«Күлтөбенің басында күнде жиын»

Әлтаевтың партиясы алғашқы филиалын неге Шымкенттен ашты?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

29.06.2021, 07:39

2757

Кешегі «Нұр Отанның» белсендісі, экс-мәжілісмен Нұржан Әлтаев өзі құрып жатқан «Ел тірегі» деп аталатын партиясының өңірлердегі ең алғашқы филиалын Шымкент қаласынан ашты. Неге Шымкенттен?

 «Алғашқы филиалдың осы аймақта ашылуы бекер емес. Себебі бұл – менің кіші Отаным, кіндік қаным тамған туған өлке және халық ең көп қоныстанған аймақ. Партияға деген қолдау дәл осы оңтүстік өңірінен көп болатынына сенімім мол», – депті филиалдың ашылу салтанатында партия жетекшісі Нұржан Әлтаев (мәліметті Әлтаевтың әлеуметтік желідегі парақшасынан алып отырмыз).

Жерлестерінің қолдауына ие болғысы келіп жүрген Нұржан Әлтаев Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара қаласында дүниеге келген. Шымкентте оқыған, осында жұмыс істеген. Ол 2007 жылдан бастап «Оңтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясында департамент директоры болды. Бұл жылдары корпорацияға Асқар Мырзахметов басшылық жасаған. 2009 жылдың наурызында Мырзахметов Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне тағайындалғаннан кейін Әлтаевты облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының басшысы қызметіне алып келді. Одан кейінгі жылдары кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры болып, 2013 жылы  «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына ауысты. Әуелі палатаның Оңтүстік Қазақстан облыстық өкілдігіне жетекшілік етті. Кейінірек басқарма төрағасының орынбасары лауазымына отырды. Осылайша әуелі Абылай Мырзахметовке орынбасар болған Әлтаев 2017 жылы ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің орынбасары лауазымына тағайындалды. Артынша Мырзахметов Жамбыл облысының әкімі қызметіне ауысып кетті. Әлтаев вице-министрлік лауазымда бір жыл отырып, 2018 жылы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрінің креслосына отырды. 2019 жылғы ақпанда «Нұр Отан» партиясының атынан мәжіліс депутаты атанды.

 Былтыр ол «тәспісінен жаңылып», оппозициялық партия құрамын деген мәлімдемелерінен кейін  депутаттық мандатынан айырылғаны белгілі. Бұған тереңірек тоқталып жату қажет емес шығар.  Қазір әділет министрлігі Әлтаевтың партиясын тіркемей жатыр. Төрағаның түсіндіруінше, билік әртүрлі сылтаулар айтады.

Егер билікті мақтаған, жағымпаз партия болсақ, әлдеқашан тіркеуден өткізетін еді, – дейді партия жетекшісі. Әлтаев бұған дейін егер билік партиясын тіркемесе, көшеге шығатынын мәлім еткен болатын. Митингілердің алды басталып та кеткен сыңайлы.

Айтпақшы, партияның тікелей бастамасымен Ұлттық мүддені қорғау деп аталатын кеңес құрылды. Аз уақыттың ішінде осы кеңестің бірнеше отырысы өтті. Қоғамдағы ең өзекті мәселелер талқыланып жатыр. Бірақ пікірталастардан, ұсыныстардан нәтиже бар ма? Жоқ әлде, әйтеуір, «Күлтөбенің басында күнде жиын» ба? Кейбір сарапшылар осы кеңес үш партия, ондаған қоғамдық ұйым өкілдерінің басын қосқанын мәлімдеп жатыр. Тіпті бізде бұрын-соңды оппозиция өкілдерінің басын біріктірген мұндай ұйымның болмағаны да айтылды. Бұған қаншалықты сенуге болады? Жалпы, Әлтаев құрып жатқан партия кімнің мүддесін көздейді? Ол жалпыхалықтық қолдауға ие бола алды ма? Біз осы жөнінде шымкенттік  қоғам белсенділерінің пікірін сұрап көрген едік.

Кезінде «Азат» қозғалысының облыстағы бөлімшесіне жетекшілік еткен, бүгінде «Ақиқат-1» қоғамдық ұйымының төрағасы Лесбек Байжанов жаңадан құрылып жатқан партиялардың көпшілігіне күмәнмен қарайтынын мәлім етті.

– Мені Ұлттық мүддені қорғау деп аталатын кеңестің отырысына үш рет шақырды. Төртіншісінде барып, өзімнің пікірімді айтып қайттым. Осыдан кейін Әлтаев «Партия құрып жатырмыз, сіздің осыған қатысты пікіріңіз қандай?» деген сауал қойды. Соңғы кездері билік партияларды тіркеудің талаптарын жеңілдетті. Әрине, партиялар, жалпы, қоғамдағы пікір алуандығы көбейсе, біз оны қолдаймыз. Бірақ құрылып жатқан партия биліктің қуыршағы болса, одан қоғамға келіп-кетер ешқандай пайда жоқ.

Уақтысында мен «Азат» қозғалысының облыстағы бөлімшесін басқардым, орталық үйлестіру кеңесінің мүшелігіне ендім. Қозғалыстың 400 мың мүшесі болды. Бүгінгі партиялардың бірі де сол «Азат» жасаған тірлікті жасай алған жоқ. Одан кейін Халық конгресі құрылды. Бірақ ол тарап кетті. Одан кейінгі жылдары Жармахан Тұяқбай, Әлихан Байменов, Мұрат Әуезов, Петр Своик сияқты белгілі азаматтар өздерінің құрған партияларына, қозғалыстарына қолдау сұрап келді. Егер партия белсенділері халық үшін, елдің ертеңі үшін кеуделерін оққа тоса алатын, мына жүйемен аяусыз күресуге даяр болса, біз қолдауға әзірміз. Мен Әлтаевқа да осыны айттым, – деді Л.Байжанов.

Ал «Қадірменді қариялар» ұйымының төрағасы, белгілі қоғам белсендісі Шаруа Пірмат:

– «Ел тірегі» – «балалық аурудан» өтпеген партия. Алдына қойып жатқан мақсаттары көп. Реформалар жасағысы келеді. Бірақ  оны қалай жасайды? Жалпы, бұл партияның нақты қандай бағыт ұстанатыны белгісіз. Ал партияның Шымкенттен ашылған филиалының  төрағалығына тағайындалған Асылжан Жананов деген азаматты  өз басым білмейді екенмін. Бұған дейін ондай белсендінің барын естіген емеспін. Көпшілік Нұржан Әлтаевтың өзін де әлі  жақсы білмейді. Ол қалайша билік партиясынан депутат атанды? Оның алдында Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінде жұмыс істеген. Осы уақытқа дейін саясатта бар-жоғын білдірмеген азамат. «Ел тірегі» биліктің астыртын құрған партиясы емес пе? Осы жағын ойлағанда күмәнім көп, – деді.

      Әлтаев өзі айтқан «кіші Отанынан» қаншалықты  қолдау таба алар екен?

Тегтер: партия сайлау саяси партия саясат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:14
Орал тұрғындары үйді бұзуға қарсы наразылыққа шықты
Сайт әкімшілігі 15.10.2021, 17:20
Жаңа заң жобасы қабылданды
М.СӘУЛЕБЕК 15.10.2021, 12:19
Үлкен жолайрық – үлкен қалаларға тән құбылыс
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 15.10.2021, 08:25
«Мұнайдың үстінде отырып мұнайға жарымаймыз»
Еңлік АРЫҚБАЙ 15.10.2021, 08:23
Мектеп құлап жатыр: рас па?
Сайт әкімшілігі 14.10.2021, 12:01
«Атамекен-Түркістан» микро қаржы ұйымы алғашқы жобаны қаржыландырды

Аңдатпа


  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29