, жеке пікірін айтуға құқылы. Мәселен, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жастармен екі-үш сағаттап отырып, пікір алмасты. Үлкендердің ойына келмеген тақырыптар қозғалып жатыр. Қаладағы ескерткіштерге қатысты пікірлер де бар. «ІТ мектебін салайық» деген ұсыныстар да айтылды. Пандемия өмірге деген көзқарасты өзгертті. Құжаттарды үйден шықпай-ақ электронды форматта алуға болатынын түсініп жатырмыз. Бірақ бір жақсының бір жаманы болады. Енді адамдарға қорғанысты үйрету керек болып жатыр. Мәселен, екі адамның электронды кілтін алып, некеге тұрғызып жіберуге болады. Қауіпті емес пе? ІТ саласындағы сауатсыздықтан, ортадағы адамдар жапа шегуі мүмкін. Болашақ робототехниканың заманы. Қысқасы, бес саусақ бірдей емес.

– Биыл «Еріктілер жылы». 2020 жыл барша әлемге сынаққа толы жыл болып отыр. Еріктілер еңбегінің мәні ашыла түскендей ме, қалай? Мемлекет тарапынан волонтерларға қандай қолдау көрсетіліп жатыр?

Ерікті болу еріккен адамның тірлігі емес. Мемлекет басшысының өзі ерікті жастарды қолдап, олардың халыққа көмек көрсеткен уақытын еңбек кітапшасына қосып, жазу керектігін айтты. Неге? Себебі, ертеңгі күні шетелдік оқу орындарына түсер болсаң, «Ерікті болғансың ба?» деп сұрайды. Оның өзі бір плюс есебінде жазылады. Жоғары жақтағылар осы мәселенің заңдылығын қарастырып жатыр. 

 Мемлекеттен көрсетілген тағы бір көмек, студенттер ерікті болғаны үшін айлық алады. Айына 20 сағат немесе 50 сағат жұмыс істейді. Ол ақша студенттердің карточкасына емес, оқу орнына барып түседі. Егер студент ақылы оқитын болса, оқу ақысына төленуі мүмкін. Ал грантта оқитын студенттердің стипендиясын 30 пайызға дейін көтеріп, қосып береді. Қазір Шымкент қаласында айлықпен жұмыс істейтін еріктілер үшін  1700 жасқа орын беріліп отыр. Біз оқу орындары мен қоғамдық бірлестіктермен ақылдаса отырып, жастарға осындай мүмкіндік беріп отырмыз.

– Мұндай мүмкіндікті жоғары оқу орындарында ғана емес, колледждерге де беру жағы неге қарастырылмаған?

Орта арнаулы оқу орындарында оқитын студенттердің кәмелетке толмағандығы ескеріледі. Сондай-ақ колледждер Шымкент қалалық білім басқармасына, ал университеттер тікелей Білім және ғылым министрлігіне қарайды.

– Қарашада  жастарға жалдамалы пәтер беріледі. Бұрынғыға қарағанда, баспаналы болудың тәртібінде өзгеріс бар ма? Неге басымдық беріледі? Өтінім беру қашан басталады?

— Жоба бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының жастарына 3 жылда 3000 баспана берілуі керек. Былтыр 904 жасқа жалдамалы пәтер кілті берілді.  Тұрғын үй басқармасының мәліметі бойынша  қарашада 300 пәтер беру жоспарланып отыр.

Жалдамалы пәтер алатын жастың табысы 40 айлық есептік көрсеткіштен асуы керек. Ең басты мәселе осы жерден шығады.  Көп жастардың айлығы бұған жетпейді. Сондықтан біз ерлі-зайыпты жастардың табысын бірге есептеуді ұсынып отырмыз.  Екеуінің айлығы 100 мыңнан асса, ары қарай конкурсқа жібереміз. «Үйі жоқтың, күйі жоқ». Қазіргі жастарымыздың көбісі баспана жағынан қысылып отыр. Ажырасу, өз-өзіне қол жұмсау секілді фактілердің орын алуының арғы жағында  осы баспана мәселесі жатуы мүмкін.

– Отбасындағы баспана үшін ұрыс-керіс дегеннен шығады. «Жастарымызды отбасы болуға дайындайтын шетелдегідей мектеп ашу қажет» деген пікірлер де айтылып жатыр.

Отбасы құндылықтарын түсіндіретін мектеп қажет деп есептеймін. «Үйлену – оңай, үй – болу қиын». Ерлі-зайыптылар  өмір бойы қол ұстасып, бақытты күйде жүрмейді ғой. Өйткені өмір дегеніңіз, тақтайдай теп-тегіс емес.  Арасында ұрыс-керіс, түсініспеушілік болады. Солардың алдын алу, шешімін табу жолдарын үйрету керек. Отбасы құндылығын үй болмай жатып ұғынбаған адам, ертеңгі күні қиындықтарға шыдамауы мүмкін. Бұл мәселені мектептен бастау қажет деп ойлаймын.

