Көл иелерінің көңілі неге пәс?

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

17.09.2020, 04:15

663

Қызылорда облысында көл шаруашылығымен айналысатын 180-нен астам жеке кәсіпкер бар. Олар түрлі мерзімге жалға алған көлдерінде балық көбейтіп, оны сатумен нәпақасын айырып отырғандар.

Кәсібімен қатар, табиғаттың теңдігі мен қорын қорғап, су экожүйесіндегі өсімін көбейтуге атсалысуда. Өйткені мемлекет алдындағы міндеті мен парызы бар. Бірақ жуырда «көл иеленушілердің дені міндеттеріне дұрыс қарамаған» деген желеумен аймақтық табиғатты қорғау прокуратурасы облыс әкімдігіне хат жолдаған. Онда міндетіне салғырт қарап, меншігіндегі көлді күте алмаған кәсіпкерлердің жалға алу мәселесін сот арқылы қайта қарау қажеттігі жазылған. 

Прокуратура хатында аң және балық шаруашылығын жүргізумен айналысатын тұлғалардың жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы заңнама талаптарын сақтауы және міндеттемелердің орындалуына қатысты жүргізген тексеру қорытындысы көрсетілген. Онда жеке кәсіпкерлердің заңбұзушылықтары жазылған. Ал көлді жалға алған кәсіпкерлер мұнымен мүлдем келіспейді. Осыған орай, көл иеленуші кәсіпкерлер облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы ғимаратында тиісті сала басшыларымен кездесіп, мәселенің басын ашып алды.

– Сіздер конкурсқа түсіп, жалға алар кезде шабақ қорын көбейту, олардың дамуына жағдай жасау, табиғи уылдырық шашу кезінде жайластыру сияқты белгілі міндеттемелерді алдыңыздар. Мұнда сондай талаптар орындалмағаны айтылған. Бізге 137 парақ анықтама толтырылған құжат келіп отыр. Әрине, тексеріс сіздерге тікелей барған жоқ, қолдағы бар мәлімет бойынша ғана, яғни аумақтық инс­пекция мен басқармадан алған құжаттар негізінде жүргізілген. Сіздерге осы мәселеге қатысты арнайы хат та жібердік. Онда прокуратурамен анықталған кемшіліктер көрсетілген қосымшаның көшірмесін де салдық. Түсінбеушілік мынада: бұл жерде сіздердің көл немесе учаскелеріңізді алып қойғалы жатқан жоқ. Егер біз көрсеткен талаптар орындалмаған болса, соған сәйкес, анықтамаларда көрсетілмей, жұмысыңыз дұрыс болмаса, бұл сотқа жолданады деген ескерту, – дейді облыстық табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ба­уыржан Шәменов.

Ал облыстық табиғатты қорғау прокуратурасының прокуроры Дабыл Аянұлы «бұл тексеріс салалық басқарма мен инспекция қызметіне тексеріс жүргізіп, табиғат пайдаланушылар берген жылдағы есептерін зерделеу» дейді.

 «Аяулым» шаруа қожалығының төрайымы Сәбира Ахметова бұл тексеріс кәсіпкерге емес, басқарма мен инспекция тарапына бағытталған дейді.

– Осы екі мекеменің құжатын тексеру барысында тоқсан сайын, жыл сайын біздің есептерімізді көріп отырсыздар. Тексерген кезде мән беретін бір нәрсе бар. Егер де көл иесінің құжаты дұрыс болмаса, оны қабылдап отырғандарға неге ескерту жасамайсыздар? Әу баста құжатты қабылдаған солар ғой. Неге олар біздің жұмысымызды қабылдап отырып, құжатта кемшілік барын көрсетпеген? Неге бұлар кезінде қосымша жұмыстар жүргізбеген? Біз соны дер кезінде дұрыстар едік қой. Бұған дейін құжатың кем не артық деп, инспекция тарапынан ескерту болмады. Инспекция мен кәсіпкерлер арасындағы байланыс дұрыс жолға қойылмаған. Енді келіп сотқа тартылу жөнінде әңгіме айтылып, құжаттарды дұрыстауға еш уақыт бермейді. Алдын ала ештеңе ескертілмей, көлді жалға алу шартын бұзамыз деп хат жолдайсыздар, – деп ашынады кәсіпкер С.Ахметова.

    Ал қарсы тарап кәсіпкерлердің балық шаруашылығын дамыту жоспарында шалалық бар дегенді айтады. Ал бұған кәсіпкерлердің өзі қандай да сұраған құжатын уақытында дайындап келгенін алға тартып отыр.

