12.11.2021, 10:00
631
Түркістан облысында мас халде автокөлік басқарған азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Отырар ауданы Полиция бөлімінің қызметкерлері рейдтік шара барысында жол жүру ережесін өрескел бұзып келе жатқан «Audi 80» маркалы автокөлігін тоқтатқан.
Тексеру кезінде көлік иесінің бұған дейін Отырар аудандық сотының қаулысына сәйкес көлік басқару құқығынан 7 жылға айырылғаны анықталды. Сондай-ақ полицей жүргізушінің мас халде болуы мүмкін екеніне күдіктенді. Тәртіп сақшылары осы жайтты нақтылау үшін жүргізушіні сараптамадан өткізді. Куәландыру қорытындысы автокөлік жүргізушісінің мас екенін растады.
Полиция қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 346-бабы бойынша іс-құжаттарды жинақтап, Отырар аудандық сотына жолдады. Сот күдікті азаматты кінәлі деп танып, 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім етті.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соғуы мүмкін. Қашықтықты және маневр жасау ережелерін сақтау, жылдамдықты асырмау және қарсы жолаққа шықпау қажет. Жүргізушілер, үнемі жол қауіпсіздігі ережесін орындаса, тәртіпке бағынса, өз өмірі мен жолаушылардың өмірін сақтайтынын естен шығармағаны жөн.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР