27.11.2020, 14:48
2433
Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақовқа қатысты сот ісі аяқталуға таяу.
№2 қалалық сотында мемлекеттік айыптаушы соттан экс-әкімді сегіз жылға бас бостандығынан айыру туралы сұрады. Яғни, әкімді ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы «Аса ірі мөлшердегі алаяқтық» бойынша кінәлі деп тануды, мемлекеттік, ұлттық және квазимемлекеттік ұйымдарда қызмет атқаруға тыйым салу жайын мәлімдеді.
Бұдан бөлек, прокурор Ысқақовты үй қамағынан орташа қауіпсіздік мекемесіне ауыстыруды және мемлекеттік ордендері мен наградаларынан да айыруды сұрайды.
Ал экс-әкімнің орынбасарлары болған Мұрат Имандосов пен Мұрат Делмұхановты ҚР ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі, 190-бабының 2-тармағы, 4-бөлігі бойынша кінәлі деп тануды, әрқайсысына жеті жылдан бас бостандығын шектеуді, сондай-ақ Жеңісбек Ысқақов пен Азат Досмаиловта осы баптар бойынша алты жылдан бас бостандықтарынан айыруды сұрады.
Естеріңізге сала кетейік, Қуанышбек Ысқақов осы жылдың наурыз айынан бері үй қамауында. Ол аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке іліккен болатын.
Ол күдікке Қызылорда облысының әкімі қызметінде жүргенде ілікті. Облыс әкімі қызметіне дейін үш жылдан астам облыс әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған ол экономика, қаржы, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау мәселелеріне жетекшілік еткен еді.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР