Еріктілер қызметі жанданып келеді

Ерзия ЕРСҰҢҚАР

18.08.2021, 15:50

641

Халқымызға ағайынның ауыртпалығын еңсеруге бел шешіп кірісіп кету, асарлатып қол көмегін көрсету әрекеттері жат болмағанымен, ерікті ұғымы аса таныс емес еді. Бірақ соңғы жылдары қоғамда еріктілердің игілікті істері жиі көрініп, жүректі жылытуда. Өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді қалайтын еріктілердің қатары  елімізде  жыл санап артып келеді. Олар еліміздің бір бұрышында көктемде ағаш отырғызып жатса, енді бір өңірде жоғалып кеткен бүлдіршінді іздеуде белсенділік танытуда. Өткен жылы карантинде әлеуметтік жағдайы қиындаған отбасыларға азық-түлік таратып, індет өршіп кеткен кезеңде ауруханаларда науқастарға қарайласқан еріктілер аз болмады.

Күні кеше қуаңшылықтан зардап шеккен аймақтарға шөп шауып, жөнелту ісінде де ешкімнің күштеуінсіз, алғаш болып өз еріктерімен, ерлікке бергісіз әрекеттерге барған да еріктілер болатын. Елімізде еріктілер ісінің жандануына  2020 жылдың «Еріктілер жылы» болып аталуы да ерекше серпін берген секілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «ҚР президенті ретінде мен әрқашан волонтерлердің қозғалысын қолдайтынымды жеткіземін. Еріктілер – жаны таза адамдар. Олар елдің шынайы патриоты, сол үшін де құрметім шексіз. Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз», – деп, еріктілерді қолдайтынын білдіріп,  өткен жылды «Волонтер жылы» деп жариялаған болатын.

Оған дейін, 2016 жылғы 22 желтоқсанда өткен сенат отырысында «Еріктілер қызметі туралы» заң қабылданды. Заң аясында «Еріктілер қызметі  жеке тұлғаларға, кәсіпорын-компанияларға, әлеуметтік топтарға көмек көрсету, қоршаған ортаны қорғау, азаматтық позицияны қалыптастыру, өзін-өзі ұйымдастыру, әлеуметтік жауапкершілік, өзара көмек көрсету және қоғамда қайырымдылық жасау» деп көрсетілген болатын. Сондай-ақ олардың қызметін мемлекеттік тұрғыда реттеу, волонтер жұмысын ұйымдастыру және Қазақстан Республикасының волонтерлік қызметі туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық сынды көптеген маңызды дүниелер заң жүзінде нақтыланып, елімізде еріктілер әрекеті құқықтық тұрғыдан реттелді. Осылайша елімізде еріктілер қызметі жандана бастады. Бүгінгі таңда елімізде  200-ге жуық волонтерлық ұйым жұмыс істейді. Басқа адамдардың игілігі үшін саналы түрде қадам жасап, өз еркімен және ақысыз қызмет ету кім көрінгеннің қолынан келе бермесі анық. Осы орайда, еліміздегі жігерлі жастардың ерікті болуға құлшынысы, белсенділігі қуантпай қоймайды.  

Еріктілердің әрекеті, белсенділігі адамзатты еркіндікке, қауіпсіздікке, әділдікке, мейірімділікке шақырып және барлық адамдарды көмек көрсетуге баулиды, шақырады. Олар арқылы «әлемді мейірімділік құтқаратынына» көзің жете түседі. Өйткені қоғамымызда еріктілердің қолдауына зәру  қарт және дәрменсіз адамдар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жетімдер жетерлік. Олардың көмегі қарттар үйінде, ауруханаларда, балабақшаларда, мектептерде ауадай қажет.

Қоршаған ортаның ластануы мен ормандардағы ағаштардың көптеп оталуы кезінде де еріктілердің басқаларды қамқорлыққа шақырған әрекеттері аса маңызды. Осы орайда, еліміздің экологиялық мәселелерін шешуде де  еріктілердің ерен еңбегі сезілетінін атап өту керек. Сондықтан елімізде еріктілердің істерін қолдау мақсатында түрлі бастамалар көтерілуде. Мәселен, өткен жылы «Еріктілердің қызметі еңбек өтіліне кіруі тиіс» деген бастама көтерілді. Еріктілер қозғалысын кеңінен насихаттау мақсатында еріктілер қатарына халықтың әртүрлі топтарын, атап айтқанда: студенттерді, дәрігерлер мен мұғалімдерді және аға буын өкілдерін тарту арқылы корпоративті еріктілер ұйымын дамыту мәселесі айтылды. Мұның барлығы елімізде еріктілер ұғымының, олардың қызметінің кеңінен қанат жайып келе жатқанын аңғартады. Алдағы уақытта волонтерлердің халықаралық деңгейдегі шараларға қатысуына мүмкіндік беретін, еліміздегі еріктілердің қатарын көбейтетін мұндай бастамалардың маңызы зор.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 15:00
Оралда көкөніс өсіру тиімді бизнес
Миуа БАЙНАЗАРОВА 08:40
Әділхан ЖӨЛЕКЕШОВ: Оқушыларымыз карантиндік талапқа сай білім алуда
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.09.2021, 18:23
Қарағандыда құрылыс басында қазалы жағдай орын алды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.09.2021, 16:55
Нұралықтар-қауырт қимыл үстінде
Таңшолпан ҒАЗИЗҚЫЗЫ 17.09.2021, 11:38
Қоқыс та қордалы мәселе
Мариям МАҚСАТ 17.09.2021, 09:13
«Басшымыз күн көрсетпейді»

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39