Өркениеттен мақұрым қалған затондықтар жылусыз әрі сусыз отыр

Мариям МАҚСАТ

16.02.2021, 11:49

1140

          Павлодардағы «Затон» шағынауданының тұрғындары өркениеттен мақұрым қалғалы қай заман. Облыс орталығының қақ ортасында тұрса да, қара күзден ерте көктемге дейін екіқабатты ескі үйлерде от жағып, көшедегі құдықтан су тасып күнелтуге мәжбүр. Күнделікті күйбің тіршіліктері осы. Ал қабырғасы сөгіліп, төбесі опырылып, түсуге шақ тұрған баспаналардың орнына жаңасын салу туралы өтінішті «халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» шенділері еститін емес. Атқамінерлердің халыққа қарай қадам жасауы үшін бұл үйлер Бесобадағы баспана сияқты әп-сәтте құлауы қажет пе?

«Затон» шағынауданында осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын ағаштан салынған 10-ға жуық екіқабатты үйлердің тұрғындары талай жылдан бері баспана тауқыметін тартып келеді. Қалады тұрады деген аты ғана. Күз болса, ауылдағы ағайын сияқты қысқы отынның қамына кірісіп, қоймаларын көмірге толтырады. Екінші қабатқа шелектеп көмір тасып, күл шығарады. Суды жақын маңдағы көшелердегі құдықтан шелектеп тасуға мәжбүр. Қыстың қақаған суығында бұл құдықтар қатып қалса дүкеннен су сатып алуға тура келеді. Несін жасырайық, дәретханалары да сыртта орналасқан. Қарап тұрсақ, өркениеттің қақ ортасында тұрған тұрғындардың жағдайы шалғайдағы кейбір елді мекендердегі ахуалдан да нашар. Бұл аудандағы 300-ден астам тұрғынның дені зейнеткерлер, яғни мүмкіндігі шектеулі жандар. Оларға аядай бөлмеде таң атырып, кеш батырудан басқа амал қалмай отыр.

— Біздің аудандағы үйлер кезбелердің, ішкіштер мен есірткіге құмарлардың мекеніне айналғалы қашан? Қараңғы түссе үйден бір адым аттап шығуға қорқамыз. Біздің пәтерден екінші қабаттағы пәтерге өтетін мұржадан ыс тиіп, уланып қаламыз ба деген қауіппен өмір сүріп келеміз. Осы баспанадан басқа барар жер, басар тауымыз жоқ. Көне заманның көзі құсаған мына үйді сату да мүмкін емес. Зейнетақымыз қысқы отын, азық-түлік пен дәрі-дәрмектен ары аспайды. Сондықтан ай сайын алатын зейнетақыны жинап, үйлі болу  орындалмас арман, – дейді зейнеткер Темеш Хәкімов.

  Тұрғындар базынасын билікке талай рет айтып, мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырғанмен, мәселенің шешілетін түрі жоқ.  

— Осыдан алты-жеті жыл бұрын «Алюминстрой» шағынауданында қамыстан салынған екіқабатты ескі үйлерді сүру басталды. Қазіргі кезде мұнда көпқабатты баспаналардан тұратын «Сарыарқа» атты жаңа шағынаудан пайда болды. Біз де ағаштан тұрғызылған ескі үйлерді сүріп, орнына жаңасын салуды талай рет сұрадық. «Бас жоспарда бұл қарастырылмаған», «Қазір бюджетте ақша жоқ» деген сан түрлі сылтауды айтты шенеуніктер. «Жақсы» деп, оған да иландық. «Тым құрығанда жылу, су мен кәріз жүйесін тартып беріңіздерші» деген өтінішті айтып, қала мен облыс басшылығына сансыз хат жолдадық. Бұл өтініштер де аяқасты қалды. Бұған дейін әкімдік қызметкерлері ара-тұра келіп, ауланың көлемін есептеп, бірдеңелерді сызып жүретін. Соңғы бір-екі жылда олардың да қарасы көрінбейді. Өздері кең сарайдай зәулім үйлерде еш алаңсыз өмір сүріп жатқандықтан, қарапайым халықтың халін қайдан түсінсін. Ескі үйлердің қабырғасы құлап, төбесі опырылып түсіп, астында адамдардың қалғанын күтіп отырған болар. Әйтпегенде кәрі-құртаң тұратын шағынауданның жағдайын жасар еді, – дейді тағы бір зейнеткер Гүлжайнат Мусина.

Өткен жылы Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов басшылық қызметке келген тұста «Затон» шағынауданының тұрғындарына ескі үйлердің орнына жаңа көпқабатты баспаналардың салынатынын айтып, уәдесін үйіп-төккен еді. Алайда бұл жұмыстың нақты қашан қолға алынатынын дөп басып айтпады. Ол үшін жарты жыл, үш жыл, жоқ әлде тағы жарты ғасыр керек пе – беймәлім. Таяу арада жүзеге аспайтын істі айтып, көңілі онсыз да алабұртып жүрген адамдарды алдаудың қажеті қанша? Нақты белгіленген мерзім болмағандықтан, жұртшылық сол баяғыдай дүдәмал күй кешіп отыр.

Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманслям да бастығының айтқанынан ары аса алмады. Ескі үйлердің қашан сүріліп, жаңа баспаналарға қоныстану мүмкіндігі қашан болатынын ол да білмейді.

— Заңнамаға сәйкес, ескі үйлерді сүру үшін алдымен тұрғындарға уақытша тұратын баспана ұсынуымыз тиіс. Бірақ дәл қазіргі уақытта екіқабатты үйлердің тұрғындарын орналастыратын коммуналдық пәтерлер жоқ. Бұл мәселені кезең-кезеңімен шешеміз, – дейді Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманслям.

Жергілікті билік «шешеміз», «қарастырамыз», «жоспарлаймыз» деп, құрғақ уәделермен «жан семіртіп» жүрген тұста тұрғындар қиындықтан көз ашпай тұр. Егде тартқан адамдарға қыстың күні көмір, су тасу әсте оңай емес. Өкінішке қарай, атқамінерлер дәл осындай тіршіліктің ауыртпалығын сезбей әрі түсінбей келеді. Олар үйлерді сүріп, жаңасын салуды жоспарлағанға дейін бұл баспаналар үйіндіге айналмаса игі еді.

Тегтер: су жылу мәселе түйіткіл

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 03.03.2021, 14:53
Полиция 7 адамның өмірін қиған жол апаты туралы айтты
Сайт әкімшілігі 03.03.2021, 10:53
Атырауда анасы мен төрт баласы уланып қала жаздады
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 03.03.2021, 09:20
Түркістандағы оқиғадан «ҚазТрансГаз» тиісті қорытынды шығара ма?
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 02.03.2021, 18:02
Теміртаулықтар қатты аязда жылусыз қалды
Ақерке ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ 02.03.2021, 15:13
Су сойқаны безек қаққызды
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ 02.03.2021, 10:37
Бала бағу баюдың жолы ма?

Аңдатпа


  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44
  • Буырқанған дауылда сыналған басылым
    25.02.2021, 13:12
  • «Жас Алаштан» басталған журналистік жол
    23.02.2021, 10:51
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығымен құттықтаулар легі басталды
    22.02.2021, 13:50