Мердігерлердің шалағайлығынан тұрғындар жапа шекті

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ

07.10.2020, 10:00

2709

Былтыр жаңа жылға таяу Қазалы ауданында «Әлсейіт» көпірі пайдалануға берілді. Арал менен Қазалы ауданының тұрғындары үшін бұл көпір – ең үлкен өзекті мәселенің бірі еді. Қос аудандағы 13 ауылдың 14 мыңнан астам халқы тілектерінің орындалғанына қатты қуанғанымен, қысты күні көпірге төселген асфальт жол жаздың басында-ақ тоз-тозы шықты.

«Әлсейіттегі» көпір құрылысының іске қосылуын тұрғындар тағатсыздана күткенді. Өйткені бұған дейінгі қалқымалы көпір күзгі және көктемгі су тасқыны кезінде елеулі қиындық туындатып келді. Шалғайдағы ауыл жұрты ұзақ жолды қысқартып, дарияның үстімен өтетін төте жолға қатты қуанды. «Әлсейіт» учаскесіндегі көпір өткелін Бекарыстан би, Жалпақ, Майдакөл, Түктібаев, Қожабақы, Аранды елдімекендері, оған қоса қоңсы қонған Арал ауданының Қызылжар, Қосжар, Жетес би, Аманөткел, Жаңақұрылыс, Қаратерең және Бөген тұрғындары да осы өткелден өтеді. Бірақ ұзындығы – 220, ені 12 метрді құрайтын өткелге қыстың көзі қырауда асфальт төсегені көптің көңіліне күдік ұялатты. Олардың күдігі расқа айналды.

Жалпы, бұл жол көктемде салынуы тиіс болатын. Алайда көпірдің ашылуына сол кездегі облыс әкімі Қ.Ысқақов қатысады деп, жаңа жылдың қарсаңында асығыс-үсігіс асфальтты жайып шықты. Ал оған мемлекет қазынасынан 84 миллион теңге қаржы жұмсалды.

Сорақысы сол, желтоқсанда жалаулатып ашқан көпірдің жап-жаңа жолы көктемде-ақ ой-шұқырға айналды. Тұрғындар талабынан кейін «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК облыстық филиалының мамандары тексеру жүргізіп, өрескел кемшіліктерді анықтады.

– 2019 жылдың желтоқсан айында «Әлсейіт» көпірі үстімен өтетін жолды салуға болмайтынын сол кезде мердігер мекемеге ауызша ескертіп айтқанбыз. Бірақ ескертуімізге құлақ аспады. Белгіленген нормативті талаптарға мүлдем қайшы болса да қыстыгүні асфальт төседі. Біздің мамандар көктемде барып, толық тексеру жүргізді. Алынған сынамаларда олқылықтар өте көп болды. Сондықтан сапасы сын көтермейтін жолды қайта салу керек деп қорытынды шығардық, – дейді ұлттық сапа орталығының облыстық филиалы директоры Жасұлан Керімқұлов.

Уақытында асығыстыққа ұрынбай, асфальтты күн көзі жылығанда төсегенде, бұндай олқылықтар болмас еді. Оның үстіне, жолдан шыққан шикілік ауыл тұрғындарына да зиянын тигізіп, көліктердің көпір арқылы әрлі-берлі қатынауына қиындық туғызды. Түптеп келгенде, мердігер «КА-Строй ЛТД» серіктестігіне жолды қайта қалпына келтіру міндеттелді. Бүгінде «Әлсейіт» көпіріндегі жол сүріліп, жаңа асфальт салынып жатыр. «Бас істемесе, екі аяққа күш түседі» дегенді осындайда айтса керек дана халқымыз. Енді жауапсыздық танытып, шалағайлыққа ұрынған мердігердің екі есе шығындалуына тура келеді.

Осындай жағдайға Қызылорда қаласында жол жөндеген мердігер де ұрынып отыр. Жуырда облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жанынан құрылған арнайы мониторингтік топ пен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» қала жолдарына тексеру жүргізді. Нәтижесінде, бірнеше кемшіліктерді анықтады. Былтыр ғана пайдалануға берілген екі көшенің асфальты жылға жетпей ойдым жолға айналған.

– Қызылорда қаласындағы Махамбетов және Сағымбаев көшелерінің «Қызылорда жол» мердігер компаниясының жасаған жолдардың сапасымен мониторинг жасалды. Зерттеу барысында жолдың біршама жерінде шұқырлар мен ойықтардың бар екендігі анықталды, – деді облыс бойынша арнайы мониторингтік топ жетекшісі Ләззат Бақтыбаева.

Бұл жолдарға асфальт жайған «Қызылорда жолдары» ЖШС-ы кеткен кемшіліктерді жуырда қалпына келтіретінін айтты.

– Анықталған кемшіліктер жөнделеді, орындалады. Өйткені бұл жолдың екі жылдық кепілдемелері бар. Аталған кемшіліктерді тез арада жөндейміз, – деді «Қызылорда жолдары» ЖШС өндіріс бөлімінің башысы Ғазиз Төлепов.

Мердігерлер ендігі салатын жолдардың сапасына баса мән беріп, құрылыстарында немкеттілік пен шалағайлыққа жол бермегені абзал.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Батырхан Тоғызов 20.10.2020, 10:58
Әр адамның еңбек өтілі дербес есептелсін
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 20.10.2020, 10:51
Биотехнопаркті мақсат еткен Аэлита
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.10.2020, 10:41
Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 20.10.2020, 10:17
Карантиндік шектеулер күшейтілді
Миуа БАЙНАЗАРОВА 20.10.2020, 10:13
Күштінікі – диірмен тартады
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 20.10.2020, 10:05
Қарағанды билігі жасыл желекке неге шүйлікті?

Аңдатпа


  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16
  • Ашық хат
    15.10.2020, 10:44
  • Билік жұртта қалған елу отбасыны көшіре алмай отыр
    15.10.2020, 10:38