Оралда орны қалған ет комбинатының аумағы неге игерілмейді?

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ

18.11.2020, 15:54

675

Кеңес кезінде қора-қора қой, табын-табын сиыр сойып, Мәскеу мен Ленинградты асыраған Оралдың ет комбинаты 1996 жылы банкрот болған еді. Содан бері ширек ғасыр өтсе де, аумағы 20 гектар комбинаттың бүгінгі көрінісі адам шошытады. Бұрынғы цехтар мен мал соятын нысандардың қалқиған қаңқалары қорқынышты кино немесе соғыс туралы фильм түсіруге сұранып-ақ тұр.  

Тарихқа аз-кем үңілсек, патша әскеріне ет жеткізген Жайық өңіріндегі қасапхана 1916 жылы іске қосылып, артынан коммунистердің қолына өткен. Алғашында 40 адам жұмыс істеген. Екінші дүниежүзілік соғыста майданға мыңдаған тонна өнім жіберген. «Комбинаттың шаруасы шалқып, көсегесі көгерген уақыт өткен ғасырдың 60-80 жылдары» дейді көзкөргендер. Жаңадан 14 цех, төрт қабатты тоңазытқыш салынып, дербес дүкендер жүйесі, кинозалы, кітапханасы, емханасы жүйелі жұмыс істеген, 1750 адам тұрақты еңбек еткен. Осыдан кейін бұл комбинатты мемлекет ішіндегі мемлекет демей көріңіз.

Жоғарыдағы жақсылықтардың барлығы, жарқын болашаққа деген сенім қайта құрумен қатар келген нарықтың қыспағында құрбан болды. Әуелі сойылатын мал басы күрт кеміді, кәсіпорынның берешегі көбейді. Құрудың алдындағы комбинатқа қан жүгіртпек болған инвесторлардың әрекетінен де ештеңе шықпады. Міне, содан бері қала құраушы ірі өндіріс ошақтарының бірі қаңырап бос тұр. Жай бос тұрса ештеңе емес, аумағы атшаптырым кәсіпорынның қираған цехтары әрі-бері өткен адамның өміріне өте қауіпті. Айналасы ашық-шашық жатқан жерде темір-терсек іздегендер мен ішімдік ішкендер, қаңғыбастар толып жүр.

    – Сыртындағы қоршауы шұрық-тесік. Ішін көң-қоқыс басқан. Құрылыстың іргетасына бут іздегендер де, араққа сылқия тойып алғандар да, басқа барар жері жоқтар да осында. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмаған соң, кірмегенде қайтсін? Басқасы – басқа, арасында балалар барып ойнайды. Өзі әзер ілініп тұрған баспалдақтан немесе сау-тамтығы қалмаған цехтар төбесінен құлап кетсе, кім жауап береді, сонда? Егер иесі болса, неге қарамайды? Иесі болмаса, қала әкімдігі неге үйінділерді түйдіріп тастап, үй салуға бермейді комбинаттың орнын? Кезекте пәлен мың адам тұр деп айтқанда керімбіз. Ал қала шетінде 25 жылдан бері бос жатқан 20 гектар жерді көрмейтініміз қызық. Көпқабатты үй салдыра алмаса, тіпті жекелерге жер телімі қылып берсін. Оған да көнеміз. Шын мұқтаж адам баспананы өзі салып алады ғой, – дейді осы шағынауданның тұрғыны Мәлік есімді азамат.

Жасыратыны жоқ, осыдан екі-үш жыл бұрын облысты Алтай Көлгінов басқарған кезеңде ет комбинатының аумағынан көпқабатты үйлер кешенін салуға бір инвестор мүдделі болған. Ақтаулық «К7 Group» компаниясы үш жер теліміне жалпы құны 20 млрд теңгеге тоғыз қабатты үйлер салуды жоспарлаған. Тұсаукесер рәсімін өткізіп, әкімнің ақ батасын алғандай болған. Алтай Сейдірұлы қызмет ауыстырып Нұр-Сұлтанға кетті, ақтаулық инвестордан да осы күні тырс еткен хабар жоқ.

Айтпақшы, бұрынғы кәсіпорын орналасқан Ет комбинаты ауданын шаһар басшылығы, неге екені белгісіз, келешегі күмәнді, болашағы бұлыңғыр аумаққа жатқызады. Қанша әкім ауысса да, осы көзқарас өзгерген емес. Жақында БАҚ-қа берген бір сұхбатында қала әкімінің құрылыс жөніндегі орынбасары Асхат Құлбаев та осы мантраны қайталады. «Мен оралдық емеспін. Естуімше, Ет комбинаты ауданына тұруға халық қызықпайтын көрінеді. Бизнесмендер үшін де коммерциялық тұрғыдан тартымсыз. Сондықтан әкімдікте бұл ауданға қатысты нақты ешқандай жоспар жоқ», – депті А.Құлбаев мырза.

Сонда қалай? Жолы бар, суы, жылуы, газы баяғыда тартылған, бір сөзбен айтқанда, инфрақұрылымы қалыптасқан, халқы өсу үстіндегі ауданға қатысты нақты жоспар шаһар шенеуніктерінде болмаса, кімде болады? Инвесторды қызықтыру да солардың тікелей шаруасы емес пе? Әрине, ауызды қу шөппен сүртіп, жоқ дей салу оп-оңай. Олай болса жылы орынды қолынан жұмыс келетіндерге босатып беру керек  қой дейді қара ақылымыз.

Ондаған мың адам тұратын ауданда әбден тозығы жеткен жалғыз қазақ мектебінің (№33 мектеп) жаңа ғимараты да халықтың түрлі жиындарда қайта-қайта қақсауымен әрең басталды. Биыл бітпейтіні айдан анық. Онда да сол баяғы 350 орындық. Тұрғындардың жыл санап өсіп жатқаны ешкімді толғандырмайтын сияқты. Оқу онлайн болғасын мектептің жоқтығы әзірге білінбей тұр. «Аяқасты індеттің беті қайтып, шәкірттер осы аудандағы екі орыс мектебінің ғимаратына тығылысатын болса, қуырдақтың көкесін сонда көреміз әлі», – дейді ата-аналар.

Бір сөзбен айтқанда, халқы жыл санап ұлғайып келе жатқан шағынауданның шаш етектен проблемаларына шаһар басшылығы шешімді түрде назар аударулары тиіс. «Іс бітті, қу кетті» деп, лауазымнан-лауазымға секіретін атқамінерлердің құрғақ әңгімелерінен ел-жұрт әбден жалыққанын ұмытпаңыздар.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 17:56
Оңалту орталығына жасалған сый
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10:18
Өндірісті өлке өміршеңдігін танытты
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 09:20
Бір Өскеменге екі Пушкин әділет пе?
Сайт әкімшілігі 25.11.2020, 22:33
«Бизнеске арналған үкімет»
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ 25.11.2020, 17:22
Батыс Қазақстанда азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін 30 мини-маркет ашылады
Нұрболат ӘЛДИБЕК 25.11.2020, 10:14
Байзақтықтар бала таптыру мен жол жөндеуден көш бастап тұр

Аңдатпа


  • Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылыс: тағы бір адам қайтыс болды
    25.11.2020, 10:40
  • «Жас Алаш» жазған жайдан соң: Тұғыл тығырықтан шықты (видео)
    24.11.2020, 15:57
  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    24.11.2020, 12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42