Хас тұлғалар өз халқына қадірлі

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

13.11.2021, 10:12

690

       Қарағандылық қылқалам иесі, халықаралық «Атом» жобасының Қазақстандағы құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков апта бұрын ат арытып алыстағы Араб елінен оралды. Арыны арғымақтай жігіт ағасы Дубайда өтіп жатқан EХPO-2020 халықаралық көрмесіне барып қайтты. Ол әлеуметтік медиа арқылы өз оқырмандарымен үздіксіз қоян-қолтық байланыста болды. Кәріпбек қияндағы Парсы шығанағы бойында өткен көрмеде жасаған жұмыстарын әлеуметтік желідегі достарына жолдап отырды. Атомның ақкептеріне тілеулестері әрдайым қолдау білдірді.

                                     «Туған елдей ел болмас...»

        Бүкіл дүниежүзінің бай-бағландарына төрін ұсынған Біріккен Араб Әмірліктерінде тұратындардың бәрі біз ойлағандай жүрегі жұмсақ, қолы ашық емес екен. Үлкен ақшаның артында еселеген есеп бар қашанда.

       «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының белді мүшесі, суретші Кәріпбек Күйіков Дубайдағы халықаралық көрмеге қатысуға ешқандай елдің тарапынан шақырту алмаған. Анығын айтқанда, ол мұндай мүмкіндікке кәсіпкер қандасымыздың қаржылық қолдауы арқасында қол жеткізген.

     –«Туған жердей жер қайда, Туған елдей ел қайда?» деген бабаларымыздың бір ауыз сөзіне осы жолы анық иландым. Дүниежүзінің 20 елі қатысқан көрмені көрген де, көрмеген де арманда! Алған әсерімді баяндасам, бір таңға ұласады. Осынау маңызды сапарға арнайы жіберген шығармашылық серігім және кәсіпкер досыма ақжарма көңілден алғысымды жеткізу адамгершілік парызым деп білемін. Көрмеге әдеттегідей Семей полигонының зардабы мен залалын баяндайтын туындыларымды іріктеп апардым. Халықаралық шараға ықтиярлы дайындалдым. Арабтардың мәдениеті, тұрмысы, ұлттық құндылықтары жайлы кең ауқымды мәліметтер мен әдебиеттерге қанықтым. Зердеме тоқыған ілімді қылқаламға түсіріп, картина салдым. Тың туындыларымды арабтардың миллионерлері де тамашалады. Бірақ таңдай қағып тамсанудан әрі аспады. Есесіне олардың талғамын еуропалықтар орап алды. Жұмыстарымды сатылымға шығаруды сұрағандар арасында бекзада өнерді бағалаушы  француздар мен итальяндықтар, бірлі-жарым ресейліктер болды. Сондағы аңғарғаным, кескіндеме өнеріне әлі де бүйрегі бұратын батыс пен Еуропа халқы екен, – дейді Кәріпбек Телтайұлы.

        Суретші төл туындыларының көрмесін Қазақстан павильоны алдында өткізген. Бірегей қылқалам иесі егемен елдің тарихынан бейхабар шетелдіктерге Қазақстанның қырық жыл бойы тартқан қасіретін жаңа қырынан танытқанын баяндады. Әлем азаматының пайымдауынша, Кеңес Одағының бодандығынан босап шыққан мемлекетіміздің тарихы үнемі дәріптелуі керек.

     – Біздің елдің көрмесін тамашалауға келушілер «Әлем картасы» деген кескіндеме кенепке қолтаңбаларын қалдырды. Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме соңына дейін онда 2020 кісінің қолының із түсуі керек. Өз жұмыстарым бойынша айта кетер болсам, Үндістан, Пәкістан, Иран халқының басым көпшілігі біздің даламызда атом полигоны болғанынан мүлдем хабарсыз екен. Олар менің суреттерімді көргенде: «Бұл не жарылыс, қай жердегі экологиялық апатты бейнелегенсіз?» – деп сұрады. Өз кезегімде оларға Семей полигонының зобалаң салдары жайында кең ауқымды мағлұмат бердім. Өзім секілді атом құрбандарының өмірбаянын мысал етіп айттым, – дейді кейіпкер.

        Алаш даласындағы ажал аждаhасы атанған «Семей-Невада» полигонын тоқтатуға сүбелі үлес қосқан суретші, халықаралық антиядролық сынақ қозғалысының белді мүшесі Кәріпбек Күйіковтің өмірі күреске толы. Табиғаты космополитизмге бейім кейіпкер елуді еңсерсе де, ойы – азат. Кенен күш, кемел қуаттың үлгісі болған елжанды ердің ендігі арманы – жастарға антиядролық қозғалыстың ілкімді ісін дәріптеу.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 21.05.2022, 19:13
Шымкенттегі жарылыс: Оқиға салдарынан бір нәресте шетінеді
Сайт әкімшілігі 21.05.2022, 18:29
Шымкент:Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы жарылысқа байланысты шұғыл брифинг берді
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 20.05.2022, 11:50
Кәсіпкерлік ортаның бәсекесі қыза бастады
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 19.05.2022, 11:25
Қарағанөзектік балалар өлімге бас тігіп жүріп білім алуда
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 19.05.2022, 08:27
Қарағандыдағы 7330 үй басқарудың жаңа жүйесіне енуге қауқарлы
Кемел ЖАН 18.05.2022, 13:35
«Жаңа Қазақстанның» мақсаты – парасыз мемлекет құру

Аңдатпа


  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56
  • Балалар жылында балалар неге шеттетіледі?
    19.05.2022, 08:40
  • Қалтырауық үкімет
    18.05.2022, 06:20
  • Қонаев кімнен кем, кімнен артық еді?
    18.05.2022, 06:17