Отандық өндіріске Оралдық үлес

Т.БАЙЖІГІТ

08.11.2021, 08:44

463

Қазан айында Батыс Қазақстандағы жиһаз жасаушы кәсіпорындардың көшбасшысы саналатын «Квант» жауaпкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылғанына 30 жыл толды. Тәуелсіздіктің таңсәрісінде шаңырақ көтерген кәсіпорын тұтас және құрамалы жиһаз жасаумен айналысады. Өндіріске пайдаланылатын шикізаттар – экологиялық таза әрі мемлекеттік стандарттарға толық сай. Жиһаз еуропалық тауар өндірушілердің заманауи құрал-жабдықтары мен озық технологияларын қолдана отырып жасалады.

Серіктестіктің өндірістік жетекшісі Юрий Рогановтың айтуынша, «Кванттың» жұмысы көтерме сауда дүкені ретінде басталған. Дайын жиһаздарды Беларусь, Ресей, Польшадан әкеліп, қала дүкендерінде сатумен айналысқан. Кейін жеткілікті қаржы жинақталған соң, «өзіміз неге жиһаз жасамасқа?» деген ой келген екен. Кәсіпорын шеберлері әуелі матрас тігіп, орындық, үстел секілді ұсақ бұйымдарды қолға алады. Әрі қарай өндіріс көлемі де, өнім түрі де артады.

Күні бүгін «Кванттың» штатында анау-мынау емес, 1200 адам еңбек етуде. Мұнда жұмысшыларды қысқарту жайында мүлдем сөз қозғалмайды. Қайта өндіріс орындарын кеңейту арқылы мамандарды одан әрі тұрақтандыруға күш салынуда. Кәсіпорын көптеген шетелдік ірі компаниялардың ресми дилері болып саналады. Тіпті, еліміздің әр қаласында аталмыш серіктестіктің қос-қостан дилерлері бар.

Кәсіпорынның қаржы директоры Дмитрий Пшеничныйдың айтуынша, тәуелсіздіктің түйдей құрдасы – «Квант» ЖШС-нің қазір аяқ алысы нық, келешегі кемел. «Қызметкерлердің жартысы тікелей жиһаз өндірісінде, қалғаны сауда нүктелерінде сатушылар, есепшілер. Орал, Ақсай қалаларында жекеменшік дүкендеріміз, аудандарда біздің тауарларымызды шығаруға, сатуға көмектесетін дилерлеріміз бар. Өндірісте жұмыс істейтіндердің жалақысы 150 мың теңге төңірегінде. Күні бүгін өндірісті кеңейту жұмысы жүргізіліп, корпустық жиһаз өндіретін екінші цех салынуда. Сонымен қатар дайын өнімдерге арналған, аумағы 12 мың текше метр болатын қойманың құрылысы жүруде», – дейді ол.

Сондай-ақ, Қазақстандағы ең танымал брендтердің бірі саналатын «ZETA» Орал қаласында жұмсақ жиһаз өндірісін іске қосты. Бұл туралы «Aqjaiyq ӘКК» АҚ хабарлады. «Aqjaiyq ӘКК» АҚ инвесторларға қызмет көрсету орталығының нақты көмек көрсетуімен, «Бір терезе» қағидаты бойынша өндіріс орнының мәселесі шешілген. Ауданы 2000 шаршы метр болатын цехта күнделікті тұрмыста қолданылатын жұмсақ жиһаз шығарылуда. Жиһаздар жайлы, көпфункционалды, ең бастысы бағасы қолжетімді.

Облыс аумағында «ZETA» компаниясының тауарлары танымал. Өнімдері сұранысқа ие және сатып алушыларды қанағаттандырады. Осы орайда олар жұмсақ жиһазбен қатар алдағы уақытта корпусты жиһаздарды шығаруға ниетті.

Айта кетейік, қазақстандық өндіруші «ZETA» компаниясы 1996 жылдан бастап кең спектрлі жиһаз, пластикалық және металды өнім шығару бойынша ұлттық нарықтағы тұрақты көшбасшы саналады. Сондай-ақ «ZETA» дүкендер желісі қарқынды дамып келеді және бүгінгі таңда Қазақстанның 26 ​​қаласында 50-ден астам дүкені бар.

Облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да шағын бизнеспен айналысуына айрықша жағдай жасалған. Мысалы, Оралдағы арнаулы киімдер тігетін «Адванс-маркет» ЖШС қызметкерлерінің 80 пайызы мүмкіндігі шектеулі жандар. Осы уақытқа дейін жалдамалы орында болған кәсіпорын жуырда аумағы 3 мың шаршы метрді құрайтын жаңа тігін цехына көшті.

Жеке кәсіпкер Берік Әбілқасов бес жыл бұрын мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуды алдына мақсат етіп қойған. Мақсаты орындалды. Кәсіпорын есту-сөйлеу қабілеті бұзылған тұлғаларды жұмыспен қамтып отырғанын ерекше атап өту қажет. Қазіргі уақытта арнайы киім тігетін цехта 25 адам жұмыс істеуде.

– «Адванс-маркет» – белсенді, қаланың тыныс-тіршілігіне жауапкершілікпен қарайтын бизнес субъектілерінің бірі. Соның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысып, мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс жасауда. Қаламызда ұйымдастырылған шараларға қоян-қолтық атсалысып жүр, – деді Орал қаласы әкімінің орынбасары Е.Ғалиев жаңа цехтың ашылу рәсімінде.

 «Адванс-маркет» тігін цехы «Белес агро» АҚ, «Орал трансформатор зауыты, «Потенциал Ойл» ЖШС сынды ірі компаниялардың тапсырыстарын орындауда. «Жасыл ел» еңбек жасақтарының киімдерін де тігеді. Пандемияның алғашқы кезеңінде маска да әзірлеген.

Өндіріс көлемін арттырған кәсіпорын 15 жаңа жұмыс орнына байқау жариялап отыр.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 05.06.2023, 08:20
Таиландта комаға түскен қазақстандық көз жұмды
Сайт әкімшілігі 02.06.2023, 20:00
Алматыда көру қабілеті бұзылған балалар арасында шоудаун бойынша Қазақстандағы алғашқы турнир өтеді
Б.СӘРСЕНБІ 02.06.2023, 13:24
Идея – жастардан, қолдау – мемлекеттен!
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 02.06.2023, 12:23
Мағынасыз көше атаулары өзгереді
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 02.06.2023, 07:55
БАӘ Қарағандыдан саумал сатып алады
Бифат ЕЛТАЕВА 01.06.2023, 13:08
Ерікті жастардың қоғамға тигізер пайдасы

Аңдатпа


  • Ораловтың барында...
    06.06.2023, 10:17
  • Ұстағанның қолындағы, тістегеннің аузындағы қазақ ураны
    06.06.2023, 09:46
  • Жалған кәсіпкерлер, алаяқ аналар
    06.06.2023, 09:00
  • Өзбекстан қай жолды таңдады?
    02.06.2023, 10:15
  • Жұманғариннің жиналыстары. Бас шұлғитын әкімдер, орындалмайтын тапсырмалар
    01.06.2023, 10:11