Қара алтынның үстінде отырған Қарағандыда көмір қымбат

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

26.11.2021, 09:15

483

 Қарағанды көмірге бай. Аймақта қыр басына қара алтын шығаратын  сегіз кеніш  бар.  Әйтсе де қаптаған кен орындары кеншілер өлкесін оңтайлы бағадағы отынға қарық қылдырмай отыр. Әдетте нарықпен бірге қабаттасқан инфляция биыл көмір бағасын күрт көтеріп жіберді. Дайын өнімнің ту-талақайын шығаратын делдалдар аш қасқырдай отынға кіріптар қарашаны қан қақсатуда. Қала шетіндегі көмір сататын орынға бара қалсаңыз, қайнаған  «қызыл базардың» қызығына қанығасыз.

— «Бас жарылса бөрік ішінде» демей ме? «Тас түскен жеріне ауыр». Бәрінен бұрын, үйінде пеші бар халыққа обал болып тұр. Мына жерде ойдан-қырдан жиналған қауым тапжылмастан көмір күтеді. Қымбаттығына қарамай жеткілікті болса, бір сәрі. Қарқаралы өңірінен келдім. Осы арада қаққан қазықтай «КамАЗ» көлігінің ішінде түнеп жатқаныма төрт күн болды. Абырой болғанда, қалада тұратын балам бар. Ол ас-ауқатымды әкеліп, киім-кешекпен қамтамасыз етіп тұр, – дейді жасы алпысқа таяған Дәулет есімді азамат.

— Жұрт көбіне Шұбаркөлдің майлы көмірін алып жатыр. Мен сапалы көмірдің тоннасын 11 500 теңгеге сатып алдым. Тасымалдаушылар ауылға жеткізіп беру үшін 20 мың теңге сұрады. Өзім Қарағандыдан небәрі  6 шақырым  қашықтықта тұрамын. Бұл жолы көмірдің бағасы мен тасымал құны  шарықтап тұр. Мәселен, Арқаның алты ай қысында қысылмай шығу үшін әр отбасына кемі 13 тонна көмір қажет. Ары қарай арифметикаға салып есептей беріңіз, – деді  Үштөбе ауылының тұрғыны Нұрлан Әбжанов.

Облыс орталығына аяғы жеткендер осылай қанталапайға түсіп жатқанда, қырдағы жұрттың жағдайын білмек болып  ауыл-аймақтағыларға қоңырау шалдық.

– Жылына 15 тонна көмір жағамыз. Енді қатты отынды барынша үнемдеп жағуға тура келеді.  Биыл көмір бағасы ерекше аспандап кетті. Делдалдар аудан орталығына көмірдің тоннасын  23 мың теңгеден сатты. Өзім осындай  бағаға алдым. Шалғай ауылдарға 24-25 мың теңгеге апарып тіреген. Былтыр тоннасын 18 мың теңгеге әкелген еді. Алыпсатарлар халыққа жанар-жағармай мен қосалқы бөлшек нарқының өсуін айтып ақталады, – дейді Қарқаралы ауданында тұратын Ақан ақсақал.

Көптің тұтынатын «Шұбаркөл» көмірі қаржыға кіріптар жандарға арман. Жоқ-жітікке қарайласатын қайырымды жандар ілуде біреу ел арасында. «Алтын жүрек» кәсіпкерлер  қағажу көріп отырған көпбалалы сегіз отбасының шаңырағына қажетті мөлшерде көмір түсіріп берді.  Жағымды жаңалықты әлеуметтік желіде «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының директоры Ләззат Қожахметова хабарлады. Айтпағымыз бұл емес. Қыстың көзі қырауда қара алтынға күні қараған қалың қарашаның жағдайын кім шешеді? «Жергілікті атқарушы билік өкілдері күрмеуі қиын мәселеден шығудың жолын қалай шешуде?» деген біздің сауалымыз басы ашық күйінде  қалды.

Облыстық әкімдіктегі өнеркәсіп (оның ішінде көмір өндірісі) жөніндегі бөлім қызметкерлеріне осы сұрақты жолдағанымызда біріне-бірі сілтеп, күн ұзақ «мақта қыздың» күйін кештірді. «Шұбаркөл көмір» АҚ-ның баспасөз қызметкері  бұдан әрі  журналистерге жедел комментарий берілмейтінін кесіп айтты. Ол өндіріс  президентінің атына ресми хат жазылған соң, үш тәулік аралығында жауап қайтарылатынын алға тартты.

 Ал Opennews.kz ақпарат агенттігінде кеше еліміздің индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі өңірлерде көмір жетіспеушілігі жоқ екенін айтты. Сала басшысы тапшылық қолдан жасалып отырғанын мәлімдеді. Солайы солай-ау… Алайда отын құнын өзінше өсіріп алған делдалдардың жолын кесуде батыл қимылдың жоқтығы елді қинауда.

Тегтер: көмір жылу әкім халық жергілікті әкімдік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16:19
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Бифат ЕЛТАЕВА 12:21
Ғибраты мол байқау
Сайт әкімшілігі 08:37
Павлодарда лак-бояу өнімдері қоймасында алапат өрт болды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 13:30
Қарағандыда тағы бір ферроқорытпа зауыты ашылды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 12:16
Жезқазған ақыны Қарағандыда өткен республикалық айтыста Бас жүлде иегері атанды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 09:00
49 миллион теңгенің алтынын әкеткен күдікті ұсталды

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30