Кім-кімді алдап отыр?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

15.04.2022, 09:15

2342

Қарағандының тұрғындары ең көп шоғырланған Оңтүстік-шығыс (халық аузында жаңа қала) шағын ауданында екі жыл бұрын Қазақстан бойынша ең ірі Global Citi көтерме-сату логистикалық орталығы ашылғанда, қымбатшылықтан қажыған халық «арзан өнімге енді қарық болармыз!» деп қуанып еді.

Орталықтың ресми ашылу сәтінде сүйінші хабар айтқан «Альфарух» ЖШС директоры Игорь Милюков:

— Мұндағы сауда спектрлері болып табылатын ірі және бөлшек сауда КТО платформасына шоғырланған. Клиенттерге тағы бір тиімділігі, бағаны төмендетуге мүмкіндік беретін, сонымен қатар кәсіпкерлер үшін оңтайлы бизнеске қызмет ететін логистика жоқ, – деп дүйім жұртты қарық қылған. Осы сөзді естіген бұқара шаттанбағанда қайтсін?!

Бұл логистикалық орталық ауыл шарушылық өнімін сататын «Солтүстік пен Оңтүстік» бағыттарды байланыстыратын және көкөністер мен жемістерді республика бойынша делдалсыз саудалайтын кешен болуы тиіс еді. Құн демекші, жобаны жүзеге асыруға, шамамен, 24 миллард теңге жұмсалған. Азық-түлік өнімдерін сақтап, сұрыптап, сатуға тиіс хаб жоба енді бұқараның үмітін үзіп, тұтынушыларды сүліктей сорып отыр.

Билік мұны неге ескермейді?

– Қарағандылықтарға ауыл шаруашылық өнімдері арзан сатылады дегенге сендік. Алайда, былтыр жазда Қарағандыда картоп – 500, сәбіз – 600 теңге болды. Кешен салынса да, салынбағандай әсерде қалдық. Қазір бұл сауда орталығында жылына небәрі екі рет ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтеді. Сонда бұл логистикалық орталық жәрмеңке ұйымдастыру үшін ашылған ба? Жәрмеңкені далада өткізсе де ешкім ұтылмайды. Басқа уақытта фермерлер неге сол жерде саудасын қыздырмайды? Әлде, ол жерде қызмет көрсету құны қымбат па? Арзан жеміс, арзан ет алу үшін халық неге әлі «Шығысқа» сабылып жүр? Етті күні бүгінге дейін «Арай» базарынан алған тиімді. Бұл кешенді мемлекет шетелден келген киімдерді саудалайтын бутиктерді субсидиялау үшін құрған ба? Кешендегі балалар алаңқайы қымбат. Бір минуттан аса ойнаған балдырғандарға 40 теңгеден артық ақша алады, – дейді әлеуметтік желіде мәселе көтерген «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының жетекшісі Ләззат Қожахметова. Бірегей пікір айтушының уәжін жергілікті қоғам белсенділері жарыса қолдады.

  Жәнібек Садықанов: – Билік коммуникация жүргізу мәселелерін жедел шешіп, асфальт жол төседі, үлкен тұрақ жасады. Нәтижесінде, кешеннің иесі Осин жақсы пайда көрді. Ал ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер әдеттегідей, алданып қалды, – десе, Меруерт Башай: – Өтіріктерін соғып, халық қазынасына салған ақшамен пайда тапқысы келетіндерді орнына қою керек! – деп мәселені төтесінен қайырған.

Жұртшылық қаузаған көкейкесті проблемаға орай, облыстық ауыл шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Сырым Бошпановтан мән-жайды түсіндіруді сұрадық. Ол өз ведомствосы тарапынан: «Өңір фермерлеріне өнімдерін бұрынғыдай, «Шығыс» базарына апарып өткізу тиімді. Біз тауар өндірушілердің қалауына шек қоя алмаймыз. Бұл – нарық заңы. Былтырғы жеміс-жидектің қымбат болу себебін айтар болсақ, еліміздің  оңтүстік өңірлерінде, Қырғызстан мен Өзбекстанда көктемде үсік болып,  жеміс-жидектер аз шықты, әрі кеш келді. Олардың өніміне Ресейден де үлкен сұраныс болды. Соның салдарынан, біздің аймақта да жоғарыдағы тауарлардың бағасы қымбаттады, – деген жауап айтты.

Солай десек те дүйім қарағандылықтардың осынау түйткіліне атқарушы билік өкілдері тарапынан ешбір шенеунік тіл қатпады.

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 10:30
Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 09:43
Коронавирус жұқтырған жеті қазақстандық ауыр жағдайда жатыр
Сайт әкімшілігі 21.05.2022, 19:13
Шымкенттегі жарылыс: Оқиға салдарынан бір нәресте шетінеді
Сайт әкімшілігі 21.05.2022, 18:29
Шымкент:Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы жарылысқа байланысты шұғыл брифинг берді
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 20.05.2022, 11:50
Кәсіпкерлік ортаның бәсекесі қыза бастады
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 19.05.2022, 11:25
Қарағанөзектік балалар өлімге бас тігіп жүріп білім алуда

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01