«Өз еркіңмен қызметіңнен кет деп жатыр»

Нұрболат ӘЛДИБЕК

16.04.2021, 10:01

1817

       Әсілінде, басшысының қудалауына түскенін, зәбір көріп, «күн көрсетпей» жүргенін айтып шағымданушыларды жиі кездестіретін болғандықтан, керісінше, Шу ауданында қол астындағы қызметкерін қорғап, шыр-пыр болып келген Қосқұдық ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Ермек Сегізбаевтың әрекетіне тәнті болдық.

     – Мен Қанибетов Мақсатты осы уақытқа дейін қолдап келемін. Өз ісіне тыңғылықты, жауапкершілікті сезінетін азамат. Көрсеткіштері де жоғары. Маған облыстағы бастығым Аслан Оразбеков Мақсаттың орнына Б.Әбдірешовті қызметке алуымды бұйырды. Бірақ басшыма мен онымен жұмыс істесе алмайтынымды айттым. Өйткені оның қызметкерлерді бір-біріне айдап салып, айрандай ұйып отырған ұжымның берекесін кетіретін адам екенін жақсы білеміз. Жалғыз мен емес, ұжым оның қайта жұмысқа келуіне қарсы. Ол бірер жыл бұрын осы мекемеде жұмыс істеген кезінде «жүрген жеріне шөп шықпайтынына» көзіміз әбден жетті, – дейді Е.Сегізбаев.

       Ал осы мекемеде 30 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келе жатқанын айтқан орман күтушісі Ш.Кеншимов та Әбдірешовтің орталарына оралуына түбегейлі қарсымын деп отыр. Жалғыз Кеншимов ғана емес, осында жұмыс істейтін Шашубаев бастаған өзге де орманшылар мен қызметкерлер Әбдірешовті ұжым арасында іріткі салып, бір-бірімізді араздастыратын, жалған ақпараттар таратып жүретін адам деп сипаттайды.  Тараптардың пікірінен түйгеніміз, «аш пәледен қаш пәле» деді ме екен, әлде басқа бір себебі бар ма, кім білсін, әйтеуір, Жамбыл облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбеков әлгі Әбдірешовқа Қосқұдық орман шаруашылығынан басшылық санаттағы бір қызметті тауып беруді мекеме директоры Ермек Сегізбаевқа тапсырған. Әбдірешовтің көзі түскен мекемедегі инженерлік қызмет міндетін атқарушы Мақсат «абыроймен атқарып келемін» деп шыр-пыр болып отыр.

    – Осы қызметімде басшылық тарапынан бірде-бір ескерту, басқа да жаза алғаным жоқ. Көрсеткіштерім жоғары. Облыс бойынша алдыңғы қатардамыз. Маған облыстағы басшылық «өз еркіңмен жұмыстан кету арызыңды жазуың керек» деді. Мені сонда біреуге қызмет керек екен деп лақтырып тастай ма? Маған ол кісілер «сен өз еркіңмен кетпейтін болсаң, директорыңды қоса шығарамыз» деп отыр. Сонда бізді керек кезінде пайдаланып, керек болмай қалғанда күресінге шығарып тастайтын қоқыс көргені ме? – деп ашынады.

       Иә, Мақсат қазіргі қызметінде «міндетін атқарушы» болып отырғанына жарты жылдан асқан. Осы уақыт аралығында талмай-тынбай еңбек етіп, көзге түсіп, ары қарай сол қызметке ие болып қаламын ба дегенінде облыстағы басшылық орнына басқа адамды ұсынып, бұған өз еркімен кетуді талап етіп отыр. Бірақ Мақсат та атына сай, «мақсатыма жетпейінше, күресемін» деп отыр.

      Жасыратыны жоқ, қазір ілуде біреу болмаса, жұмыстан көбісі «өз еркімен» кетіп жатады. Бірақ солардың кейбірі болмаса, көбіне-көп «өз еркімен» кетудің астарында осындай қитұрқылықтар болатыны белгілі. Ал «өз еркіммен кетпеймін» деп отырған Қосқұдық ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкері Мақсат Қанибетов басындағы бұл жағдайды облыс әкімінің ауыл шаруашылығы бойынша орынбасары Берік Нығмашев араласса, шешімі табылар деп үміттенеді.

       Кеше ғана премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтан өңірде азық-түлік бағасының қымбаттап кеткеніне байланысты атыраулық әріптесімен бірге қатаң сөгіс алып, шақшадай басы шарадай болып жүрген Нығмашев бұл дауды шеше алар ма екен?     

  

  

Тегтер: еңбек нарығы жұмыс беруші мәселе тергеу тексеру

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан 14:32
Грек-рим шеберлері сенімді ақтамады
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 12:12
Басты мақсат – сот жүйесіне халықтың сенімін арттыру
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 13:15
Дәрігерлер тұрғындарға үндеу жасады
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 10:48
Қырғызстанда жоғалған қазақстандық қыз өлі табылды
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 09:24
Еліміздің барлық өңірі «қызыл» аймақта тұр
Гүлжан СЕРІКҚЫЗЫ 30.07.2021, 17:53
Ішкі туризмнің халі қалай?

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58