– Қазіргі қазақ қоғамында діни қарама-қайшылық күшейіп келеді десек, артық айтқанымыз емес. Әртүрлі діни топтар бар. Мақсаттарының да әр алуан екендігінде күмән жоқ. Оған дәлел –әлеуметтік желіде қоғам белсенділері арасында діни айтыс-тартыстар көбейді. Шымкенттік жастардың арасында теріс діни ағымның таралмауы үшін не істеу қажет?

Дін – өте нәзік дүние. Теріс пиғыл, ағымның әсерінен, мемлекеттігінен айрылып қалып жатқан елдер бар. Осыдан 10-20 жыл бұрын «Хиз-ут-тахрир», «Таблиғи-жамиғат» сияқты радикалды діни ағымдардың уағызына сеніп, теріс жолға түскен жастарымыз болды. Сол үшін темір тордың арғы жағында өмірінің біраз бөлігін өткізгендер де бар. Сол жылдары оңтүстік өңіріндегі діни ахуалдың күрделенгені рас. Ал қазіргі жағдай басқаша.  Қазіргі жастардың көзі – ашық, көкірегі – ояу.

Жастардың теріс ағымға арбалмасы үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірге  іс-шаралардың жоспарын жасап жатырмыз. Пробацияда жүрген жастарға қатысты да шаралар бар. Оның бәрін, әрине, бір-екі ауыз сөзбен түйіндеуге келмейді.

– Жастар арасындағы нашақорлық тақырыбында көп әңгімелер айтуға болады. Бірақ сөз бен істің арасында  айырмашылық бар. «Нашақорлыққа жол жоқ», «нашақорлық – ғасыр дерті» деген ұрандарға, жазуларға  көптің көзі үйренген. Бұл саладағы тың әдіс-тәсілдердің қажеттігі айтпаса да түсінікті.   Жақында қаладағы тұрғын үйлердің қабырғасынан есірткі сатылатын орынға алып баратын графикалық белгілерді өшіру жұмыстары жүргізілді. Жастардың осы бағыттағы жұмысына тоқтала кетсеңіз.

Шымкент қаласының полиция департаментімен тікелей жұмыс істеп, аптасына екі рет Жастар орталығының қызметкерлері сол графикалық сызбаларды өшіруге шығады. Бұл біздің міндетімізге жатпайды, бірақ Ішкі істер департаментінің өкілдері мұның өте үлкен көмек екендігін айтып отыр. 20 маманымыз 4 ауданға бесеуден бөлінеді. Көше, үй, есік алдын аралап жүріп, таңертеңгі 9-дан кешкі 7-ге дейін есірткі сатуға алып баратын жазуларды өшіреді.  Маған фото есептерін жібереді.

Әрине, жастардың есірткіге елітуінің түрлі себептері бар. Осы дерттің салдарынан, болашағына балта шапқан, қазіргі уақытта  наркологиялық орталықтарда жатқан жастарымыз аз емес. Біз осындай жастарға психологиялық көмек көрсетуді қолға алып отырмыз. 2014 жылы Жастар орталығының ішінен психологиялық көмек көрсету орталығын ашқан едім. 1303 деген call-центр құрылған. Психологиялық орталық ашар алдында мәселені зерттеп, қарадым. Сонда байқағаным, қылмыскердің, нашақордың бұралаң жолға түсуіне балалық шағында  алған психологиялық травмалар әсер етеді.  Отбасындағы зорлық-зомбылықтан, қысымнан жасөспірімнің психикасы бұзылады. Осыдан кейін, біреулер өмірдің рахатын нашадан іздейді. Бір нашақор айналасындағы  жүрген қаншама жасты өз ортасына тартады. «Ауруды емдегеннен гөрі, алдын алған тиімді». Дәл осы сөз нашақорлықпен күрестегі ең басты ұранға айналуы керек. Өйткені наркологиялық орталық нашақорлықтың салдарымен ғана күреседі. Ал біз оның себебімен күресуімсіз керек.

  Нашақорлық дертіне шалдыққан жастың қоғамнан шет қалмауына баса назар аудару маңызды.   Оларға деген көзқарас өзгермеуі тиіс. Ең бастысы, мұның бәрі бос сөз, жалаң ұран күйінде қалмауы керек деп ойлаймын.

– Жуырда өткен «Нұр Отан» партиясының праймеризінде шымкенттік бір топ жастар бақ сынады. Олардың ішінде қатарластарынан оқ бойы озып, суырылып алға шыққан, жарқ еткен жастар да бар. Сіздің ойыңызша, праймериз жастарға не береді?

