Кәсіби спорт клубтары құрдымға кетіп барады

Мариям МАҚСАТ

04.02.2021, 14:23

1363

Осыдан бір жыл бұрын Павлодар облысының басшылығы ауысқалы бері өңірдегі кәсіби спорт клубтарының басына қара бұлт үйірілді. Ел чемпионаттарында талай рет үздіктер сапынан көрінген командалар бүгінде тарихқа айналып барады. Алдымен футбол, кейін волейбол мен баскетбол клубтары қиындықтан көз ашпады. Ендігі кезек хоккейшілерге жетті. Байрақты бәсекелерде аймақтың абыройын қорғап жүрген ойыншылар билікке неге жақпай қалды? Әлде Сқақов мырзаның спортқа жаны қас па?

Футбол тарихынан ойып тұрып орын алатын еліміздің бес дүркін чемпионы, 55 жылдық тарихы бар «Ertis» футбол командасы былтыр қас пен көздің арасында премьер-лига чемпионатынан шығарылып тасталғаны әмбеге аян. Аяқдоп шеберлерінің бірнеше буынын тәрбиелеп, халықаралық турнирлерде әдемі ойын өрнегін көрсете білген команда бір ғана аудиттің «күшімен» жасыл алаңнан «қуылды». Клубтың «қызыл қағаз» алуына миллиондаған берешекте батпақтап қалғаны себеп болды-мыс. Аудит жүргізу пәрменін беру үшін ғана тағайындалған клуб басшысы «Ertis» футбол клубының салықты уақтылы төлемей, мемлекетке шамамен 1 млрд теңге қарыз болып қалғанын анықтады. ERG командасы талай жылдан бері демеушілік көрсетіп жүрген жергілікті футбол командасын қаржыландырудан бас тартатынын да хабарлады. Осылайша жарты ғасырдан астам тарихы бар футбол клубы бір-ақ күнде жоқ болды.

Іле-шала волейболшылар мен баскетболшылар да бастарына түскен қиындықты бүкпесіз білдіруге бел буды. Спортшы қыздардан құралған команда бір жылға жуық уақыт бойы жалақысын ала алмай сандалды. Қола жүлдеге ие болғаны үшін уақтылы төленбеген өтемақы, еңбек демалысының ақысы мәселесі тағы бар. Спортқа жауапты шенеуніктер мен клуб басшылығы «жалақыны ертең береміз» деген құр уәдемен тойдырып келді. Сол тұста облыс әкімінің орынбасары Сәкен Шаяхметов волейболшылардың алдындағы қарыздың – 100 млн теңгенің уақтылы төленбеуіне демеушілердің жоқтығы себеп болып отырғанын алға тартып, жеңіл құтылып еді.

Павлодарлық баскетболшыларға да бірнеше ай бойы жалақысыз күн кешуге тура келді.  Ерлер мен әйелдер командасын қоса алғанда, оларға 2,5 млн теңге еңбекақы уақтылы берілген жоқ. Бұл жолы да атқамінерлер қарыздардың барлығын өтейтін демеушілерді таппай жүргенін мәлімдеді.

Ал биыл қаржылай қиындықпен бетпе-бет кездесу «кезегі» «Ertis» хоккей клубының ойыншыларына жетті. Оларға да жалақы төлейтін ақша жоқ. Сондықтан команда үздіктері – Егор Кутугин, Денис Макаров, Евгений Чемерилов және тағы басқалары келісімшартты үзді. Барлығы тоғыз легионер мұзайдында павлодарлық команданың намысын қорғаудан бас тартты. Белгілі болғандай, былтыр хоккейшілердің жалақысы 400-450 мың теңге шамасында болса, биыл бұл сома үш есеге азайған. Оның өзінде ойыншыларға ай сайын 150 мың теңге төленеріне еш кепілдік жоқ. Себебі бұл жолы да бас демеуші – Павлодар мұнай-химия зауыты клубты қаржыландырмайтын болды. Облыстық спорт және дене тәрбиесін дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есембаев әзірше кәсіби хоккей клубының жабылмайтынын мәлімдеді.

– Клубтан тоғыз легионер кетті. Енді олардың орнына чемпионатта жастар командасы ойнайды. Олардың қатарына балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің 2004 жылғы оқушылары қосылады, – деді Н.Есембаев.

Айта кетейік, биыл облыста хоккейді дамытуға 330 млн теңге қарастырылған. Оның 270 млн теңгесі негізгі және жастар командасына, қалған 60 млн теңгесі балалар хоккейіне жұмсалмақ. Ал демеушілік қаржы тарту мәселесі әзірше ашық күйінде қалып отыр.

Осылайша Павлодар облысындағы кәсіби спорт клубтары бірінен соң бірі құрдымға кетіп барады. Жанкүйерлер «Ertis» футбол командасының тағдыры қайталанып, хоккейден айырылып қаламыз ба деп алаңдап отыр. Бұған дейін төрт бірдей командаға миллиондаған, тіпті миллиардтаған қаржы құйып, олардың жеңіске жетеріне еш шүбә келтірмеген ірі компаниялардың бәрі бір мезетте демеушіліктен неге бас тартып жатқаны әлі де жұмбақ. Талай жылдан бері қаржыландырған клубтардан әп-сәтте қалай бас тарта салды? Осы орайда, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов кәсіби спортқа, оның ішінде «Ertis» футбол клубына бюджеттен әу баста қарастырылған қаржы бұқаралық спортты, балалар спортын дамытуға бағытталатынын айтқан еді.

Алайда облыста екеуінің де қарыштап, дамып кеткен түгі жоқ. Бұқаралық спорт та, балалар спорты да баз баяғы таз қалпында қалып отыр. Жә, пандемияның беті қайтып, екеуіне де қомақты қаржы бөлініп, жаттығу жұмыстары жанданады делік. Сонда балалар спортынан түлеп ұшқан жастар қай клубтарда мықтылығын дәлелдейді? Жақын уақытта жасыл алаңға шықпайтын «Ertis» футбол клубында ма, әлде тағдыры қыл үстінде тұрған «Ertis» хоккей клубында ма? Командаларды қаржыландыруды тоқтатпас бұрын, осы жағын да ойласа игі еді. Түптеп келгенде, іске шындап кіріссе, спортқа бейжай қарамайтын қолдаушыларды іздеп, демеушілердің «тілін» табуға да болар еді. Бұдан тек бір байламға келеміз – Павлодар билігі кәсіби спортты дамытуға бейілді емес.

Тегтер: спорт мәселе спорт кешені түйткіл

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Арайлым ЕРКЕБАЕВА 08:30
Сарандағы РТБ зауыты ауданында тіршілік жаңарды
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 22.09.2021, 17:15
Оралдық Қайрат бағбан Қазақстанды таңғалдырмақ
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.09.2021, 09:47
Жол сапасы неге шытынайды?
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 21.09.2021, 15:00
Оралда көкөніс өсіру тиімді бизнес
Миуа БАЙНАЗАРОВА 21.09.2021, 08:40
Әділхан ЖӨЛЕКЕШОВ: Оқушыларымыз карантиндік талапқа сай білім алуда
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 21.09.2021, 08:30
Қарағандыда үлескерлер пәтерлерін ала алмай жүр

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39