    – Біз құжат пен анықтамалар дұрыс жүргізіл­мегенін ішінара мойындаймыз. Көбімізде ол қателік бар. Құжаттарды жөндейміз. Кәсіпкерлерге мүмкіндік беру керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында да балық шаруашылығына баса мән беру керек екені мықтап айтылды. Бірақ көлге шабақ сатып алып, өсіруді қолға алу тым қиын. Оған қыруар қаржы керек. Табиғи өсім жүріп жатқан көлге біз қалай шабақ сатып алып саламыз? Сатып алғанмен де, сонау Аралдағы питомниктен мынау Шиелідегі көлге жеткізудің машақаты көп. Мысал үшін, 100 шабақтың әкелем дегенше 70 пайызы жолда қырылып қалуы мүмкін. Онсыз да көлге жақын егістіктегі шабақты құтқаруға өзіміз барып, көлге орналастырдық. Екінші айтатын жайт, көл иеленушінің браконьерлерден балықты қорғау кезінде қаруы болу керек екен. Бұл енді тіпті керек емес. Шағын көлді қарусыз-ақ қорып аламыз. Бір сөзбен айтқанда, салалық басқарма жолдаған қосымшадағы кейбір мәселелермен келіспейміз, – дейді көл иеленушілер.

Бұл жерде инспекция мен басқарма жұмысына қатысты тексерістің салдары кәсіпкерлерге неге тиеді деген заңды сұрақ шығады. Оған прокурор Дабыл Аянұлы былайша жауап берді.

– 2017 жылдан бері қарайғы заңбұзушылықтар анықталды дедік қой. Бұл жерде инспекция мен басқарма жұмысын тексеріп отырмыз. Ал оның жұмысы сіздердің, яғни табиғат пайдаланушылармен бірге жүргізген жұмыстарының нәтижесінен құралады. Біз сіздерден ай сайын, тоқсан сайын есепті қабылдап отырған жауапты мамандарды жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс та бердік. Оны инспекция басшылығы өзі шешетін болады. Ал сіздерде заңбұзушылықтар жүйелі түрде орын алып келген. Біз қазірден бастап осы кемшіліктерді жоймасақ, дәл осылай кете береміз. Осыған орай, басқарма арқылы өздеріңізге ескерту берілу себебі де сол. Өз пікірлеріңізді айтып, қарсы ұсыныстар беруге де болады. Біз заңдылықты орнату барысында жұмыс істеп жатырмыз. Дәл бүгіннен бастап сіздер енді қандай құжатпен жұмыс істеу керегін біле­тін боласыздар. Сондай-ақ келіс­пейтін жағы болса, осы жиын­ның хаттамасына кір­гізіп, өзгеріс енгізуге бірге ұсы­ныс жасайық. Біз сіздерді көлден айыр­ғалы жатқан жоқпыз. Біздің мақсат – заңдылықты орнату, – дейді  табиғатты қорғау прокуратурасының прокуроры Д.Аянұлы.

Көл иеленуші кәсіпкерлер енді өздері келіспеген, жоғарыда айтылған кейбір жайттарды ұсы­ныс түрінде құзырлы орынға тапсырмақ. Олардың айтуынша, табиғат пайдаланушы тараптың жұмы­сын жүйелеу үшін кейбір заңнамаларға өзгеріс керек екен.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 30.11.2020, 17:13
Шымкентте коронавирус жұқтырған оқушы жоқ
Нұрболат ӘЛДИБЕК 30.11.2020, 16:33
Таразда кезекте тұрған 80 мұқтаж отбасы үйлі болды
Сайт әкімшілігі 30.11.2020, 13:04
COVID-19: қай өңірлердің "қызыл аймаққа" енгені белгілі болды
Сайт әкімшілігі 30.11.2020, 12:03
Алматы облысына қарасты жолдар жабылды
Сайт әкімшілігі 30.11.2020, 10:18
Үш адам қайтыс болды - көлік апатының мән-жайы
Сайт әкімшілігі 30.11.2020, 10:13
Алты облыста жел соғып, бұрқасын болады

Аңдатпа


  • «Утемисов», «Датулы», «Клышев» көшелерінде тұрамыз
    30.11.2020, 14:35
  • "ХҚКО-ның санитарлық тораптарында «жағдай» айтарлықтай мәз емес"
    30.11.2020, 13:59
  • COVID-19: қай өңірлердің "қызыл аймаққа" енгені белгілі болды
    30.11.2020, 13:04
  • Көлік қаққан балалардың құқы аяқ асты таптала бере ме?! (видео)
    29.11.2020, 10:26
  • Оқушының үндеуіне министрліктегілер жауап берді (видео)
    28.11.2020, 17:05