Қарағанды қайта жандана ма?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

09.11.2021, 09:16

269

Өткен аптада өндірісті аймақты басқарғанына екі жылдан асқан Жеңіс Қасымбек бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен арнайы кездесті. Қашанда халық қамы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимейтін журналистер қауымы өңір жетекшісіне елдің әл-ауқаты, облыстың тыныс-тіршілігіне қатысты сан алуан сұрақтар қойып, білім мен даму деңгейін саралап сынақтан өткізді.

«Қарағанды кәмпиттері» фабрикасы келмеске кетті ме?

Жекешелендірудің қамытын киген Қарағандының кәмпиттері көзден бұлбұл ұшқалы 10 жылға жуықтады. Дәурені дүркіреген елу жылда алпауыт өнеркәсіп жаhанның жетпіс еліне 1 млн тонна тәттілерін жөнелткен. Ондағы жұмыскелер саны 50 мыңнан асып жығылған. Кеңес одағы аумағында өзі құралыптас өндірістер арасынан алғаш «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған да көмірлі аймақтың фабрикасы көрінеді. Алдына қара салмаған қауқарлы өндіріс нарық заманы келгенде неге қожырап қалды? Кәсіпорынның 90 пайыз акционерлік капиталын сатып алған Норманд аралдарында тіркелген «Uig Limited» офшорлық компания 2013 жылы кәсіпорынды борышқа батырып, қарасын батырды. Едәуір кідірістен соң, фабрика жергілікті инвестордың иелігіне өтті. Алайда отандық қожайын да өндірісті өрге тарта алмады. 2013 жылы кәсіпорын кәсіпкерлікті қолдау қорына кіргенімен нәтижелі қолдау таппады. Жеңіл өнеркәсіптің тағдыры не болғанын осыған дейін ешбір әкім жақ ашпай келді. Сан адамның санасында торлаған сұрақты осы жолы біз аймақ басшысына жолдадық.

– «Қарағанды кәмпиттерінің» болашақ жаңа қожайындарымен біз екі жыл қатарынан кездестік. Былтыр инвесторлар жеке проблемаларға килігіп, ойға алған ісін орындай алмаған еді. Бұл жолы кәсіпкерлер жаңа ұсыныспен келді. Тоқетерін айтқанда: инвесторлар фабриканың байырғы ғимаратына басқа жұмыс орнын ашатынын жеткізді. Осылай деген қожайындар Швейцариялық компаниялармен бірлесіп қаладан жаңа ғимарат сұрап отыр. Инвесторлардың өтінішіне байланысты қала әкімдігі қазір шаhардан жер аумағын іздестіріп жатыр, – деп Жеңіс Қасымбек маңызды мәселеге нүкте қойды.

«Қатты отыннан бас тарта алмаймыз»

Әлемнің дамыған елдері энергияны күн, жел, су және биологиялық тетіктер арқылы өндіруді белсенді игеруге білек сыбана кірісуде. Жасыл секторды ілгерілеткен мемлекеттер мұнайдан арылып, көмір мен ядролық энергияны қолданыстан шығаруға талпынуда. Мемлекет басшысы биыл Владивостокта өткен «Шығыс экономикалық» форумында Қазақстан 2030 жылға қарай электр энергиясының тапшылығына килігетінін ескертті. Олай болса, өндірісті аймақ жаңартылған энергия көзін қалай іске асыруда?

– Бүгінде өңірде 200 мегаваттан астам баламалы энергия өндірілуде. Одан бөлек қосымша бірнеше жоба іске асырылып жатыр. Нақтыласақ, Балқаш қаласындағы 100 мегават қуат әкелетін стансысы және Саран қаласындағы 100 мегават тоқ беретін құрылғы кеңейтілетін болады. Сондай-ақ Сәтбаев пен Жезқазған шаһарының тең ортасына орнатылған күн электр стансысы 50 мегават жарық әкелуде. Болжам бойынша, алдағы 2-3 жылда облыс игеретін баламалы энергия көзі – 300, ең көп дегенде 400 мегаваттан аспайды. Бұл облыстың тұтыну қажеттілігіне тым аздық етеді. Себебі, қазірдің өзінде аймақ кәсіпорындары 1 миллиардтан астам электрқуатын жаратып отыр, – деген аймақ басшысы кеншілер өлкесі әлі біраз жыл көмірге тәуелдіктен арылмайтынын бүкпесіз айтты.