Барлық нәрсе жаңарып, жаңғырып жатыр. Праймериздің мақсаты –партия басшылары айтқандай, нағыз белсенділерді, көшбасшыларды анықтау. Елдің тізгінін, тағдырын шешуді осындай белсенділердің қолына беру. Бізде  «Мәжіліс, мәслихат депутаты тек мекеменің, ұйымның басшысы немесе қалталы кәсіпкерлер ғана болады» деген түсінік қалыптасып қалған. Алайда қазір заман өзгерді. Қоғамның, оның ішінде, жастардың белсенділігі артып келеді. Ел ішінде жүрген қарапайым, шын мәнінде, отаншыл, елдің тағдырына бейжай қарай алмайтын азаматтардың сахнаға шығатын кезі келді. Праймериз осыған мүмкіндік берді. 

– Осы саяси додада өзіңіз де бақ сынадыңыз. Осы қадамды жасауда қандай жоба-жоспарды мақсат тұттыңыз?

Алдағы сайлауда Мәжіліс пен мәслихатта жастардың квотасы болады. Мемлекет жастарға мүмкіндік беріп жатыр. Ондай жағдай жасалған соң, неге мен көшбасшы ретінде қатыса алмаймын? Егер ертең ел қолдаса, сенім артса, қоғамдық мәселелерді шешуге атсалысудан қашпаймын. Жастардың, қоғамның проблемасын шешуге үлесімді қоссам деймін. Бұдан басқа да жоба-жоспар жоқ.

Келесі бір мәселе – әр депутат өз саласының жырын жырлауы керек. Мені апарып, құрылыс саласына отырғызса, не тындырамын. Өйткені мен бұл саланы ары кетсе,  15 пайыз ғана білемін. «Тауық сойса да қасапшы сойсын», деген сөз бар емес пе? Мен жастар арасындағы мәселені бес саусағымдай, білемін деп айта аламын. Депутаттықта да өз ісінің нағыз майталмандары отыруы қажет.

– Праймеризге миллиондаған қаражат жұмсап, өзін жарнамалап жүргендерге көзқарасыңыз?

– Бар болса, шаша берсін. Мысалы, сіздің миллиондаған қаржыңыз бар. Неге оның бір миллионын немесе  500 мыңын жарнамаға жұмсамасқа? Ал менің жағдайым, ондай шығынды көтермейді. Ары кетсе, 100 мың теңгемді шығардым. Фотосессия, видеоролик жасадым. Бір айлығымды праймеризге арнадым. Менің ақшам анау айтқандай, шашылмады. Инстаграм, Фейсбуктегі оқырмандарымның өзі жетеді. Қоғамда, өмірде, өнерде қарасып жүрген достарым да бар. Осылай жүріп, әл-Фараби ауданынан 2600 дауыс жинадық. Алда әлі тағы іріктеу бар. Бәрін уақытында көре жатармыз.

– КВН ойыншысынан басшылыққа, қызметке қарай мойын бұрдыңыз. «Ералаштан» Ерлан Садырбайұлына айналу қиын болды ма?

Мектеп кезінен ұйымдастыруға, лидерлікке бейімдеу болдым. 11 жыл өнерде жүрдім. Оған қуанбасам, ренжімеймін. Ел көрдім, жер көрдім, қанша адам мені таныды, мен адамдарды таныдым. Қазірдің өзінде айналамдағылар «Сіз жайдарманда ойнаған Ералаш емессіз бе?» дейді. Мемлекеттік және жергілікті басқару деген мамандыққа өзім түстім, өзім қаладым.

Өнерім – хобби секілді. Жолдастарым, достарымның арасында әлі күнге дейін кеш жүргіземін. Тойға да шыққанмын, бірақ қазір оның барлығын қойдық. Бәрібір бір бүйрегің өнерге тартып тұрады екен. Қалалық әкімдікте жүрген ағаларымыз кейде «Ералаш» деп атап қалады. Мені кім, қалай атағысы келеді, солай атайды. Маған ол маңызды емес.

– Әңгімеңізге рақмет, қызметіңізге табыс тілейміз!

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Мариям МАҚСАТ 17:49
Ұлттық Ұлан сарбаздары Павлодарға жете алмай әлек болды
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ 16:57
Қар жауғанда тал егу қаржы жымқырудың тәсілі емес пе?
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ 10:30
Орман оталса, Орал «өкпесінен» айырылады
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 23.11.2020, 18:46
Қызылордада жаңа әуежай салынбайды
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 16:59
"Ешбір тыйым болмай тұрған тойларды тоқтату керек" - Шөкеев
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 23.11.2020, 12:59
13 жастағы жасөспірім жоғарғы қабаттан құлады

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    23.11.2020, 10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    23.11.2020, 09:56