Дегенмен мемлекетіміз қатты отынның мол қорына арқа сүйеуге әсте болмайды. Жасыл экономикаға көшуге бейқамдық танытсақ, халықаралық ұйымдар экологияға көмірқышқыл газын тартқанымыз үшін айыппұл салып, еңсемізді көтертпей тастайтын болады. Ол үшін мемлекет еліміздің «жасыл энергиясын» жандандыруға бел буған инвесторларға қолайлы жағдай туғызып, олардың бизнесін қорғап, қолдайтын заң бекітуі керек.

Күрделі көлік кептелісі қашан шешіледі?

Қарағандылықтардың жүйкесін жұқартқан көлік кептелісінің ең күрделі нүктесі – облыс орталығы мен оңтүстік-шығысты қосатын жол бойында орналасқан. Соңғысында: ірі азық-түлік супермареттері, базарлар, диагностикалық орталық, жоғары оқу орындары, спорт кешендері орын тепкен. Оңтүстік-шығыста тұратын халықтың 60-70 пайызы жаңа қалаға қатынап жұмыс істейді. Қоғамдық көліктердің басым бөлігі осы екі бағытпен жүреді. Кептелістің кесірінен жолаушылар күніне 1 сағатын осы арада жоғалтады. Халықтың талайдан бергі наразылығын шешуге қала басшылары мойын бұрмай келгені рас. Бұған дейін де біз қала басшыларынан осы мәселені сұрағанымызда маңдытарлық жауап алмадық. Орайы келген кездесуде облыс әкіміне осы сауалды қойдық.

– Бұқар жырау мен Гоголь көшесіндегі қалың кептелістен хабардармыз. Тіпті жаяу жүргіншілерге осы арадағы бағдаршам арқылы жолды қиып өту қауіпті. Биыл Тәттімбет көшесі мен Пришахтинскі шағынауданы арасын қосатын жолды күрделі жөндеуден өткізгеніміз аян. Қалыпқа келген тас жолды ашып жатырмыз. Бұдан былай қарай, Бұқар жырау мен Гоголь көшесіне сондай-ақ, облыспен шектесетін қалаларға баратын транзиттік көліктер сол аумақтағы жолдармен жүреді. Келесі жылы Оңтүстік-шығыс арқылы Гоголь және Терешкова көшесіне шығатын көпірлерді кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Қос көпірді қайта жасақтау жұмысына қажетті қаржы тетігін қарастыру үстіндеміз, – деп Жеңіс Махмұдұлы кесімді уәж айтты.

Халық әкімдерінің әр сөзін көкейінде түйіп жүреді. «Айтылған сөз – атылған оқ» деген көне мақал бүгінгі биліктегілерге бағышталған ба дерсің. Ал біз білген Жеңіс Қасымбек қарағандылықтар алдында көпірген сөздің емес, ілкімді істің адамы екенін аңғартып келеді.

Тегтер: әкім лауазым мансап тағайындау

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16:19
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Бифат ЕЛТАЕВА 12:21
Ғибраты мол байқау
Сайт әкімшілігі 08:37
Павлодарда лак-бояу өнімдері қоймасында алапат өрт болды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 13:30
Қарағандыда тағы бір ферроқорытпа зауыты ашылды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 12:16
Жезқазған ақыны Қарағандыда өткен республикалық айтыста Бас жүлде иегері атанды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 26.11.2021, 09:15
Қара алтынның үстінде отырған Қарағандыда көмір қымбат

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30